Accessibility links

ЕуроОдақ Школьникті Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындамауға шақырды

  • Есен СМАҒҰЛОВ

Қазақстанның индустрия және сауда министрі В.Школьник ЕуорОдақтың штаб-пәтерінде. 16 қыркүйек, 2008 жыл

Қазақстанның индустрия және сауда министрі В.Школьник ЕуорОдақтың штаб-пәтерінде. 16 қыркүйек, 2008 жыл

Энергетикалық транзит пен Кавказдағы жағдайды талқыға салған Еуропа Одағы және Орталық Азия дипломаттары демократия мен адам құқы мәселелерін ұмыт қалдырды.

Өткен аптада Қазақстан мен ЕуроОдақ өкілдерінің жоғары деңгейдегі бірнеше кездесуі болып өтті.

Еуропалықтар Брюсселде өткен кездесу барысында «Набукко» транзитті газ құбырына қатысты Астананың біржақты қолдауына ие бола алған жоқ. Бұл жайында Азаттық радиосы бұған дейінгі шолуларында сөз еткен болатын. Айта кетейік, «Набукко» бағыты Орталық Азия газын Батыс Еуропаға тікелей экспорттауға мүмкіндік беретін құбыр. Енді осы тақырып аясындағы өзге де мақалаларға көңіл бөлсек.

Trend News агенттігі «Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы Ынтымақтастық кеңесі Астананы Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындамауға шақырды» деп жар салады.

«Кеңес Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастық түрлі деңгейдегі жанжал, қақтығыстың алдын алуда және әлеуметтік, экономикалық дамуда өте маңызы тиімді жол екендігін баса айтады. ЕуроОдақ Қазақстанның аймақтағы тұрақтандырушы ролі мен оның аймақтық ынтымақтастық бағытында белсенді қолдау көрсетіп отырғанын жағымды тұрғыдан бағалады», - делінген аталған жариялымда.

Брюсселдегі кездесуге Қазақстан делегациясын индустрия және сауда министрі Владимир Школьник басқарып барғанын ескерсек, келіссөздер мазмұнын осыдан-ақ тұспалдай беруге болады. Ал батыстық серіктестер делегациясын Францияның Еуропалық Одақ бойынша мемлекеттік хатшысы Жан-Пьер Жуйе басқарған дипломаттар тобы құрады.
Қазақстан сыртқы істер министрі Марат Тәжин ЕО-Орта Азия форумында. 18 қыркүйек, 2008 жыл


ЕуроОдақ пен Орталық Азияның сыртқы саясат мекемелерінің басшылары бас қосқан Париждегі кездесуде талқыға салынған басты мәселе энергетика тақырыбына келіп тірелді. Американдық UPI агенттігінің хабарлауынша, тараптар жаңа газ құбырларын салу жөнінде бірлесе жұмыс жүргізетін болып келісті. «Біз көмірсутегі түрлерін тасымалдау бағыттарын дамытуда белсенді ынтымақтастық аса маңызды дегенді тағы да қайталап айтамыз, бұл – еуропалық нарықтарға кепілдендірілген сенімді транзит жолдарын ашуға мүмкіндік береді», - деп сөзбе-сөз мысал келтіреді аталған агенттік Сыртқы істер министрліктері басшыларының бірлескен мәлімдемесінен.

Өзге де мәселелер бойынша, ақпарат агенттігі терроризм және қылмыс түрлерімен күрес жолында күш біріктіру жоспарына көңіл бөледі. Ақпараттық жариялымда ЕуроОдақ террористік әрекеттермен күресу жолында қаржылық қолдау көрсетуді өзіне міндет етіп жүктеп, заңсыз миграция және қару-жарақ, есірткі контрабандасын ауыздықтау бағытында тәжірибе алмасуды ұсынды деп көрсетілген.

Ал «Немецкая волна» радиостанциясы, ЕуроОдақ – Орталық Азия пікірталасының энергетикалық бағыты бүгінгі таңдағы геосаяси жағдайдан бастау алды деп: «Оңтүстік Осетия мен оның сыртында қалыптасқан бүгінгі жағдай, еуропалық елдердің астанасына Ресейден тәуелсіз жаңа энергия көздері мен оларды жеткізу жолдары қажет деген мәселені қайта еске салды», - деп мәлім етеді.

Бұл материалда, сондай-ақ Мәскеу бұрынғы КСРО бойынша көршілеріне Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындау тұрғысында қысым көрсетуде деген де мәселе көтерілген. «Әлбетте, өз тарапынан еуропалық дипломаттар Орталық Азиядағы әріптестерін бұл қысымға мойынсұнбауға шақыратынына еш күмән жоқ», - деп келтірілген мақалада.

«Немецкая волна» тілшісі аталған кездесу барысында демократизациялау және адам құқы мәселелері бойынша өзара қимыл-әрекет жасау деген тақырып еленбей қалғанын сөз етеді.
«Еуропалық құқық қорғау ұйымдары (мәселен, «Шекарасыз репортерлар») бұл аймақтағы сөз бостандығы жағдайына көбірек көңіл бөлуге шақырғанымен, әсіресе, Өзбекстан мен Түркменстанда, бұл «ыңғайсыз» тақырыптар, жағдай біршама жақсарғанша, кейінге қалдырылса керек » деп пайымдайды тілші.
XS
SM
MD
LG