Accessibility links

Босқындар Қазақстанда бопса мен шырғалаңға түседі


Өзбек босқындарының кейбірі Алматының маңында осындай күркелерде тұрып жатыр. 30 қыркүйек, 2008 ж.

Өзбек босқындарының кейбірі Алматының маңында осындай күркелерде тұрып жатыр. 30 қыркүйек, 2008 ж.

Қазақстандағы өзбек босқындар полицейлердің оларды қорқытып, «есірткілік заттар салып жібереміз, өзбектің арнаулы қызмет орындарына тапсырамыз» деп қорқытатыны туралы Азаттық радиосына айтып берді.

Қазақ полицейлері мен БҰҰ Басқармасы босқындарды сандалтып қойды. Босқындар қазақ полицейлеріне ұсталған жағдайда босқындар ісі жөніндегі Алматы қаласындағы БҰҰ Бас комиссарының Басқармасы қызметкерлеріне өздерінің тұрақтаған мекендерін хабарлаған болса босатылатынын біледі.
Алайда, олардың бұлай істеуге кей кезде мүмкіндіктері болмайды.Босқындар өздерін балға мен төстің арасында қалғандай сезінеді. Бір жағынан, босқындар ісі жөніндегі БҰҰ Бас басқармасы өздерінен көмек сұрай келген өзбек босқындардан олардың Қазақстанның көші-қон қызметінде міндетті түрде тіркелгенін сұрайды. Екінші жағынан, Көші - қон жөніндегі орган қызметкерлері босқындардың мекен - жайлары туралы толық анықтама талап етеді. Босқындар мұндай жолмен алынған мәліметтер басқа мақсатқа пайдаланылады деп қауіптенеді.
Мысалы, олар осы ақпараттарды өзбек әріптестеріне беруі мүмкін дейді олар. Босқындармен туындаған мәселені Азаттық радиосына Алматы құқық қорғау органының қызметкері Денис Дживага былай түсіндірді.

Өзбек босқынының өзіне баспана ретінде картон қағаздан жасап алған күркесі. Алматы, 30 қыркүйек 2008 ж.

- Босқынның тіркелуден бас тартуына болады. Бірақ, ертесінде оны көші – қон полициясы қызметкерлері ұстап алса, онда оны Қазақстан территориясында заңсыз жүрді деп айыптауға толық құқысы бар. Оқиға осылай өрбіген жағдайда оларға БҰҰ Бас комиссарының Басқармасы көмек бере алмайды. Әрине, БҰҰ БКБ босқынды өзбек билігіне бермеу үшін қолдан келгенінің бәрін жасайды,бірақ, көші-қон заңдылықтарын бұзғаны үшін айыппұл төлеуге олар дайын емес. Және Заңда көрсетілген айыппұл көлемі біршама көп. Сондықтан да мен өзім айыппұл төлегісі келген бір-де –бір босқынды әлі кездестірген емеспін.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨЗБЕК БОСҚЫНДАРЫ ҚАЙДА БАРАДЫ?
Өткен жылы Алматыда Хуршид Шамсутдинов деген босқын із – түзсіз жоғалып кетті. Артынша « Пресс-уз.инфо» деген өзбек сайтында Хуршид Шамсутдинов 23 қарашада өз еркімен Қазақстаннан Молдоваға кетіп, одан әрі Түркияға күштеп жіберілгені туралы ақпарат таратылды. Хуршид Шамсутдиновпен бірге тұрған босқындардың сөзіне қарағанда, оның жолға ақшасы болмаған және ол құжаттарын өзі соңғы кезде тұрған үйіне тастап кеткен.
Мәскеулік құқық қорғаушы Виталий Пономарев «Пресс-уз.инфо» сайтының ақпаратына орай былай дейді:
- Босқын тек өзінің келген еліне, немесе өзі азаматы болып табылатын елге ғана қайтарылады. Егер Хуршид Шамсутдинов Молдоваға Түркия арқылы келген болса, онда, оны Түркияға кері қайтаруға болатын еді. Бірақ менің білетінім оның Туркияға баратындай қаржысы болмаған.
Естеріңізге сала кетсек, 2005 жылы Шымкент қаласында тоғыз өзбек босқыны ұрланған болатын. Сол кезде Қазақстандық арнаулы қызмет өзбек әріптестеріне қатысы барларын жоққа шығарған еді. Кейінірек Өзбекстанның мемлекеттік Қауіпсіздік қызметі Ташкент облысы аумағынан тоғыз өзбек босқынды ұстағандары туралы ақпарат таратты.
Жоғарыда айтылған жайлар Қазақстанда тұратын өзбек босқындарының қалта телефоны нөмірлерін, тұратын жерлерін жиі – жиі ауыстырып, көшеге аса қажет болмаса шықпауына мәжбүрлеп отыр. Құқық қорғаушы Евгений Жовтис өзбек және ұйғыр босқындарының өз өмірлері үшін алаңдауға негіз бар дейді. Бірақ, Евгений Жовтис Қазақстан билігінің босқындарды тұтқындап, ұстап беруге тікелей қатысы бар деген ойдан аулақ.
- Мен өзбек және ұйғыр арнаулы қызметтерінің Қазақстан территориясында өздеріне керекті адамдарды ұстап және оларды отандарына кері қайтарып, емін - еркін жұмыс жүргізіп жатыр дегенге сенбеймін. Менде бұған сенетіндей ешқандай дәлелдер жоқ. Оның үстіне, мұндай операцияларға Қазақстан арнаулы қызметінің тікелей қатысы туралы айтпағанда, Қазақстан билігі мұндай деректерге көз жұма қарайды дегенге сену негізсіз.
Құқық қорғаушылардың пікірінше БҰҰ БКБ тарапынан көрсетілетін көмекке қарамастан, Қазақстанда босқындар өздерін толықтай қорғалғандай сезіне алмайды.
КЕРІ ҚАЙТАРЫЛҒАН БОСҚЫНДАРДЫ ОТАНЫНДА АЗАПТАУ КҮТІП ТҰР
Өзбек босқындар еліне қайтудан текке қорықпайды. Діни сеніміне байланысты өз елін тастаған босқын Азаттық радиосының тілшісіне:
- Елімізде бізді азаптайды, бұл жай айтылған сөз емес, бірнеше діни адамдар із – түзсіз жоқ болып кетті, кейбіреулерін түрмеге отырғызды, кейіннен оларды өлді деп хабарлады. Өзбекстан түрмесінде діни тұтқындарға түрлі аурулар, мысалы, сүзек және жыныс ауруларын жұқтырады, бұл діни адамдар ауыратын аурулар емес. Мен 15 тәулік, немесе бір ай тұтқында болып, бостандыққа ауру болып шыққан діндарды білемін.Өзбек құқық қорғау қызметкерлері мұндай тәсілдерді негізінен діни сенімдегі адамдарға ғана қолданады. Оларды түрлі сылтаулармен алып кетіп, мүгедек етіп тастайды. Қазақстандағы өзбек босқындарының арасында өзбек түрмелерінде ауырған діндарлар да жүр.
Канададан баспана тапқан Ұлықбек Хайдаров Азаттық радиосының тілшісіне телефон арқылы діни сенімдегі адамдарға Өзбекстан түрмесінде жасалатын қылмыстар туралы айтып берді. Ұлықбек Хайдаров Навои қаласындағы жалпы режимдегі күндерін былайша еске түсіреді.
Ұлықбек Хайдаровтың түрмеде түскен суреті. Өзбекстан, Навои, қазан 2006 ж.
- 2006 жылдың 1 қарашасында мерзіміміз бойынша келген 15 адамды ол «оңбағандар» «сындыра» бастады. «Оңбағандар» деп түрме әкімшілігінде істейтін, осындай жазалау жұмыстарын жүргізетіндерді айтады. Олар тіземізден жерге отырып, қолымызды мойнымызға асуға бұйырды. Жарты сағат осылай отырғанда аяғымыз жансызданып, жасы үлкен жазаланушылар біртіндеп құлай бастады. Умар Яндиев деген «оңбаған» «Отыр, қозғалма» деп ақырды. Сосын аяқ астынан үш колония қызметкерлері келе қалды. Олар қолдарына шоқпарын алып, құлап жатқандарға шешінуге әмір берді де, оларды өкшелерінен тебе бастады. Әр құлаған адамды оншақты рет тепті. Әсіресе, Хорезмдік Мардон Отаджановқа ауыр тиді. Аяғына тиген ауыр соққыдан ол есінен танды. Кейіннен мүгедектігіме себеп болған табанымнан тиген шоқпардың ауырлығын мен де қатты сезіндім. Айтайын дегенім, бұл басқа да жасалатын қылмыстармен салыстырғанда жеңілі.
Ұлықбек Хайдаровтың сөзіне қарағанда, Өзбекстан түрмелерінде жазаланушыларға екі қолын алдына создырып, көзін жұмғызып, тізерлеп отырғызып, су толтырылған бір жарым литрлік пластикалық бөтелкемен ұру көп қолданылады екен. Немесе «Қаз қадам» тәсілі, үшінші қабатқа баспалдақпен тізерлеп шығып, тізерлеп түсу.Оны орындай алмағандарды «оңбағандар» қатты мертіктіріп тастайды.
Ұлықбек Хайдаров – тәуелсіз журналист, Өзбекстандағы бейбітшілік пен соғысты насихаттау Институтының бұрынғы тілшісі. Жизақта 2006 жылы 14 кыркүйекте тұтқындалып, сол жылы « бопсалады» деген желеумен алты жылға бас бостандығынан айырылған.
Ұлықбек Хайдаров 2006 жылы 7 қарашада оны барын салып қорғаған халықаралық компаниялардың көмегінің арқасында босатылды. Сол жылы қарашаның басында Германияның Сыртқы істер министрі Франк – Вальтер Штайнмайердің Өзбекстанға сапары да оның босатылуына шешуші әсер етті.
XS
SM
MD
LG