Accessibility links

“ҚазМұнайГаз” Батуми жобасынан бас тартты


“ҚазМұнайГаз” компаниясы Грузияның Батуми портында мұнай өңдеу зауытын салу жобасынан өткен жылы-ақ бас тартты, бірақ ұлттық компанияның ақпараттық саясат департаментінің бас менеджері Такачаков мәлімдегендей, Клайпеда портында мұнай терминалын салуға компанияның қатысы жоқ.

Қазақ кәсіпкерлері Балтық теңізінің жағалауындағы Клайпеда портында жаңа мұнай терминалын салуға инвестиция бөлуге дайын. Оның қуаты жылына 6 миллион тонна шикізат экспорттауға мүмкіндік береді.

Ресейдің РИА РБК агенттігінің хабарлауынша, Литва телекомпаниясына берген сұхбатында Литваның көлік қатынасы және коммуникациялар министрі Альгирдас Буткявичюс осылай деп мәлімдеген.

Литва үкіметі бұл жобаны қарап көруге уәде берген көрінеді.

Бірақ министрдің атап көрсетуінше, теңіз порттары туралы заңға түзетулер енгізу қажет. Өйткені, қазіргі заңға сәйкес, стратегиялық нысан болып табылатын мұнай терминалын жекеменшіктің қаражатына салуға болмайды.

Алайда, сарапшылар бұл жобаның жүзеге асырылуына және оның тиімділігіне күмән келтіреді. Ал министр Альгирдас Буткявичюстің атап көрсетуінше, “егер де теңіз порттары туралы заңға өзгеріс енгізілсе, онда келесі жылы инвестиция тартуды ойлауға да болады”.

Клайпеда портында жаңа мұнай терминалын салу жобасын Қазақстанның қандай кәсіпкерінің немесе компаниясының ұсынғаны хабарланбады. Ал сарапшылар ол жобаны "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы ұсынған болар деп болжап отыр.

Алайда, бұдан "ҚазМұнайГаз" компаниясының ақпараттық саясат департаменті тіпті бейхабар болып шықты...
Азаттық радиосына берген түсініктемесінде департаменттің бас менеджері Аржан Такачаков Клайпеда портына мұнай терминалын салуды "ҚазМұнайГаз"-дың ұсынбауы да әбден мүмкін деген жорамалын ғана айтып, тиісілі мәлімет алған соң, Азаттықтың сауалына толық жауап беретінін мәлімдеді.

"ҚазМұнайГаз" компаниясы, сонымен қатар, Грузияның Қара теңіз жағалауындағы Батуми портында мұнай өңдеу зауытын салу жобасынан да бас тартқан. Ең қызығы, ұлттық компания ол жобадан өткен жылы-ақ бас тартыпты.
Бірақ ол туралы неге дер кезінде хабарланбады? –деген сауалға "ҚазМұнайГаз"-дың ақпараттық саясат департаментінің бас менеджері: “Мен ұмытпасам, ондай хабарламалар болды ғой деймін!?” –деп жалтара жауап қайырды.

Оның түсіндіруінше, бірқатар техникалық жайт, атап айтқанда – зауыттың құрылысына бөлінген жер телімінің өзі мен Грузия жағы қойған бірқатар шартты салмақтай келе, "ҚазМұнайГаз" компаниясы зауыт салуды өзіне тиімсіз деп санап, жобадан біржола бас тартқан.

Азаттықта бұрын да жазылғандай, Түркияның Жейхан теңіз портында ірі мұнай өңдеу зауытын салу жобасы бойынша "ҚазМұнайГаз" бен Әзірбайжанның мемлекеттік SOCAR компаниясының арасындағы келіссөз әлі жалғасуда. Аржан Такачаковтың атап көрсетуінше, қазір екі жақ Жейхан мұнай өңдеу зауытының жобасы бойынша консорциумның құрамында кімдер, қандай әріптестер болуы тиіс деген мәселені пысықтау үстінде.

Аржан Такачаковтың айтқан жалғыз тың мәліметі, бірақ өте құнды мәліметі – Жейхан мұнай зауытын салу жобасында "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы емес, түріктердің Calik Enerji компаниясы басты рөл атқарады екен.

Бірақ Жейхан мұнай өңдеу зауытын салу жобасы кейінге ысырылды деген хабарды А.Такачаков үзілді-кесілді теріске шығарды.

Ал енді Клайпеда портындағы жаңа мұнай терминалын салу жобасына қайта оралсақ, сарапшылар ол жобаның іске асырылуынан Литва үкіметі пайда көреді деп есептейді. Ол жобаға инвестиция бөлуді Қазақстан литвалық Mazeikiu Nafta мұнай өңдеу зауытының 75% акциясын сатып алуымен байланыстыруы мүмкін.

Литва үкіметі ол зауытын "ҚазМұнайГаз"-ға әлдеқашан-ақ сатқан болар еді. Бірақ не "ҚазМұнайГаз" компаниясы, не Қазақстан үкіметінің өзі Mazeikiu Nafta зауытын шикі мұнаймен толық қамтамасыз етіп тұра алмайды деп санайды.

Міне сондықтан да "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Клайпеда портындағы жаңа терминал салу жобасын да тиімсіз деп табуы әбден мүмкін, ал терминал салуды Қазақстанның жекеменшік мұнай компаниялары да жоспарлауы ықтимал.
XS
SM
MD
LG