Accessibility links

Зағипа Бәлиева Ғұрбанбибi Атажанованың кебін кимей ме?


Қазақстанның әділет министрі Зағипа Бәлиева
Қазақстанның әділет министрі Зағипа Бәлиева

Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен сыртта жүрген оппозиция өкілі Серік Медетбеков Азаттық радиосына берген сұхбатында Әділет министрі Зағипа Бәлиеваның қазіргі саяси дағдарысты жағдайының себептері туралы қарама-қайшы ой-пікір айтады.


Зағипа Бәлиева тынымсыз жұмыс атқарып жатқанын жарнамалауда


Соңғы кезде Қазақстанның басты “Хабар” телеарнасы мен оның сыртқа хабар тарататын “Caspionet” арнасы, бас ресми газет "Казахстанская правда" әділет министрі Зағипа Бәлиеваның мемлекеттік қайраткер бейнесін қайта-қайта насихаттап сомдаумен келеді. Бірақ оның алдында Зағипаның бағы таятын уақыт жақындап қалғаны жайында түрлі қауесет қаулап кеткен еді.

Әділет министрі Зағипа Бәлиеваны астарлап насихаттау науқанының алдында жергілікті баспасөз құралдары оның жақын әріптесі, министрліктің жауапты хатшысы Асқар Кенжехановтың Ресей арқылы қыруар қаржы алып шыққаны аяқастынан әшкереленіп, оның шетелге қашуға мәжбүр болды деп хабарлады. Одан да бұрын Қазақстандағы танымал интернет-сайттардың форумдарында Зағипа тұтқындалыпты немесе әне-міне тұтқындалады деген қауесеттер тарады.

Әлбетте, ондай қауесеттерге немесе лақап есімдерімен жарияланған жорамал-болжамдарға сенудің еш қисыны жоқ. Бірақ соңғы апталарда Астанада осындай қауесеттердің шығуына түрлі лауазымды қызметкерлердің тұтқындала бастауы түрткі болса керек.

Нұрсұлтан Назарбаев жүйесінің басты сыншысы Рахат Әлиев пен оның жақын сыбайласы Әлнұр Мұсаевтың Азаттық радиосына мәлімдегендеріндей, Ұлттық қауіпсіздік комитеті астыртын тұтқындалған күдіктілерді “құпия пәтерлерге” қамап ұстау тәжірибесін кең қолдануда және өздерінің үзеңгілестеріне қарсы жазалау шарасы күшейді.

Зағипа – даулы сайлаулар құпияларының кілті

Авторитарлық биліктің табиғатына тән сипат - көсемге жақын болу немесе оның зор сеніміне ену биліктің биік тұғырынан тайып жығылмауға кепілдік бермейді, керісінше күні келгенде қайтып бас көтере алмай жығылу қатерін өсіре түседі. Оған Қазақстанның қазіргі болмысынан соңғы мысал – Серік Бүркітбаев сынды белгілі қайраткердің қоғам назарынан жұмбақ жағдайда ғайып болуы.

Оның Қазақстан президентінің кеңесшісі болып тағайындалуын бақылаушылар мемлекет басшысының көз алдынан кетпес үшін жасалған тағайындау деп бағалаған еді. С.Бүркітбаевқа "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясын басқарудың жүктелуі сол шексіз сенімнің айғағы болып көрінді. Бірақ көп ұзамай ол да репрессияның құрығына ілінді.

Дәл осындай “тар жол, тайғақ кешуден” өткен Нартай Дүтбаев та, оның алдында ғана Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Әлнұр Мұсаевтың мәлімдеуінше, мемлекет басшысын әшкерелейтін мәліметтерді жинады деген күдікпен “құпия пәтерде” 1 апта отырып шықты.
Зағипа Бәлиева 1996 -2005 жылдар аралығында Орталық сайлау комиссиясының төрайымы болды
Міне осы тұрғыдан келгенде Зағипа Бәлиева Назарбаевтың билік басындағы ұзақ жолының барлық “сырын” кім-кімнен де артық біледі. Орталық сайлау комиссиясының тізгінін жасы келген Қаратай Тұрысовтан өз қолына алған Зағипа Ақорданың өзі мойындағандай, 10 жылға жуық уақыт кезекті, кезектен тыс талай парламент және президент сайлауларының “жаманын жасырып, жақсысын асыра білді”.

Батыс бұл сайлаулардың бірде-бірін не ашық, не әділ болды деп мойындап көрген емес. Оны көңіліне алмаған Зағипа өз ісін тиянақты атқарған кісідей Қазақстан президентіне төлқұжатын, ал таңдалған депутаттарға кітапшаларын мезгіл-мезгіл тапсырып жүрді.

Азаттық тілшілері бүгінгі Әділет министрінің маңайындағы қалыптасқан ахуалға байланысты оның өзін әңгімеге тартуға тырысып көрді. Алайда 1 қазан күні министрдің қабылдауындағы хатшысы Зағипа сырқаттанып жатыр деп, ал оның баспасөз-хатшысы “министр дін аман, ол мәжілісте отыр”деп бір-бірін теріске шығарумен болды.

Амалсыздан тәуелсіз, бірақ қарама-қайшы сипаттағы екі саясаткер – Рахат Әлиев пен Серік Медетбековті сөзге тартуға тура келді.


Рахат Әлиев: Ақорда түркменбасыланып барады


Венадан телефон арқылы берген түсініктемесінде Рахат Әлиев ең алдымен Қазақстандағы барлық маңызды саяси үдерістің бәріне авторитарлық жүйені құрған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзі режиссерлік етеді деп атап көрсетті.

Рахаттың назар аударған мәселесі – тіпті Қазақстан заңдары бойынша министрлер премьер-министрдің алдында толық жауапты емес. Жаза басқан қайсыбір министрді жазалау үшін үкімет төрағасы болған жайтты тәптіштеп түсіндіріп, президентке хат жазуға міндетті.


Бәлиеваның басына қара бұлттың үйіріле бастауын Рахат Әлиев Қазақстандағы саяси биліктің ерекшелігімен де, Зағипаның ұстанған бағытындағы қателігімен де байланыстыра келе: “Орталық сайлау комиссиясының ұзақ уақыт төрайымы болған Зағипа Қазақстандағы сайлауды бұрмалаудың технологиясы мен жұмбақтарын тым көп біледі. Сол себептен де оны өз бетімен алысқа жібермей жақын ұстап отыр”дейді.

Әлиев сонымен қатар, Зағипаның іс-қимылындағы тағы бір ерекшелікті атап көрсетті. “Ол қандай қызмет істемесін, - дейді Рахат Әлиев, - ол ең алдымен Қазақстанның бірінші басшыларымен жақсы байланыс орнатады. Зағипа Бәлиева өзінің орынбасары немесе басқарма басшысы ретінде өзінің Ақордадағы тыныс-тіршілігіне ықпал ете алатын тұлғаларды алады.

Мысалға түзету мекемелері бойынша комитеттің төрағасы етіп, Қазақстан президенті күзетінің бастығы Аюбаевтың бауырын тағайындады. Шешуші қызметтер Бас прокурордың жақын туысына да, Назарбаевтың немере інісіне (Қайрат Сатыбалды емес, оның бауырына) де табылды.

“Алайда жемқорлыққа батты деген түрлі айыптан құтылудың мұндай тәсілдері Зағипаға көмек болмады – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан президентінен қажет болса заңсыз шара қолдануға еркіндік алды, Зағипаның дағдарысының себебі осында. Осыдан кейін жоғары лауазымды шенеунектер, оның ішінде үкімет мүшелері де мұз үстінде жүргендей табандарының бүрін жоғалтып алады," - дейді Рахат Әлиев.

Өз кезегінде мұндай жағдай министрлер мен басқа да кез-келген жауапты шенеунікті үкімет мәжілісінен кісендеп алып кетіп жататын Сапармұрад Ниязовтың тұсындағы Түркменстанды еріксіз көзге елестетеді. Түркменбасы жаңа тінтулер мен жүздеген мың доллардың, пәтер-үйлер мен автокөліктердің, қымбат әшекейлердің тәркіленгені туралы тың баяндамалардан үзінді оқи отырып, шенеунектерді тірідей қуырып, жұрттың көзінше “Мен сені бәрібір кешірдім!” дейтін. Бірақ бәрі де мұның басқаша болатынын жақсы білетін.

Ғұрбанбиби Атажанова -2006 жылдың сәуір айына дейін Түркменстанның Бас прокуроры міндетін атқарды.
2006 жылдың сәуірінде жемқор деген айыппен тұтқындалып, ұзақ жылға сотталған Бас прокурор Ғұрбанбибі Атажанова С. Ниязовтың ең ақырғы ірі құрбандарының бірі болды. Ең қызығы соның алдында ғана Атажанова Ниязов жүйесінің өзге шенеунектеріне дәл сондай мемлекеттік айыптар таққан болатын.

Рахат Әлиев Сапармұрад Ниязовтың тұсындағы Түркменстанның сондай жағдайына қазіргі Қазақстан бірте-бірте жақындап келеді деп санайды.

Серік Медетбеков: Жүйенің өз ішіндегі көптен күтілген күйреу

Рахат Әлиевтің ежелгі қарсыласы, Германиядан саяси баспана алған Қазақстан оппозициясының белсендісі Серік Медетбеков Зағипа Бәлиеваның төңірегіндегі жағдайдан түркменбасылықтың белгілерін іздеп, оны күрделендіруден аулақ.

Серік Медетбеков Азаттық радиосына берген сұхбатында "Қазақстанда сотсыз, тергеу-сұраусыз құпия тұтқындаулар болып жатыр, тіпті бүгінгі кез –келген министр ертең темір тордың аржағынан бір-ақ шығады дей келе, бұл Назарбаев жүйесінің құлауының басы ғана" деп атап көрсетті.

Серік Медетбеков Ақордада үнемі жалғасып келе жатқан кланаралық айқас-тартыстарды президент Назарбаев бақылай алмайтындай дәрежеге жетті деп есептейді.

Жалпы қаржы-өндірістік топтар жанжалдарының жаңа толқынына тән бір нәрсе - олардың бәрін жай сыртынан қарағанда "Рахатпен күрес, Рахаттың құпия адамдарымен күрес" деп сипаттауға болады дейді. Александр Машкевичтің, Болат Өтемұратовтың топтары және басқа да топтар өз бағыттарын бекіткісі, мығым ұстағысы келеді.

"Оппозиция жүйенің күйреуі оның ішкі тартысынан басталады деп баяғыда айтқан болатын. Біз соның алғашқы белгілерін көріп отырмыз," - дейді Серік Медетбеков.

Осылай дей келе, Қазақстан оппозициясының белсендісі кланаралық бұл соғыстардан Қазақстан үкіметінде ешкім де экономикамен айналысып отырған жоқ, инфляция қайтадан бас көтере бастады дегенге назар аударды.

Қорытындылай келгенде Зағипа Бәлиеваның айналасындағы жағдайдан Казақстан истеблишментінің өзіне тән тағы бір мінез-құлқы аңғарылады. Бір кезде алматылық "Время" танымал басылымы Әділет министрлігіндегі кейбіріне Зағипа Бәлиеваның өзінің қатысы болуы мүмкін деп болжалған коррупциялық жанжалдар тізбегі туралы журналистік зерттеу материалдарын жариялады. Оппозициялық газеттер де Зағипа Бәлиеваның қайраткерлік ісінде өздері келеңсіз деп тапқан бірқатар жағдайды ашып жазды.

Алайда Зағипа Бәлиева әдетте мұндай әшкерелеуші жариялымдарға мән беріп, көзіне ілмейтін, тек біраз уақыт өткеннен кейін ғана оларды "дұшпандардың ойлап тапқандары" деп бағалайтын. Ал бұл күндері Зағипа Бәлиева өзі қалаған таңдаулы журналистермен болса да тығыз байланысқа шығып, ақпараттық қорғаныс тәсіліне көшті.

Қазақстаннның жоғары билігінде жүрген шенеуніктер әдетте мұндай жарнама акцияны елдегі Бас оқырман - Қазақстан президентінің назарын өзіне аудару үшін жасайды, "сенімді" қайтару – кез-келген шенеуніктің орынтағы тұрақтылығының басты шарты болып табылады.
XS
SM
MD
LG