Accessibility links

Иран ресмилері киім үлгілерін де қадағалайды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Сән үлгілерін көрсету, Теһран, 18 қыркүйек, 2008

Сән үлгілерін көрсету, Теһран, 18 қыркүйек, 2008

Иранның Мәдениет және Ислам ережелері министрлігі сән үлгілерін көрсету мен әйелдер киімі үлгілеріне қатысты жаңа заң жариялады.

Сән үлгілерін көрсету барысында келушілердің назарын өздеріне өте қатты аудармау, баттастырып боянбау сәнді көрсетушілерге айрықша тапсырылған болатын.

Бұл жөнінде Иран Ислам республикасының Мәдениет және Ислам ережелері министрлігі түзген заңда айтылған. Киім үлгілерімен таныстырушылар келушілерге дене мүшелерін, шаштарын көрсетпеулері және былқылдап жүрмеулері тиіс. “Бұл - Ислам және Иран мәдениетіне жат көрініс”, - делінген аталған құжатта.

Сондай-ақ, сән үлгілерін көрсету үдерісі кезінде қолданылатын музыка да Ислам мен Иран мәдениетіне сәйкес болуы керек. Қазіргі Иранның Мәдениет министрі Хусейн Сафар Харандидің шетелдік әуендерге деген көзқарасы өте нашар. Министр қызметіне келісімен Харанди мырза Иран мәдениетіне қайшы келетін шетелдік рок музыкаларға тыйым салуға уәде берген еді.

Сондай-ақ, ел алдына, подиум-сахнаға шығып, киім үлгілерін көрсетуге де тиым салынған. Бұл әрекет те шетелдік мәдениетке еліктеу болар еді, деді министрлік.

Сән үлгілерін жансыз түрде іліп қоймай, оларды моделдер, яғни сән үлгілерімен таныстыратын адамдардың киіп шығып, көпшілікке көрсетуіне осыдан екі жыл бұрын ғана рұқсат етілген еді.

Кейбір сән үйлері қызметкерлерінің айтуынша, жаңа ережелер мен тыйымдар олардың қызметіне кедергілер келтіріп отыр.

Теһранда сән үлгілерін жасаумен айналысатын Шахупа Фурузонның Азаттық радиосы Фарда қызметіне айтуынша: “Бұл - кәсіпқой әрекет емес. Жаңа заңның талап етуінше, барлық киім үлгілерінің жобалары, оларды көрермендерге көрсетерден 6 ай бұрын, ресмилердің мақұлдауына ие болуы тиіс. Дизайнер ретінде мен мақұлдауды 6 ай күте алмаймын. Жаңа үлгілерімді әзірлеп, маусым келісімен оларды тұтынушыларға ұсынуым керек. Осы жаңа заңдардың кесірінен мен жаңа үлгілерді насихаттау ісін Дубайда жүргізгенді жөн көріп отырмын. Себебі, мұндай бас аурулардың маған қажеті жоқ”, - деді Фурузон ханым.

Оқушы қыздар Ислам киім үлгілерін қолдау шеруінде
Иран әйелдері бастарын бүркеп, кең көйлек киіп жүруі тиіс. Мораль полициясы және әйел-офицерлер үлкен көшелер мен дүкендерде күзетке тұрып, киім кию ережелерін бұзғандарды ұстаумен айналысады.

Білектерін көрсетіп жүргендері үшін қыз-келіншектер түрмеге жабылатын бұл елде кейбір әйелдер тар шалбар, қысқа жейделер киюге тырысады. Ондай жағдайда оларға айыппұл салынып, тіпті бірнеше аптаға олар түрмеге де жатып шығады.

Сондай-ақ Еуропа үлгісімен киініп, қасын терген еркектер де жазаға ұшырап жатады. Адамдардың реніштеріне қарамастан ел ресмилері бұл бағыттарын одан әрі жалғастыра беретін сыңайлы.

Сонымен, Иран басшылары елдегі сән үлгілеріне айрықша мән беріп отыр. Жоғары лауазымды қызметкерлер мен парламент депутаттары бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында Иран жастарының Батыс журналдары мен сателлит арналардан көрген сән үлгілерімен киінгендерін қаламайтындарын айтқан болатын.

Ол ресмилердің кейбірінің айтуынша, батыстық сән үлгілері деген - шетелдік басқыншылықтың бір түрі. Сондықтан ирандықтар батыстық мұндай шабуылдарға қарсы тұруы тиіс дейді олар.

Осы себепті ресмилер сән үйлерінің Ислам, Иран мәдениетіне сай киім үлгілерін насихаттауын талап етіп отыр.
XS
SM
MD
LG