Accessibility links

Атырау үш күннен бері түтінге тұншығып тұр


Мұнай қалдықтары жанып жатқан Атырау келбеті. 1қазан, 2008 жыл

Мұнай қалдықтары жанып жатқан Атырау келбеті. 1қазан, 2008 жыл

Үш тәулік бойына Атыраудың маңайындағы мұнай өңдеуші зауыттың өндіріс қалдықтары жанып жатыр. Өрт сөндірушілер бықсып жанып жатқан өрт ошағын сөндіре алар емес.

Атырауда ауаның ластанғаны туралы алғашқы дабылдар 29 қыркүйек, дүйсенбі күні түсе бастаған болатын. Келесі екі күн бойына ауаны мұнай иісі мүңкіген қарақошқыл тұман басып тұрды.

Бұл көрініс пен демалатын ауаның ауырлығы Атырау қаласының тұрғындарын алаңдата бастады. Елдің бірқатары "күйген резинаның" иісі қолқаларын қауып бара жатқанына шағымданды. Қалалық жедел жәрдем станциясының кезекшілері осы күндері бронхиалды астма, демала алмай тұншығу және қан қысымының жоғарылауы сияқты шағымдар бойынша азаматтардың дәрігерлерді шақыртуы әдеттегіден бірнеше есе артып кеткенін айтқан. Қала дәрігерлері тұрғындардың инсультке шалдығуының бірнеше жағдайын тіркеген.

Қазанның 1-і күні Атырау облысы бойынша қоршаған ортаны қорғау басқармасының қызметкерлері ауаның ластану ошағын тапқандықтарын мәлімдеді. Ауаға қарақошқыл түтіннің таралуына мұнай өнімдері әбден сіңген қамыс-қоғаның жануы себеп болған екен.

Өндіріс және канализация қалдықтары төгілетін қолдан жасалған қоқыс орталығы Атыраудың шеткері жағында орналасқан.

Атырау облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының бас мемлекеттік инспекторы Құралай Шәнкиева былай деп хабарлады:

-Ауаны ластау ошағының Атырау мұнай өңдеу зауытының өндіріс қалдықтары жайылатын аймақтағы қамыстың тұтануынан болып отырғаны анықталды. Бұл аудан "Сасыған сай" деген атпен мәлім. Сәрсенбіге қараған түні біз өрт аймағында болып, барлық жайтты көзбен көріп, суретке түсіріп, арнайы құралдармен өлшеп алдық. Мұнай өнімдері иісінің ауаға жайылуы - сасыған сайға мұнай өңдеу зауытының өндіріс қалдықтары барып құйылып, жиналғаннан болып отыр. Біздің өлшегіш құралдарымыз көмірсутегінің, көмірқышқыл газының, қошқыл күлдің адам денсаулығына зиян келтірер мөлшерге дейін көбейіп кеткенін көрсетті.
Құралай Шәнкиеваның сөзіне қарағанда, "Сасыған сай" өз балансында болғандықтан, енді мұнай өңдеу зауытына айыппұл салынатын болады.

Ал әзірге қалалық өрт сөндіру қызметінің бұл өрт ошағын ауыздықтауға шамасы келмей жатыр. Су бетіне мазут жайылып, жанып жатқан көл ортасына өрт сөндіру машиналар бара алар емес. Демек, Сасық сайдан тараған қолқаны қабатын қарақошқыл түтін Атырау атмосферасын ластауды жалғастыра береді деген сөз.

XS
SM
MD
LG