Accessibility links

Астананы аспан көгінен тамашалап көріңіз...


Президент сарайы, Астана, 2008 жыл
Президент сарайы, Астана, 2008 жыл

Британдық Financial Times басылымы Астананы «өркөкірек те ожарлау көрінетін құрылыс жобаларының бірі» деп сипаттайды.

Осыдан біраз бұрын ғана шетелдік журналистер өз мақалаларында Астананың сықырлаған қысқы қатты аязы мен жазғы аптап ыстығы және ұшы-қиыры жоқ иен даласы мен сансыз құрылысы жайында жазып келді. Енді шетелдіктердің біразына Қазақстан астанасындағы демалыс орындарының деңгейі ұнамай қалыпты. Өткен айда Австрияның белді басылымының бірі die Presse газеті Астанада бос уақытты өткізуге арналған көңіл көтеру орындары жетіспейді деген мәселе көтерді.

«Мұнда келген жұрт не істерін білмей, көңілі қалады», - дейді австриялық бизнесмен Вальтер Серни. Оның пікірінше, бұл арада ең алдымен шетелдік туристердің көңілін көтеру мәселесінен бұрын, жергілікті тұрғындардың ермегін ойлаған дұрыс. Қалай дегенмен, шетелдіктерге арналған ойын-сауық түрі келешекте шешілетін мәселе.

«Астанаға ғибадатханалар қажет, - деген сенімде Серни. – Ғибадатхана болғанда кеңселік мұнара, мешіт-шіркеулер емес, демалыс орындарына арналған ғибадатханалар».
Десек те, бұл сынның артында шетелдік кәсіпкердің өзіндік пайдакүнемдік пиғылы да жоқ емес. Серни басқарып отырған фирма Қазақстан астанасының төңірегінде Mount Astana атты алып спорт кешенін салуды ұсынып отыр. Әлбетте, мұндай ұсыныс аясында Астана жұрты зерігіп жүр деп мәселе көтерудің артында австриялық кәсіпкердің өз білгені бар.

Бұл тұрғыда британдық Financial Times газеті өзге пікір айтады. Іскерлік басылым өз оқырмандарын мұнай байлығының жемісін көріп отырған қалалардың бірі – Астанаға саяхатқа шақырады.

Мақала авторы Изабель Горст әдеттегідей 40 градустық аяз бен ыстық жайын да айналып өтпеген. Дегенмен, оның пікірінше, бүгінгі Астана саяхатқа шығам дегендер үшін таптырмас қызық орын. Астананы, тіпті Каракас не Эдинбург сынды қалалармен бір қатарға қоюға болады, қалай дегенмен бұл екеуі де өз өңін мұнай дақпыртының арқасында өзгерте алды емес пе.

Мақала басында италиян сәулетшісі Манфред Николеттидің Астанадан алған әсері келтірілген, ол Астана айналасындағы жазиралы иен даланың үстінен алғаш ұшқан сапарында Қазақстанның жаңа астанасына «түрлі-түсті өң жетпей жатыр» деген байламға келеді. Сөйтіп, жас қалаға арнап концерттік зал жобасын әзірлеп береді. Бүгінгі күні бұл зал алыстағы Орталық Азия даласында «музыка әуенінен оянып, биікке бой созған жасыл желектей» көлбең тартады.

Изабель Горст Астанаға алғаш рет ұшқалы отырғандарға иллюминатор алдында орналасуға кеңес береді, сонда аспан заңғарынан «бұрын-соңды қолға алынып көрмеген өркөкөрек те ожарлау көрінетін құрылыс жобаларының бірін» тамашалай аласыздар дейді.

Қазақстан астанасына Лондон, Ганновер, Франкфурт, Стамбул, Бейжің, Сеул және Дели қалаларынан Air Astana ұшақтарымен тікелей жетуге болады. Сол сияқты, Германиядан Lufthansа арқылы да ұшуға болады. Ал, өзге авиакомпания клиенттеріне Еуропа, Ресей не Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматы арқылы ұшуға тура келеді. Әуежайдан қалаға жету үшін такси алған қонақтар жолақының қымбаттығына және жолдың ұзақтығына дайын болғаны жөн. Ал, қала ішінде такси ұстаудың қиямет - қайымы көп, сондықтан да жекеменшік көлік иелерінің қызметіне жүгінген дұрыс.
Астана қонақтары үшін тағы бір күрделі мәселе – қонақ үй бағасы асқақтап тұр. Қала ішінде қонақ үй көп салынғанымен, мұнда жиі өтетін әртүрлі конференция барысында оларға орналасудың реті келмей қалады. Ал, жергілікті қонақ үйлердің ұтымды тұсы – мұнда ғаламторға (интернетке) еркін шыға аласың, ТМД аясында бұл сирек кездесетін жағдай.
Астанадағы Бәйтерек кешені


Астана қонақтары міндетті түрде Есілдің сол жағалауындағы көзге түсер орындарды аралайды. Мәселен, мақалада Бәйтерек жайында сөз етілген: «алтыннан жасалған жер шарын көтеріп тұрған 105 метрлік биік мұнара – қазақ өркениетінен хабар береді» [шындығында мұнара биіктігі 97 метр – Е.С.]. Мақала ауторы, сондай-ақ құрылыс нысандары жайында да біраз сыр шертеді, оның ішінде британдық сәулеткер Норман Фостердің жобасымен салынған Хан Шатыр кешені де бар.
«Алайда, мәртебесі төмендеу дейтін бірнеше жоба әзірше тоқтап тұр, өйткені қазақ банктері де ғаламдық қаржы дағдарысы құрсауында қалып отыр», - деп жазады Изабель Горст.

Ал, тамақ индустриясы мәселесіне келсек, «Астана тамақ талғағыш туристер үшін – жер жаннаты деп айта алмаймыз, бірақ мұнда үнемі жаңа мейрамханалар ашылып жатады». Қалада, әсіресе ұлттық тамақ түрі кеңінен ұсынылған.

Астанаға келушілердің біразы, мұнда ішіміз пысты деп назданғанымен, Financial Times басылымының тілшісі «біраз жағдайда бұл әділеттілікке жатпайды» деген пікір білдіреді. Әлбетте, Орталық Қазақстанның өкпек желге оранған континенталды климаты көңіл көтеруге бірден ықпал ете қоймас, дегенмен экстримді қалағандар үшін Еуропада жоқ кереметтің бәрі осында: қыста алты айға қатып қалған өзендегі мұз астынан балық аулау, не болмаса жаз айларында қала сыртыдағы ормандардан саңырауқұлақ жинау дегендей. Таза ауадағы демалыс түрінің баламалы жолы деп гольф ойынын айтуға болады. «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев – гольфке табынушы», - деп түсіндіреді Изабель Горст.

Сонымен қатар, қала ішінде өзге де көңіл көтеру орындары кең тараған: акуласы жүзіп жүрген океанариум, жаңа спорт клубы, заманға сай сауда орталықтары, мұнда интернет-кафе жетіп артылады, кинотетрлар мен кафе сынды мейрамханалар, фаст-фуд. Астананың көзге түсер орындарының ішінде Қазақстанның бірінші президентінің мұражайы мен Норман Форсттың тағы бір жұмысы – Бейбітшілік және ынтымақтастық Пирамидасы жайында да сөз етіліпті.


XS
SM
MD
LG