Accessibility links

Адам баласы тобыр ма? Егер біз тұтынушылардың ең соңғы сән үлгісіндегі киімдерді сатып алуға немесе жаңадан шыққан кітаптарды оқуға және де өте сәнді мейрамханаларда отыруға асығып, өзара бәсекелестінін елестетсек, онда біз бұл сұраққа әрине “иә” деп жауап беретін шығармыз. Адамдардың көбі басқалар не жасаса, соған еліктегісі келеді және олар қалың ортада өздерін жақсырақ сезінеді.

Осы аптада топырлаған қарапайым инвесторлар асып-сасып, өз ақшаларын қайда құю керектігі жөнінде қатты ойлана бастады. Олар қор биржасын тастап, мұнай мен алтын нарықтарына көшті. Кейінірек олар мұнай мен алтын базарларын тастап, қайтадан қор биржасына оралды. Инвесторлардың ары-бері шапқылауларына АҚШ-тағы қаржы дағдарысы түрткі болды.

Алдымен мұнай бағаларына көз жүгіртіп көрейік. Осыдан бір апта бұрын 100 доллар болған бір баррель мұнай бағасы дүйсенбі күні 130 долларға көтеріліп, кешке 120-ға түсті. Ал сейсенбіде ол арзандап, бір баррель мұнай 108 доллар болды.

Тығырыққа тірелген банктерді құтқаруға бағытталған АҚШ әкімшілігінің жоспары Вашингтонда қолдау таппауы мүмкін деген инвесторлардың алаңдаушылықтарынан кейін, дүйсенбі күні мұнай бағасы күрт қымбаттап кеткен болатын. АҚШ қаржы министрі Конресті дағдарысқа ұшыраған банктерді құтқару мақсатында құны 700 миллиард доллар тұратын жоспарды мақұлдауға шақырып отыр.

Экономистердің айтуынша, АҚШ қор биржасы мен доллардың құны және мұнай бағасының арасында тығыз байланыс бар. АҚШ қор биржасы күшті болса, ол өзіне көптеген жергілікті әрі шетел инвесторларын тартады. Шетел инвесторлары американдық акцияларға қол жеткізу үшін доллар сатып алуға асығады. Сөйтіп американдық валюта күшейеді.

Бірақ АҚШ қор биржасы тұрақсыз болса, инвесторлар дереу мұнай, алтын, азық-түлік тауарларына ақша құя бастайды, оның нәтижесінде доллар әлсірейді.

Осының бәрі әрине мұнай өндіруші елдерге, әсіресе экономикасы енді-енді дамып келе жатқан мемлекеттерге қатты әсер етеді.

Егер мұнай бағасы өсіп, АҚШ доллары әлсіресе, мұнай өндіруші елдер тез арада дами алады. Мәселен, Ресей мен Қазақстан және тағы басқа бұрынғы совет мемлекеттерде мұнай мен газ және тағы басқа шикізаттар экспорттан түскен пайданың шамамен 80 пайызын құрайды.

Бірақ мұнай бағасы АҚШ қор биржасы құлдырағандықтан төмендесе, онда бұл мұнай өндіруші мемлекеттер үшін жақсы жаңалық емес. Мұның 3 себебі бар.

Біріншіден, АҚШ-тың экономикасы нашарласа, АҚШ-тың энергияны тұтынуы да азаяды. Осы аптаның алдында мұнай бағасы түсе бастады себебі жалпы АҚШ экономикасының дамуы баяулаған болатын. Нәтижесінде соңғы екі айда әлемнің жалпы қуат көздерінің бағасы 4 миллиард долларға азайды.

Екіншіден, дамушы елдер де мұнайдан түскен пайдасының бір бөлігін АҚШ қор биржасына салады. Ал осы қор биржасы құлдыраса, олардың да құйған инвестициялары көп пайда әкелмейді.

Үшіншіден, егер АҚШ экономикасы нашарласа, бұл Батыс елінің енді дамып келе жатқан елдерге арналған инвестициясы да азаяды.
XS
SM
MD
LG