Accessibility links

Оппозиция: Гаага сотына Рахатқа байланысты шағым түсіреміз

  • Нәйла СҰЛТАН

Қоғам қайраткерлерінің бір тобы мен жоғалып кеткен банкирлердің туыстары Рахат Әлиевті жазалау мәселесін қайта көтерді.


Қыркүйектің 16-сы күні оппозицияға жақын бір топ қоғам белсенділері мен жекелеген тұлғалардың жариялаған мәлімдемесінде президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев қатысты биліктік бағыт айқын байқалды. Рахат Әлиевтің атына кезекті айыптаулар айтылған баспасөз-мәслихаты Алматыдағы Ұлттық баспасөз - клубында болып өтті.

Оппозициялық "Азат" партиясының төрағасы Болат Әбілев, "Жас алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы, "Свобода слово" газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева, жоғалып кеткен алматылық банкир Жолдас Темірәлиевтің әйелі Армангүл Қапашева қазір Рахат Әлиев тұрып жатқан Австрия билігі оған қатысты тергеу-тексеру амалдарын жүргізбей, Рахатқа тым берілгендік танытып отыр деп есептейді.


Мәлімдеме жасаушылар қазақстандық құзырлы мекемелердің Австрияның заң орындарымен тығыз байланыс орнатып, оны шешуді тез арада қолға алуын сұрап отыр. Олардың талаптарында "Австриядағы тиісті органдар аталған қылмыстық іспен танысу үшін ресми Астана қажетті құжаттарды түгел әзірлесін, екіншіден - қылмыстық іс бойынша куәларды, қамауда отырғандарды Венаға жеткізуді қарастырсын, үшіншіден - ҚР аумағында қылмыстық іске қажетті процестердің жүргізілуі толық қамтамсыз етілсін" деп атап көрсетілген.

Өткен жылдың басынан бері хабарсыз кеткен «Нұрбанк» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтер әлі табылған жоқ.. Қазақстанның сот орындары Жолдас пен Айбарды соңғы рет 2007 жылдың 9-шы ақпанында Әлнұр Мұсаев, Вадим Кошляк пен Рахат Әлиев көлікке салып, алып кеткен деген ұйғарым жасап қойған.

Астана мен Алматыда болған соттар бұл аталған адамдарға сырттай үкім шығарып, оларды ұзақ жылдарға бас бостандықтарынан айырып қойған.


Алматыдағы Алмалы аудандық сотында өткен жылдың қараша айында басталған атышулы «Нұрбанк ісі» бойынша сот үкімі 15 қаңтарда шыққан еді. Аталған қылмыстық іс бойынша 24 айыпталушының аты аталса, Қазақстан аумағынан тыс жерде жүрген олардың бесеуі – басты айыпталушы Рахат Әлиев, оның «оң қолы» Вадим Кошляк, Әлнұр Мұсаев, Төлеген Имашев және Виктор Сапожников еді. Алайда олардың сырттай сотталғанымен, әлі бостандықта жүргендігін Жолдас Темірәлиевтің жұбайы Армангүл Қапашева бұған Қазақстан Үкіметінің араласпағандығымен түсіндіріп отыр:

-Жоғалған екеуін іздестіруге олардың жақындары ғана емес, осы қылмысты жасаған адамдардың да туыстары араласуы керек. Әлнұр Мұсаев, Вадим Кошляк, Рахат Әлиевтің де туыстары осы елде өмір сүріп, бала сүйіп, тіршілік еткісі келсе, олар да бізбен бірге іздестіруге атсалыссын. Түптің түбінде сол адамдардың жасаған қылмысына оның туыстары жауапты болады. Сондықтан олар қоғам алдында тазалансын, - деді Армангүл Қапашева.


Рахат Әлиев бастаған сырттай сотталғандардың өздері бұл айыптарды қолдан жасалған, олардың саяси астары бар деп есептейді.

Рахат Әлиевтің "шарықтау" мен "құлдырау" кезеңдері жайында Азаттық радиосы талай мәрте хабар да берген болатын.

Рахат Әлиевтің елші болған Австриядан Қазақстанға қайтпай қалғаны белгілі. Қазіргі уақытта Рахат Әлиев өзін адам құқықтары мен демократия жолындағы күрескер ретінде көрсеткісі келеді:


- Ең маңыздысы бұл жерде адамның өмірі, адамның тағдыры. Жолдас пен Айбар қайда? Қандай күйде? Қазір олардың жақындары да білмейді. Олардың балаларының «папамыз қайда?», «қашан келеді?» деген сұрағына кім жауап береді? Мемлекет басшысы осыған жауап бере ала ма? Австрия елінің басшылығы осыны адамгершілік тұрғысынан ойлай ма? Адамның игілігі үшін, адам үшін дейтін саясатты ұстанған өркениетті елде қалмыскерлердің қорғаушысы болу, оларды жазаға тартпау немесе қылмыскерлердің қылмысын дәлелдеуге көмектеспеу ол - ешқандай да өркениеттілікке жатпайды, - деді «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы.


Осы баспасөз-мәслихатында сөйлеген «Азат» демократиялық партиясының төрағасы Болат Әбілев Австрия билігі Рахат Әлиевті қайтарған жағдайда «Адам құқықтары сақталмай, іс әділетсіз қаралуы мүмкін» деген желеумен оны Қазақстанға бермей отырғандығын, алайда Вена үкіметінен Рахат Әлиевке қатысты сот процесін сол елдің заңы бойынша жүргізу туралы шешім қабылдауын сұрау керектігін айтты:

- Егер Австрия соты Рахат Әлиевке қатысты сот ісін қараудан бас тартса, онда біз Гаага сотына шағымданамыз. Онда әскери шенді қылмыскерлерді соттайды. Бұл қылмысқа Рахат Әлиевтің тікелей қатысы бар. Оның мойнында журналист Анастасия Новикованың да өліміне қатысты қылмыс бар.Сондықтан біз әділеттілікке қол жеткізуге тырысамыз, -деді оппозиция жетекшісі, Рахаттың байырғы сыншыларының бірі Болат Әбілев.


Ал «Свобода Слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева баспасөз – мәслихатында халықаралық ұйымдарды бұл істен бейтарап қалмауға, осы қылмысқа қатысы бар адамдардың барлығын заң алдында жауапқа тартуға қолдау көрсетуге шақырды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG