Accessibility links

Жемқорлық Орта Азия үшін үлкен проблема


Халықаралық Transparency International ұйымының веб-сайты. 23 қыркүйек, 2008 жыл.
Халықаралық Transparency International ұйымының веб-сайты. 23 қыркүйек, 2008 жыл.

Дүние жүзіндегі сыбайласқан жемқорлықты бақылайтын халықаралық Transparency International ұйымы сейсенбі күні 2008 жылға арналған жаңа есебін жариялады. Онда жекелеген мемлекеттердегі ресми қызметкерлердің жұмыс бабын асыра пайдаланып пара алу, ақшалай немесе құнды зат түрінде сыйлық талап ету, тіпті болмаса қоғамдық қордың немесе мемлекеттік бюджеттің қаржысын жымқыру құбылыстары сөз болады.

Кеңсесі Берлинде орналасқан тәуелсіз Transparency International ұйымы жемқорлықтың қаншалықты кең етек жайғанын, оның шынайы деңгейін анықтау үшін өз еліндегі ахуалды жақсы білетін сарапшылар мен іскерлердің арасында сауалнама жүргізеді.

Осындай сауалнаманың нәтижесінде жыл сайын жемқорлық көрсеткіштерінің қорытынды индексі шығарылады.

Әлемнің 180 мемлекетін қамтыған 2008 жылдың қорытындысы бойынша, сыбайласқан жемқорлық мейлінше кең етек жайған елдердің қатарына Ирақ пен Сомали жатқызылып отыр. Олар әлемдік рейтінгіде 178 және 180 орындарда тұр.

Transparency International ұйымының төрайымы Хюгет Лабель (Huguette Labelle) ханым мәлімдегеніндей, “кедей елдердегі жемқорлықтың терең тамыр жаюы ол елдерді гуманитарлық апатқа сүйресе, әлдеқайда ауқатты мемлекеттер жемқорлыққа қарсы күресін қатаңдатуға тиіс”.
Тransparency International ұйымының төрайымы Хьюгет Лабель баспасөз мәслихатында жамқорлық туралы ұйым есебін көпшілікке таныстырды, Берлин, 23 қыркүйек, 2008

Transparency International ұйымы әлем елдеріндегі жемқорлық көрсеткіштерін бірнеше аймаққа, мысалға, Азия мен Тынық мұхиты, Еуропа Одағы мен Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка және Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен ТМД мемлекеттері деп бөліп саралайды.

Жаңа баяндама бойынша, Оңтүстік-Шығыс Еуропаның 7 елі мен ТМД кеңістігіндегі 13 мемлекетте сыбайласқан жемқорлық айтарлықтай проблема болып қалды. Барлық 20 елдің дамуына жемқорлық едәуір тосқауыл болып келеді.

Егер “10” деген ұпай “жемқорлықтан таза” дегенді білдірсе, “0” деген ұпай – “өте жемқор” дегенді білдіреді. Ал осы 20 елдің ұпайлары 5-тен де төмен.

Еуропа Одағына кіру мақсатында іске асырып жатқан ауқымды реформалары мен сыртқы ынталандыру шарттарының болуына қарамастан, Хорватия, Македония, Черногория, Сербия және Босния-Герцоговина елдері жемқорлыққа қарсы күресінің индекстерін айтарлықтай жақсарта алмады.

Түркия мен Албаниядан басқа Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдері басшыларының Еуропа Одағына кіру жолында жемқорлыққа қарсы күресті экономикалық реформаларының басты мақсаты етіп алуына қарамастан, олардың жемқорлыққа қарсы шаралары күткендегідей жемісін бермеген.

ТМД елдерінің ішінен жалғыз Грузия ғана ілгері басқан болса, Ресей мен Украина кейін шегінуін жалғастырды. Грузия 2007 жылы 3.4 ұпаймен 79 орында болса, биыл 3.9 ұпай жинап 67 орынға көтерілді.

Орта Азия елдерінің көпшілігі бұрынғы төменгі сатыларында қалды. Мысалға, Transparency International ұйымының 2007 жылғы есебінде Қырғызстан 2.1 ұпайымен 150 орында тұрған болса, 2008 жылы 1.8 ұпайымен 166 орынға қарай шегінді.

Ол туралы Transparency International ұйымының саясат және зерттеулер бойынша директоры Робин Ходесс ханым былай деп мәлімдейді.

"Бұл жерде 2 нәрсе рөл ойнайды. Біріншісі – “азаматтың үні”, саяси басшылықтан өзгерістерді, реформаларды талап еткен халықтың үні. Оған, әрине, саяси биліктің құлықты болуы да маңызды. Егер осы екі жақ біріксе, азаматтар дауыс беру арқылы немесе азаматтық қоғамдағы қызу пікірталас арқылы жаңа үкіметті сайлап, бұқара халықтың тұрмыс-тіршілігіне жемқорлықтың зор кесірін тигізетінін анық білдіре алады.

Басқа жағынан алғанда, әрине, халықаралық қоғамның қысымымен, немесе ондай қысымсыз-ақ, саяси билік реформаларды іске асырып, сыбайластық жемқорлыққа жол бермейтін жаңа жүйе қалыптастыра алады. Мысалға, жемқорлықпен күресетін шешуші мекеменің бірі болып табылатын сот билігінің әділ болуы. Сот билігі барлығы үшін қызмет істейді”.

ТМД кеңістігінен Ресей мен Украинаға тоқталсақ, 2007 жылы Ресей 2.3 ұпайымен 147 орында тұрған болса, биыл 2.1 ұпаймен сол сатыда қалды; өткен жылы 2.7 ұпаймен 118 орында болған Украина – 2008 жылы 2.5 ұпаймен 134 орынға қарай құлдырады.

2007 жылы 2.1 ұпайы болған Қазақстан – Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Әзірбайжанмен қатар – 150 сатыда болса, биыл 2.2 ұпай алып, 145 орынға көтеріліпті. Биыл ТМД кеңістігі елдерінен 2.9 ұпайы бар және 109 орынға жылжыған Молдова мен Армения, сондай-ақ,134 орынға шегінген Украина ғана Қазақстаннан жоғары тұр.

Өткен жылы 175 орында болған Өзбекстан биыл 166 орынға дейін ілгерілеп, Түркіменстанмен және Қырғызстанмен бір сатыға орналасты. Ал Әзірбайжан мен Тәжікстан кейін шегінді.
XS
SM
MD
LG