Accessibility links

Әлнұр Мұсаев Азаттық радиосына өзіне қарсы шабуылдың мән-жайын айтып берді


Аустрия билігі Әлнұр Мұсаевты ұрламақ әрекеті болғанын мәлімдеді. Рахат Әлиевтің жақын үзеңгілесі Әлнұр Мұсаев шабуылдың жай-жапсарын Азаттық радиосына баяндап берді.

ШАБУЫЛДЫ ТАПАНШАМЕН ҚАРУЛАНҒАН ТӨРТ АЗАМАТ ЖАСАДЫ

- Әлнұр мырза, қашан және не болғаны жайында айтып берсеңіз?

- Егер нақты осы фактіге тоқталсам, 22 қыркүйек күні таңертең өзім тұратын үйден шыға бергенде маған және қасымдағы тілмәшіме қарулы қарақшылық шабуыл жасалды.

- Бұл Вена қаласында болды ғой..?

- Вена қаласында...

- Олар кімдер? Хабарға қарағанда, олар тапаншалармен қаруланған 4 адам болған көрінеді?!.

- Иә, олар тапаншалармен қаруланған 4 адам болды. Олар бізді күш-жігерімізден айырып, автокөліктің ішінде бізді не өлтіргісі келді ме, не басқа жаққа алып кеткісі келді ме, білмеймін. Қазір ол мәселемен тергеу айналысып жатыр.

- Сіз жарақат алдыңыз ба, алсаңыз – сіз оқтан жараландыңыз ба әлде суық қарудан ба?

- Бұл оқ ататын қарумен қорқыту жасалған шабуыл болды. Маған және жанымдағы тілмәшіме қарсы жекпе-жек күресінің барлық әдіс-тәсілі қолданылды. Тепсе темір үзетін кісілер, әрине, әйелді бетінен ұрып, бірден есінен айырды. Ал маған олармен арпалысуға тура келді.

Қазақстанның қауіпсіздік қызметі тарапынан маған осымен әлденеше рет қастандық жасалды. Сондықтан да дәл осындай жайттарға әбден жаттығып, мен ондайға қашан да дайынмын. Жекпе-жек күресінің нәтижесінде екі жақтан да жарақаттар алды деп айтар едім.

- Осы оқиғаның салдарынан сіз жарақат алыпты деген хабар болды, қазір өзіңіздің халіңіз қалай?

- Иә, қазір халім жақсы. Төтенше оқиғадан кейін мен толық дәрігерлік тексеруден өттім және дәрігерлердің қорытындысы бойынша, мен амбулаторлық, яғни үй жағдайында емделе аламын.

- Сіздің күзетіңіз немесе оққағарыңыз болған жоқ па?

- Жалпы менің күзетім бар, бірақ сол күні болмады.

- Оқиға әрі қарай қалай өрбіді, әлгі кісілер оқиға болған жерден қалайша қашып құтылды?

- Иә, үй қаланың орталығында орналасқан. Таңғы мезгіл болатын, шабуыл болған сәтте жұрт аз еді. Бірақ төбелес басталған кезде ары-бері жүрген жұрт пайда болып, жұрт лезде пайда болып, айқай-шу көтерді. Айқай шығысымен шабуылдағандар оқиға орнынан қашып кетті.

- Шабуыл жасағандар сізге не айтты, қай тілде сөйледі, сізден нені талап етті?

- Негізінен орыс тілінде қорқытатын сөздер айтты, олар менің қарсылық көрсетпей, өздерінің айтқандарын істеуімді талап етті.

- Шабуыл сіз автокөлігіңізге отыра берген сәтте болды ма әлде отырып болған соң болды ма?

- Иә-иә, дәл автомәшинеге отыра берген сәтте күтпеген жерден шабуыл жасалды. Біз автокөліктің есіктерін құлттап үлгермей, шабуыл жартылай ғана нәтиже берді. “Жартылай” дейтін себебім – Лидия Эйкмайэрға, тілмәшіме ауыр жарақат салынды.

- Олар өз көлігімен келді ғой?..

- Ия, олар өз мәшинесімен келіп, оқиға орнынан да соған отырып қашты.

МҰСАЕВ ОҚИҒАНЫҢ АСТАРЫНДА РАХАТ ӘЛИЕВ ПЕН АСТАНАНЫҢ ТЕКЕТІРЕСІ ЖАТЫР ДЕЙДІ

- Бұл шабуылды сіз немен байланыстырасыз немесе оның астарында не жатыр деп ойлайсыз?

- Бұл жерде пәлендей нәрсемен байланыстырғанда... Қазақстан басшылығының араағайыншылар арқылы Рахат Әлиевтің саяси күресін қолдағаным үшін көзімді жоятынын хабарлаған ескертулерін бергені туралы талай факті бар.

- Сізге әлденше рет шабуыл жасалғанын өзіңіз айттыңыз және АҚШ баспасөзінің хабарынан мәлім болғандай, дәл осындай оқиға 17 шілде күні болыпты...

- Иә, 17 шілде күні болды және жалпы барлық уақытта мен психологиялық та, өзімді жаппай қаралайтын шабуылдарды да бастан кешіп келемін. Сөзімнің басында айтқанымдай, әлденеше рет күш қолданған шабуылға тап болдым.

- Сіз өзіңіз айтқандай, Рахат Әлиевтің саяси күресін қолдағаныңыз үшін сізге психологиялық қысым жасалып келеді. Рахат Әлиевтің саяси күресінің мән-мағынасын сіз қалай бағалайсыз, саяси жанжалдың мәні неде немесе жанжалдың өзі сонау баста неден шықты?

- Сіздер жақсы білесіздер, 2001 жылға дейін Рахат Әлиев пен біздің мемлекетіміздің басшысы бір ойлы болып келді. Осы кезеңге дейін президент Рахат Әлиевке үлкен сенім артты және ол іс жүзінде Қазақстан мен шетелдегі саясаттың көп бағытын атқарып келді.

Ал 2001 жылы Рахат пен сол кезеңдегі оппозициялық көңіл-күйдегі үкімет мүшелері арасына шоқ салынып, жанжал шыққанда, Назарбаев пен Әлиевтің арасы күрт бұзылды. Бүкіл 90-ыншы жылдардың бойында Әлиевті Қазақстандағы ең жоғарғы лауазымнан дәмесі бар деп айыптаумен болды. Ол, әрине, мемлекет басшысына ұнамады және ол, өзінің пікірінше, Рахат Әлиевтің шектен тыс мансапқорлық қылығына деген наразылығын әлденеше рет маған айтып жүрді.

- Енді міне, Әлнұр мырза, өткен 2007 жылы оқиға күрт өрбіп, “Рахатгейт” деген атауға ие болып, ұзаққа созылған жанжалға ұласты. Нәтижесінде Рахат Әлиев пен сізді заңға қарсы және саяси қылмыстар істеді деп айыптады. Осыған байланысты не айта аласыз?

- Бұл 2001 жылғы оқиғалардың салдары, қарым-қатынас қалпына түсіп үлгермеді. Ал 2007 жылы елде іс жүзінде өмірлік президенттің болатыны туралы шешім қабылданғанда, Рахат Әлиев мемлекет басшысымен өте ауыр әңгімелесіп, Қазақстан Республикасының конституциясына енгізілген өзгерістерге деген наразылығын білдірді. Соған байланысты "Нұрбанктегі" ұрлық-қарлық туралы қылмыстық іс - банктің шаруашылық бойынша меңгерушісі мен банк басқармасы төрағасының орынбасары Жолдас Темірәлиевті ұрлады деген қылмыстық іс болып өзгертілді. Сол өзгертуге байланысты Әлиев Венада қалуға мәжбүр болды.

Өз кезегінде Әлиев президентпен арадағы жанжалын маған хабарлады және “егер сен Қазақстаннан дереу кетпесең, сені дереу түрмеге жабады. Сенің мемлекетке сіңірген еңбегіңе қарамастан, Қазақстанда сенің көзіңді жояды” дегенді үзілді-кесілді мәлімдеп, маған не эмиграцияға кетуді, не Қазақстанда қалуды айтты.

Дәл сол кезде маған ешқандай айып – не қылмыстық, не саяси айып тағылған жоқ-ты, мен асып-саспай, ешбір кедергісіз Аустрияға ұшып шықтым. Мен Аустрияға ұшып кеткен соң, оқиғаның қалай өрбігенін сіздер жақсы білесіздер. Шынында да Рахат Әлиевпен бірге істегендер мен оны қолдағандарды осы күнге дейін қудалау үстінде, ол жақта түрмелерде көп адам отыр, қылмыстық істер әлі жабылған жоқ, бұл қудалау осы күнге дейін жалғасып келеді. Яғни Рахат Әлиевтің 2007 жылдың көктемінде айтқан нәрселерінің барлығы осы күнге қарай толығымен расталды.

- Сіз айтып отырған “сарай жанжалы” – саясаттану ғылымында билік үшін талас немесе түрлі қарама-қайшы пікірдің қақтығысы деп аталады. Дегенмен де бұл сіздердің билікпен арадағы жанжалыңыз ба?

- Менің ойымша, бұл - билік үшін күрес болды, ең биік мемлекеттік лауазым үшін күрес болды. Және де Рахат Әлиев, менің пікірім бойынша, билікке деген өзінің ниетін ешқашан жасырған емес.

МҰСАЕВ ОППОЗИЦИЯ БАСШЫЛАРЫ МЕМЛЕКЕТ НӘСИХАТЫНЫҢ ЖЕТЕГІНДЕ КЕТТІ ДЕЙДІ

- Сіздің айтуыңыз бойынша, бұл билік үшін күрес болды және қазіргі халіңіз сол күрестің салдары дейсіздер. Ал Қазақстан билігі сіздерді бірнеше мемлекеттік және ауыр қылмыс істеді деп айыптайды. Алайда Қазақстан демократиялық оппозициясы басшыларының ауызынан да осыған ұқсас айыптар айтылады. Мысалға өткен аптада ғана Болат Әбілов пен оппозицияның басқа да жетекшілері сіздерді - Әлнұр Мұсаев пен Рахат Әлиев екі банкирдің жоғалуына тікелей қатысты деп айыптады. Ол екеуін соңғы рет тірідей 2007 жылдың ақпанында сіздер мәшинелеріңізбен басқа жаққа алып кетіп бара жатқан кезде көріпті-мыс.

- Иә, мен ол мәлімдемені оқыдым. Бірақ ол өткен жылы басталып әлгі сотпен аяқталған үлкен насихат науқанының салдары болып табылады. Ол соттың, жұмсартып айтқанда, онша әділетті болмағанын тіпті оппозицияның өзі және жоғалған банкирлердің әйелдері де мойындайды.

Міне сондықтан да мен, мысалға, өзімнің көзқарасымда былай деп айта аламын - екі банкир ұрланды деген кезеңде менің тіпті басқа жерде болғанымды бұлтартпай дәлелдейтін фактілерім бар. Ол фактілерді мен осында, Аустрияда көрсеттім.

Өкініштісі, маған өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдейтін айғақтарды Қазақстан сотына көрсететін мүмкіндік берілмейді. Неге дейсіз ғой? Өйткені, сотқа, тергеуге шақырту туралы құжаттарды олар баспасөз құралдары арқылы жариялады.

Ал енді Қазақстан билігі менің қайда тұратынымды жақсы білген кезде, ал мен оны тіпті жасырған емеспін, мен осында Қазақстанның прокуратурасы, ішкі істер министрлігі немесе Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдерімен кездесуге әзірмін. Мен Венадағы Қазақстан елшілігінің өкілдерімен әлденеше рет сөйлестім, осы істер бойынша жауап бер деген ұсыныспен, шақыру қағазымен маған ешқайсысы жоламады.

Ал шабуылдар жасауға, неге екені белгісіз, мүмкіндік табылады. Демек, Астана қаласындағы жабық өткен әскери трибуналдың сырттай қарап, ешқандай айғақ-құжат келтірмей үкім шығарған қылмыстық істі айтпағанның өзін де, мен бүгін Қазақстан билігі "Нұрбанк" бойынша қылмыстық істі әділ тергеуді қаламайды деп табанды түрде айтқым келеді.

Мәселен, Астанадағы сот туралы менің қолымда ешқандай ақпар-мәлімет жоқ. Мені ол сотта 20 жылға кесті. Менің тұрып жатқан мекен-жайымды жақсы біле тұра, маған ешқандай қағаз да жібермеді.

- Сіз шақыру алған жоқпын дейсіз. Алайда Қазақстан интернет-сайттарында сізге пәлен күні, пәлендей сағатта Астана қаласындағы төлендей кеңсенің пәлендей бөлмесіне келсін деген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми құлақтандыруы жарияланды емес пе?!

- Қазақстанның заңдарынан аттамайық! Ол жерде шақыруды қолма-қол беруге ешқандай мүмкіндік болмаған айрықша жағдайларда ғана шақыруды баспасөз арқылы жариялау мүмкіндігі қарастырылған. Бірақ мен тағы да шегелеп тұрып айтамын – Қазақстан билігі менің тұратын мекен-жайымды жақсы біледі деп мен үзілді-кесілді айта аламын, мен ешкімнен жасырынбаймын.

Егер маған "Интерпол" арқылы іздеу жариялаған болса, мен Вена қаласында әріптестеріммен, достарыммен емін-еркін кездесіп, күнде араласып жүрмін. Осындай жағдайда маған қалайша интернет арқылы хабарлауға болады? Сіз менің осы сауалыма жауап беріп көріңізші.

- Мұны былай түсіндіруге болатын шығар: шақыруды тапсыру міндеті жүктелген Астанадағы кіші шенеунек немесе пошташы сізді Қазақстан аумағынан таба алмай, ал Аустрияға барайын десе, оларға іссапарға ақша бермейді...

- Ха-ха-ха (күледі)... келісемін, ондай уәжбен келісемін. Бірақ заң тұрғысынан қолайсыз ғой!

- Ал ендеше жоғалып кеткен екі адам қайда? Барлық саяси күрес-тартыстың ішінде екі адамның тағдыры беймәлім, олардың қайда жоғалып кетуі мүмкін? Қазақстандағы журналистер де сондай сұрақ қойғысы келетін шығар.

- Оған қатысты материалдар Қазақстанға жіберілді. Өйткені, осындағы Аустрия билігі ондай ақпарды қабылдамайды. Ал Қазақстан соты мен тергеу мекемелері үшін біз жіберген материалдардың маңызы бар.

Ол материалдарда Жолдас Темірәлиев пен оның серігінің қайда екені туралы хабары болған ең соңғы адамдар Шабдарбаев пен Жақсыбеков екені нақты көрсетілген.

- Сіз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қазіргі төрағасы мен президент әкімшілігінің бұрынғы басшысын айтып отырсыз ба?

- Иә, иә, соны және президент әкімшілігінің бұрынғы басшысын.

-Дегенмен, бұл сіздің ғана жорамалыңыз.

ЖАСЫРЫН ПӘТЕРЛЕРДІҢ ҚҰПИЯСЫ

- Осы мүмкіндікті пайдаланып тағы бір сұрақ қойғымыз келеді. Азаттық радиосына берген сұхбатында Рахат Әлиев Қазақстанда жаппай саяси тұтқындау шарасының жүріп жатқанын және олардың қайдағы бір құпия пәтерлерге жабылып жатқанын мәлімдеді. Ол қауіпсіздік қызметінің тәжірибесінде жаңа көрініс пе?

- Бұл, әрине, барып тұрған заңсыз құбылыс және арнайы қызметтердің тәжірибесінде ондай құбылыс ешқашан болған емес. Ондай пәтерлерде, әдетте, бір нәрседен күдік туғызған адамдарды емес, керісінше мемлекеттің құқықтық іс-қимылын құпия түрде қолдайтындарды ұстайтын.

Ал бүгін, мен байқап қарасам, шынымен де қауіпсіздік комитетінің астыртын түрде жалдаған пәтерлерінде күдіктілер мен куәгерлерді жасырып ұстау тәжірибесі кең өріс алды. Мысалға, адвокат Балмағамбетова, тағы да сол Бүркітбаев, Дүтбаевтың бір апта бойы құпия пәтерде қамалуы және маңызы онша зор емес басқа да тұлғалардың отыруы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тіпті шектен шығуының айғағы болып табылады.

Бұл барып тұрған шексіздік – бұл менің кәміл сенімім. Мысалға, Батыс ақпарат құралдары: “Бұл қалай? Адвокат Балмағамбетова неге ұсталды?" - деп сұрай қалса, оған жауап болмай қалады. Ол қалай? – Бір тұлғаның адвокаты сол тұлғаның ісі бойынша күдікпен ұсталыпты деген өмірде болмайды ғой?! Бұл жерде сылтау айтуға өте жеңіл – ол қамауда емес, ол... Мұсаевтан, Әлиевтен, оның Қазақстандағы адамдарынан қорғалады және тағысын тағы.

Ал егер ол қорғалатын болса... дәл қазір мен әлгі оқиғадан соң Аустрия үкіметінің қорғауында отырмын. Бірақ бұл жерде мен кез-келген уақытта күзеттен бас тартуға, сіздерге - Азаттық радиосына, өзімнің жақын туыстарыма телефон соғып, хал-жағдайымның жақсы екенін хабарлауға толық құқым бар. Ал адвокат Балмағамбетованың ондай мүмкіндігі жоқ, яғни ол қамауда отыр.

- Әлнұр мырза, сіз Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев бір апта бойы құпия пәтерде отырды дейсіз. Оған қандай айып тағуы мүмкін?

- Сіз білесіз бе, Әлиев пен Мұсаевқа қандай күдік түссе, Дүтбаевқа да дәл сондай күдік түсіп отыр. Одан елдің жоғарғы басшылығын, мемлекет басшысын әшкерелейтін мол материалды жинап алды деп күдіктенеді.

- Ал күні кеше ғана оның “Қазатомпром” ұлттық компаниясының вице-президенті болып тағайындалуын қалай түсінуге болады?

- Демек, ол күдіктер сейілді. Демек, ол мемлекет басшысына қарсы қоржын-қоржын әшкере материалдар жинамаған.

ҚАЗАҚСТАН ҚОҒАМЫ ҮНСІЗДІГІНІҢ СЫРЫ

- Мынадай құбылысты қалай түсіндіре аласыз? Сіз мәлімдегендей, Қазақстанда жаппай тұтқындау амалдары жүріп жатыр. Ал олардың туыстары, адвокаттары, қоғам неге үнсіз отыр? Оның сыры, жұмбағы неде?

- Қоғам, әрине, жеке өзіне тигінше үнсіз отырып дағдыланған нағыз Қазақстан қоғамы ғой! Ал жақын туыстарына келсек, ол туралы менің айтарым – ондай сыннан менің де туысқандарым өтті. Өздеріне көрсетілген қысымды қалай қабылдау керек деп барлығы дерлік кеңес сұрады.

Менің ойымша, олар үнсіз жүргені үшін ғана бостандықта қалды. Мен жақындарымды, достарымды, таныс-тамырларымды айтып отырмын. Бізді қолдау үшін бірлі-жарым қимыл жасап көрсін, олар дереу тұтқынға алынады және тағы басқа түрлі қуғынға ұшырайды.

- Көптеген үзеңгілесіңіз немесе сіздің қоластыңызда болғандардың көбісі бостандықта емес. Астанадағы жабық өткен әскери сот талай азаматты ұзақ жылдарға кесті. Қанша адам екені де белгісіз. Олардың аты-жөндері де белгісіз. Ал солардың тағдырынан сіздің хабарыңыз бар ма?

- Иә, олар түрлі мерзімге сотталды. Бірақ бір маңызды жайт – олардың барлығы да қатаң немесе жалпы тәртіпті колонияларда емес, барлығы да тергеу изоляторларында отыр.

Жекелегендері тіпті заңға қайшы келетін жерлерге – қайдағы пәтерлерге, қайдағы кеңселерге қамалған. Ол жерлерден кейде-кейде түрлі амалмен байланысқа шыға алады, оның ішінде бізбен байланыса алады.

Ұлттық қауіпсіздік органдары оларды арандатушылық мақсатта пайдаланады. Атап айтқанда, Астана сотында сотталған Крайнов деген азамат осында жүр. Аустриядан оралмағаны үшін сотталған қызы мезгіл-мезгіл телефон соғып, “мені осында ұстап отыр; егер елге қайтпасаң, мені босатпайды; бірақ мен әлі колонияда емеспін, мені арнайы баспанада ұстап отыр, яғни мені құтқаратын мүмкіндігің әлі бар” деп жылайды.

Бұл – адамға ықпал етудің адамгершілікке тіпті жатпайтын тәсілі.

- Яғни, олардың жазалау тәсілдері де Қазақстан заңдарына қайшы келе ме?

- Дәл солай. Бірақ соттың өзі қалай өтті?!. Олар тіпті Аустрияға ешқандай материал берген жоқ... материалдарды айтпағанда, олар Аустрия билігінен Астанада соттың болғанын жасырады.

Мысалға, осында бас прокурормен әңгімелесті, одан: “Жарайды, “Нұрбанк" бойынша сот өткіздіңіздер. Бұқаралық ақпарат құралдарында сіздің күдіктілеріңізді Астанадағы әскери трибуналда тағы 20 жылға кесті деген мәлімет жарияланды. Сол жөнінде не айта аласыз?” – деп сұрады. Бас прокурор ол фактілерге түсініктеме бермейді. Міне бұл сіздер үшін айқын көрініс.

- Әңгімеңізге рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG