Accessibility links

Қазақстан экономикасындағы келеңсіздіктер шетел инвесторларын үркіте алмайды

  • Есен СМАҒҰЛОВ

Батыс сарапшыларының бағалауынша, ғаламдық дағдарыс салдарынан зардап шеккен Қазақстан алда бұдан да үлкен қиыншылықтарға кезігуі мүмкін. Себебі қаржы тұрақсыздығы экономиканы әрі қарай қыса түсті.

2007 жылдың орта шеніне дейінгі кезеңде инвесторларды тәнті еткен байлы өлке Қазақстан - экономикалық өсімінің болжамын төмендетті. Әлемдік нарықтардағы кредит қорларына қол жеткізу мүмкіндігінің шектелуі, кезінде асқақтап тұрған өсім көрсеткіштеріне аямай соққы бергені анық. Оның сыртында, бұған дейін марапат-қошеметпен дәріптеліп келген елдің банк секторына деген сенім де біртіндеп ыдырай бастады. Ал, өткен аптадағы АҚШ, Еуропа, Азия, Ресей нарықтарында орын алған баға белгілерінің толқуы салдарында кейбір сарапшылар бұл - жаһандық экономиканың толық күйреуі деген сарында болжам жасап та жіберді. Дегенмен, апта соңында жетекші нарықтардардағы жағдай біртіндеп қалыпқа келе бастады, әйтсе де нарықтың толық түзелуі жайында сөз қозғауға әлі ертерек.

Бұл тұрғыда Қазақстан экономикасы біршама алғырлық танытқанын айта кету керек, соның нәтижесінде өзге дамушы нарықтармен салыстырғанда мұнда жаһандық қаржы дағдарысына біршама қарсылық таныта алды. Алайда, Қазақстандағы батыс банктерінің өкілдері, алда әлі де қиын жағдайлар күтіп тұр деген болжам айтады. Батыс сарапшыларының пікірінше, Қазақстан экономикасының нақты секторындағы жағдай әлі де біраз уақыт қиындай түспек. Мамандар жасаған болжам бағаларды таяуда Reuters агенттігі жария етті.

Қазақстан үкіметі, алдағы жылы жалпы ішкі өнім өсімі 5,3 пайызға дейін бәсеңдейді деп пайымдап отыр, айтқандай-ақ, соңғы бірнеше жыл бойы әлем нарықтарындағы шикізат бағасындағы қымбаттау нәтижесінде ел экономикасының көрсеткіш қарқыны 10 пайызды құрап келген-ді.

Royal Bank of Scotland банкінің Қазақстан бойынша менеджері Руди Гирдинктің айтуынша, шығынның өсуі және төлем қабілетінің әлсіреуі Қазақстандағы шетел инвестициясын да қапы қалдыруы мүмкін. «...Қазақстан сынды елге жұмсалған инвестиция қымбаттай түспек, сондықтан-да мұнда инвестиция құйған қаншалықты пайдалы, мақсатқа сай ма, осы тұрғыдан мұқият зерттеу жасауға тура келеді», - дейді Руди Гирдинк.

Кредит дағдарысы заемшылардың қарыз қайтару мүмкіндігін қиындата түскенін ескерген сарапшылар, банк активтерінің сапасы да әжептәуір алаңдатып отыр дегенді айтады. Ал, ел үкіметі сенімді қалыпқа келтіру стратегиясын әзірлеп жатқанын мәлім етті. Бұл тұрғыда дистрессті актив қорын құру мәселесі де талқылануда, яғни үкімет банктерден 1 миллиард долларға дейінгі көлемде мерзімі өткен кредиттерді сатып ала алады деген сөз. Айтқандай-ақ, кешегі қаржы сілкіністері отандық банктерді мейлінше тиімді корпоративті менеджмент стратегиясына көшуге итермелеп отыр.

Қазақстан экспортындағы мұнайдың үлесі 60 пайызды құрайды. Әлемдік нарықтардағы мұнайға деген жоғары баға – сыртқы қарыздарға байланған Қазақстан экономикасын қаржы тұрақсыздығы ықпалынан барынша сақтап қалды деуге болады.

«Бұл нені меңзейді? Егер жаһандық экономиканың жағдайы әрі қарай әлсірей түссе, біздің де жағдайымыз әлсірей береді деген сөз, - дейді UniCredit халықаралық қаржы тобына кіретін АТФ Банк басшысы Александр Пикер. – Бірақ, қазіргі таңда жаһандық экономикамен салыстырғанда, біздің жағдайымыз көшілгері, өйткені біздің іргетасымыз мықты. Бізде мұнай, газ бар … меніңше, біз бүгінгі деңгейімізді сақтап қала аламыз және де әрі қарай дами түсеміз».

Негізінен, Қазақстан нарығындағы батыс банктерінің үлесі аса көп емес, мұндағы қаржы нарығына - акциялары Лондон қор биржасында сатылып жүрген «Қазкоммерцбанк» пен Халықтық банк бақылау жасайды.

Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, отандық банктерді қолма - қол ақшаға таластырып қойған кредит күйзелісі Қазақстанда шетел банктеріне бизнес ашуға да мол мүмкіндік бермек.

Әлем қаржыгерлеріне оңай соқпаған өткен аптаның соңында Reuters агенттігі әлемдік деңгейдегі ірі банктердің бірі – HSBC өзінің Қазақстандағы құзырын кеңейте түспек деген мәлімет жарият етті.

Қазақстандағы HSBC өкілдігінің басшысы Симен Мунтердің айтуынша, Орталық Азиядағы экономикалық тұрғыдан ең ірі саналатын бұл елдегі мұндай мүмкіндікті банк мейлінше қажетіне пайдаланып, өз тұғырын бекіте түспек, оның сыртында Қазақстан бұл аймақтағы мұнай өндіруші держава болып табылады. Әлбетте, Мунтер мырза бәсекелестік пен тәуекелдік деңгейін де жоққа шығармайды, бірақ ол, бұл тәуекелдің ақтауы болады деген сенімде.

«HSBC - өте консервативті ұйым, мұны мойындауыңыз керек. Мүмкін біз өте талғампаз болармыз..., сондықтан да мұнда (Қазақстанда) даму перспективасын көріп отырмыз. Біздің жақсы тәуекелге деген тәбетіміз ашыла түсті», - деп түсіндіреді Симен Мунтер.

Оның айтуынша, Азияның дамушы нарықтарында бекіп қалуды мақсат тұткан HSBC шілде айында Қазақстанда бірінші филиалын ашқан-тын, енді биыл тағы да екі филиал ашылады деп жоспарланған. «Алдағы жылдың соңында біздің мұнда 10 шақты бөлімшеміз болады деп ойлаймын. Біз Қазақстандағы орта көлемді банкке айналсақ деп талпынып отырмыз», - дейді банкир.

Айтқандай-ақ, соңғы бір жарым жылдың ішінде шетел банктерінің Қазақстан нарығын "жаулау" қимылдары белсенді бола түсті. Еуропалық, араб және корей инвесторлары бірнеше қаржы институттарының акциялар пакетіне қол жеткізе алды, оның ішінде «Қазкоммерцбанк», АТФ Банк және «Центркредитбанк» бар. Әлемдік қаржы және қор нарықтарындағы дағдарыс шетел инвесторларының тәуекелдігін ұлғайта түскенімен, болашағы бар нарыққа орнығу мүмкіндігін де барынша арзандатып берді.



Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG