Accessibility links

Қазақстан мен ЕуроОдақ ресмилерінің кездесуі


Қазақстанның сауда және индустрия министрі Владимир Школьник (оң жақта) Брюсселдегі кездесуде
Қазақстанның сауда және индустрия министрі Владимир Школьник (оң жақта) Брюсселдегі кездесуде

Еуропа Одағы мен Қазақстан ресмилері сейсенбі күні Брюсселде кездесіп, энергетикалық ынтымақтастық пен Ресей-Грузия жанжалын және екі жақтың мүддесіне жататын тағы басқа мәселелерді талқылады.

Брюсселде өткен ЕуроОдақ пен Қазақстан арасындағы жылдық кездесуде ешқандай алғабасушылық болмады, десе де Еуропа Одағының бұл Орталық Азия еліндегі мұнай мен газ көздеріне деген мүддесі айтарлықтай байқалып тұрды.

Кездесуден кейін Францияның Еуропа істері бойынша мемлекеттік хатшысы Жан Пьер Жуйе Қазақстан мен ЕуроОдақ қарым-қатынастарының маңыздылығын атап көрсетті.

“Бұл анық және біз таңертең осылай деп айттық. Энергия тасымалының түрлендірілуі, Қазақстанмен арадағы энергетикалық ынтымақтастық, инфрақұрылымды дамытуға қатысты Қазақстанның талпыныстары, сондай-ақ, Каспий аймағы мен еуропалық жолдарға қатысты мәселелердің бәрі Еуропа Одағы үшін өте маңызды элементтер болып табылады”, - дейді Жуйе.

Қазақстан ресмилері ЕуроОдақпен энергетикалық ынтымақтастыққа мүдделі екендерін айтып, бірақ жаңа газ тасымалдау жолдарына қатысты жобалардың әлі де жоспар ретінде қалып отырғандығын атап көрсетті. Қазақстан Ресей мен Еуропа Одағының арасында сыпайы түрде тепе-теңдікті ұстауға тырысуда. Мәскеу Қазақстан газының бәрін сатып алу жөнінде ұсыныс жасады. Ал ЕуроОдақ Қазақстанның энергия көздеріне Ресейді айналып өтіп, тікелей қол жеткізгісі келеді.

Қазақстан ресмилері ЕуроОдақтың Набукко жобасына тікелей қолдау көрсете алмады. Түркиядан Австрияға дейін салынады деп жоспарланып отырған бұл құбыр арқылы Каспий аймағынан тікелей газ тасымалдануы мүмкін. Қазақстан өкілдері сондай-ақ каспийлік газ құбыры жобасына байланысты өз жоспарлары туралы ешнәрсе айтпады.

Соңғы жылдары Қазақстан - маңызды транзит мемлекеті деп есептелетін Грузиядағы ең ірі ивесторлардың біріне айналды.

Қазақстанның сауда және индустрия министрі Владимир Школьник Астана қазіргі серіктес елдерінің барлығымен ынтымақтастығын одан әрі жалғастыруға әрекет етуде деп мәлімдеді. Бірақ Грузия-Ресей қақтығысынан кейін Қазақстанның Грузияның энергия саласындағы миллиардтаған доллар болатын инвестицияларына қауіп төніп тұр деді ол.

“Біз бұл қауіп-қатерлер көп болмайды және шиеленіс Медведев-Саркози жоспары бойынша реттеледі деп үміттенеміз. Біз Грузияға қатысты экономикалық жоспарларымыз өзгермейді деп үміттеніп отырмыз. Бірақ кез келген инвестиция – үлкен ақша, сондықтан біз барлық қауіп-қатерді есепке алатын боламыз”, - дейді Школьник.

Сонымен қатар Қазақстан ресмилері территориялық біртұтастық принципін қолдайтындарын айтты, бірақ олар Қазақстан Грузияға қатысты қандай ұстанымда деген тікелей сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

Айта кету керек, Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететін болады.
Осы бағыттағы дайындықтар үшін Қазақстанның адам құқықтары мен демократиялық реформаларын жетілдіре түсуі маңызды болмақ дейді Жуйе.
XS
SM
MD
LG