Accessibility links

Әлнұр Мұсаевты ұрламақшы болды деп күдіктелген "Штазидің" бұрынғы агенті ұсталды

  • Есен СМАҒҰЛОВ

Австриялық Profil апталығына берген сұхбатында Рахат Әлиев президент Нұрсұлтан Назарбаевты айыптады. Венада Әлнұр Мұсаевты ұрлап әкетпек болған күдікті Германия азаматы ұсталды.

Австрия баспасөзі ақыры Венадағы Қазақстанның бұрынғы елшісі Рахат Әлиев пен Қазақстан арнаулы қызметінің бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаевтың айналасындағы шым-шытырық оқиғаларға назар аударды. Әлнұр Мұсаевты ұрлап әкетпек болған оқиға туралы арада екі апта өткен соң Вена баспасөзі жаза бастады.

Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев төңірегінде өрбіген кейінгі кездегі оқиғаларға орай австриялық Profil апталығы: "Федеральдық президент Хайнс Фишер Қазақстанға баратын бірінші сапарына әзірленіп жатқан кезде, жалдамалы баскесерлер бұрын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңайында болған, енді бүлікшілерге айналған адамдардың ізіне түсе бастады, шамасы, бұл режимнің тапсырмасымен болуы мүмкін" деген ой түйеді.

Бұл көлемді жарияланымнан осыншама шиеленіскен оқиғаларда бұрын түсінікті болмаған біраз жайлар ашып көрсетілген, соған қарағанда қылмыс пен саясат қым-қуыт араласқан жанр тәсілін мақала ауторы Мартин Штаундингер босқа таңдамаған болса керек.

Аутор басты кейіпкерлерді бірден нақты көрсетіп, "атышулы құпия қазақ полициясы ҰҚК- нің «бұрынғы бастығы» өзі қызмет еткен режимнің қуғындауына ұшыраған, қазір іздеуде жүрген Әлнұр Мұсаев", ең бастысы оған тағылған кінә- "Қазақстан мемлекетінің бірінші жауы болып табылатын адаммен, авторитарлық президент Н. Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, яғни, Рахат Әлиевпен сенімді қарым – қатынаста болғаны үшін қылмысты болып табылғанын" бірден айта кетеді.

Мақалада соңғы аптада Рахат Әлиевтың айналасында Венадағы Ландесгерихштрасседе Әлнұр Мұсаевтың және Лидия Айкмайердің басында болғандай, бірнеше оқиға өріс алды деп жазылған.

Profil апталығы редакцясында жыл ортасынан бастап Рахат Әлиевтің маңайындағыларды ең кемі үш рет ұрлап әкетуге әрекет жасалғандығы туралы полиция хаттамасы болған.

"Президент Назарбаев арнаулы қызмет пен қылмыстық ұйымдарға менің көзімді құрту туралы тапсырма берген. Оның менің басым үшін 10 миллион доллар тағайындағаны жөнінде маған хабарланды" деген Рахат Әлиевтің өзі.

Апталық жариялаған тағы бір қызықты дерек, Венада Әлнұр Мұсаев пен оның құрбысы екеуіне жасалған шабуылдан кейін Германия азаматы ұсталған. Ол Германияның «Штази» арнаулы қызметінің бұрынғы қызметкері болуы мүмкін.

Оған Австрия қылмыстық кодексінің азаматты шет елге өзінің келісімінсіз, күштеп өткізіп беруге әрекеттенгені үшін 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыратын 103 бабы бойынша қылмыстық айып тағылуда.

Мақалада Мұсаевты ұрлап, оны Қазақстанға жөнелтудің жоспарланғаны туралы айтылғанымен, Австрияның әділет орындары мұны нақты осылай деп мәлімдеуге асығар емес.

«Мәселе аса сақтықты қажет етеді",-деп жазған басылым, алда Австрия президентінің Қазақстанға сапары тұрғандығына меңзейді.

Басылым Рахат Әлиевке өз Отанында тағылған айыптауларды еске салады. Осыған байланысты австриялық оқырмандар бұрынғы дипломаттың саяси эмигрантқа айналуының тарихын біле алады.

«Мүмкін, ол Назарбаевтың мұрагері ретінде ойынға ашықтан-ашық кірген болар?», — деген сұрақ қояды аутор.

Қалай десек те, өткен жылдың мамыр айында Қазақстанның Австриядағы елшісі қызметіндегі Рахат Әлиев кенеттен Назарбаевтың өмірлік президент болу құқына қатысты қарсылық білдірді, бірнеше күннен кейін Астана оны елшілік қызметінен босатып, халықаралық дәрежеде іздеу жариялады. Сол кезден-ақ қазақстандық арнайы қызмет өкілдерінің жұмыс тәсілдерін жетік білетін экс шенеунік өзін Отанына қайтартпауға бар күш-жігерін салып бақты.

«Егер бұл жағдай орын алса, менің өміріме қауіп төнеді», — деген еді Әлиев 2007 жылдың маусымында Profil апталығына берген сұхбатында.

Одан кейін ол Венада тұтқындалып, кепілдікке босатылған. Артынша Дариға Назарбаевамен мәжбүрлі түрде ажырасты және «Қазақстанда оған қарсы әділ сот болатынына кепілдік жоқ болғандықтан» Әлиевті қайтарудан австриялық Әділет басқармасы бас тартты. Дегенмен, Рахат Әлиев әлі күнге үрейлі: «Бір жылдан бері ол бір жерде бір-екі күннен артық қала алмайды" деп жазады аталған басылым.

«Бұл менің бостандығымның өтеуі»— дейді мультимиллионер.

Profil апталығында жарияланған материалда Рахат Әлиевтің оппоненттерінің көзқарастары берілген. Атап айтқанда, Қазақстан Әділет Министрлігінің мүддесін қорғаушы, адвокат Рихард Зойер Әлнұр Мұсаев пен оның құрбысының айналасындағы дау-жанжал туралы:
«Мен бұл азаматтардың жеке жауларының аз емес екенін шамалаймын, бірақ инсценировканы да жоққа шығара алмаймын. Сонда да істің жағдайын ескерсек, Әлиевтің адам ұрлауда белгілі тәжірибесі бар», — дейді. Зойер егер Австрия үкіметі Әлиевті қайтармаса, оған қатысты сот процесі де сол елде өтеді деп есептейді.

Жоғарыда айтылғандай, австриялық ақпарат құралдары қазақстандық бұрынғы шенеуніктердің айналасындағы бұл оқиғаны ұзақ уақыт елемей келді. Әлнұр Мұсаев пен оның серігіне 22 қыркүйекте жасалған шабуыл туралы ақпарат австриялық der Standard басылымының сайтында 3 қазанда ғана жарияланды.

Басылым тек өткен аптаның оқиғаларын ғана емес, осыған ұқсас жайларды да жазып отырады. Австрия İшкі істер министрлігіне сілтеме жасай отырып, жазда Әлиевтің отбасы мүшелері мен оққағары шабуылға тап болғаны хабарланады. Сондай-ақ Әлиевтің оққағары мен Әлнұр Мұсаевтың полицияның қорғауында болғаны да жоққа шығарылады. «Олардың жеке күзеті бар-жоғын білмеймін, полицияның қорғауында болатындай да еш себеп көріп тұрған жоқпыз», — деген Австрия İшкі істер министрлігі өкілінің сөзін der Standard газеті мысалға келтіреді.
XS
SM
MD
LG