Accessibility links

Есілдің сол жағалауында аппақ қарға оранған тау бөктерлері – мұндай керемет көрініс таяу арада шындыққа айналатын түрі бар.

Қазақстан астанасында көрсең көзің тоймайтын, таң қаларлық спорт кешені тұрғызылатын болып жоспарлануда. Астананың атағын шығаратын кезекті амбициялық жоба жайында немістің Freie Presse сайты жария етті. Мақала ауторы Mount Astana деп аталатын тау шаңғысына арналған болашақ кешенді «иен даладағы шаңғы жаннаты» деп сипаттайды.

Бұл жоба – немістің Обервизенталь қаласының бұрынғы бургомистрі Лютц Генрих пен австриялық Austrian Tourism Consultants (ATC) фирмасының бірлесе әзірлеген жобасы. «Иен даланың қақ ортасында, биіктік жерлері бес метрден де аспайтын жазық жерде» жасанды тау көтерілмек. Ал, «бұл қалаға жақын тау жотасы 250 шақырым жерде орналасқан».

Mount Astana жобасына ресми Берлин ең жоғары деңгейде қолдау көрсетіп отыр. Кешен құрылысын жүзеге асыру жоспары Германия президенті Хорст Келердің таяуда өткен Қазақстанға сапары барысында талқыланды.

Freie Presse сайтының мәліметінше, бұл жобада әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды қолданылып көрмеген бірнеше бірегей ерекшелік те бар көрінеді. Жобаның діңгегі – биіктігі 50 метр болатын жасанды тау. Ал таудың баурайында тау шаңғысына арналған екі трасса салынбақ. Біріншісінің ара қашықтығы 450 метр, көлбеу тіктігі 15 пайыз шамасында, екіншісінің ұзындығы – 200 метрді құраса, көлбеу тіктігі 25%.

«Қазір әлем бойынша жасанды қарға негізделіп жасалған жабық түрдегі 68 шаңғы трассасы бар. Олардың барлығына тән бір проблема бар: тәжірибелі шаңғышылар трассаны тым жазық деп бағаласа, жаңадан бастағандары үшін өр тым биік», - деп есептейді жоба авторларының бірі Лютц Генрих. Ал, екі бірдей трассаның болуы кәсіби шаңғышылардың да, әуесқойлар мен шаңғыға енді тұрғандардың да көңілінен шығуы тиіс.

Спорт кешенінің ішінде шаңғы және биатлон сайыстарына арналған жерасты трассалары да салынбақ, мұндай әдіс әлем елдерінің ешқайсысында жоқ көрінеді. Бұл жобаға биатлон және шаңғы спортының халықаралық федерациялары да қолдау көрсетіп отыр. Трассалар аталған спорт түрлеріндегі стандарттарды түгел қамтымақ екен, яғни кешен ішінде әлем кубогі мен чемпионаты деңгейіндегі жарыстарды да өткізуге болады деген сөз. Сонымен қатар, кешеннің шатырында биіктігі 90 және 125 метрлік шаңғы трамплиндерін көтеру де жоспарланып отыр. Мұндай трасса да дүниежүзінде бұрын-соңды болмаған.

Mount Astana кешені спорттың тек қысқы түрін ғана емес, жазғысын да ескеретін болады. Мұнда жалпылай алғанда спорттың 50 шақты түріне арналған спорт алаңдары салынады деп пайымдалған. Сол сияқты, бұл кешен аясында қонақ үйі, көп қабатты аутокөлік бекеті, мейрамханалар, спорт академиясы, аквапарк және өзге де нысандар салынады деп жоспарланған. Тауға өрмелеу, гольф және жағажай волейболы сынды ойындар да ұмыт қалмайтын көрінеді.

Жасанды тау тұрғызу барысында бес миллион текше метрдей тереңдіктегі топырақты қопаруға тура келеді дейді жоба авторлары. Сондықтан да, мұндай қопарыстың салдарынан пайда болатын терең шұңқырға су толтырып, жасанды көлді су спорты түрлеріне қатысты сайыстар өткізуге пайдалану көзделген.
Кешен құрылысы, шамамен, 1-1,5 миилиард еуроны қажет етеді. Бұл сома жергілікті инвестордың қалтасынан шығуы тиіс, бірақ, неміс сайты оның аты-жөнін атамапты. Ал, Қазақстанмен жақсы таныс Лютц Генрих, шикізатқа бай әрі олимпиадалық амбициясы мол Қазақстан үшін мұндай қаражат түк емес деген сенімде. Ол қажет инвестицияның бірден табылатынына еш күмән келтірмейді.
«2011 жылы Қазақстанда өтетін қысқы Азия ойындары мұндағы спорт идеялары мен салауатты өмір салтын нығайта түсері сөзсіз. Бұл ел 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өз астанасында өткізуге өтініш жасағысы келеді», - дейді Лютц Генрих.

Бұл пікірді австриялық АТС фирмасының басшысы Вальтер Сенри де қоштап отыр. «Бүгінгідей ықпалды президенті бар, мұндай бай ел үшін біздің жобамыз – аяқсыз қалатын бос әңгіме емес», - деген сенімде австриялық бизнесмен. Оның бағалауынша, амбицияға толы жобаларды орындауда Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерін де басып озатын түрі бар.



XS
SM
MD
LG