Accessibility links

Ғалымжан Жақиянов әзірге ешбір сайлауға қатыса алмайды


Ғалымжан Жақиянов Павлодар облысындағы колонияда, осындағы ауылда жеке үйде тұруға мұрсат етілгеннен кейін. 19 қыркүйек, 2004 жыл.

Ғалымжан Жақиянов Павлодар облысындағы колонияда, осындағы ауылда жеке үйде тұруға мұрсат етілгеннен кейін. 19 қыркүйек, 2004 жыл.

Ғалымжан Жақиянов әлі бірнеше жыл бойына "сотталу жазасының мерзімі өтпеген" деген "атақтан" арылмайды, сол себепті де ол не президент сайлауына, не парламент сайлауына үміткерлікке түсе алмайды.

Адам құқы бойынша Қазақстанның халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтис оппозиция жетекшілерінің үстінен қозғалған қылмыстық іске заң тұрғысынан да, саяси-құқықтық тұрғысынан да түбегейлі қарсы. Ол Азаттық радиосына берген сұхбатында мәлімдегендей, Қазақстан билігінің көзқарасы бойынша, “қылмыскерді жасырды” деген істі ең алдымен Еуропа елдеріне қарсы қозғау керек еді.

- Жовтис мырза, таяуда Ішкі істер министрлігі “аса қауіпті қылмыскерлерді жасырды” деген айыппен оппозиция серкелеріне қарсы қылмыстық іс қозғады. Қазақстан президентінің белгілі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Азаттық радиосына берген сұхбатында осы істің қозғалуына не президент әкімшілігінің, не мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ешқандай қатысы жоқ деп мәлімдеді. Сіз осы іске қатысты не ойлайсыз?

- Мен бұл іске президент әкімшілігінің қатысы жоқ дегенге және бұл істі қозғауға нұсқау берген жоқ дегенге келісуге дайынмын. Алайда маған мұндай істі қозғаудың өзі өте қауіпті ахуал қалыптастыруы мүмкін болып көрінді.

Өйткені, басқа елден саяси пана алуға ұмтылған адамдарға көмектескен кісілердің үстінен қылмыстық іс қозғау - дүниежүзінің тәжірибесінде болған емес. Әлем тәжірибесінде ондай құбылыс атауымен жоқ.

Өйткені, дүниежүзіндегі көптеген елдің босқындары пана сұрайды, оның ішінде өз елдерінде үстінен қылмыстық іс - ауыр немесе аса ауыр қылмыс және тағы басқа бойынша іс қозғалғандар саяси пана сұрайтыны бізге жақсы мәлім. Көбіне ондай істер жалған, нақақ айыптармен қозғалады.

Мен нақты сөз болып отырған істі талдағым келмейді. Алайда, белгілі хатқа қол қойған кісілердің қылмысты бүркемелеу немесе жасыру мақсатын көздемегені айдай анық. Іс тергеле берсін, кінәлілер қудалана берсін!

Ал олар хатқа қайсыбір адам саяси мақсат-мүддемен қудаланып отыр немесе ол адам бейтарап, әділ әрі тәуелсіз сот процесіне үміт арта алмайды деген оймен қол қойды, яғни ол адамдардың құқы толық қорғалмайды деген мақсатпен қол қойды.

Бұл жерде қылмысты жасыру мәселесі емес, қалыптасқан белгілі бір ахуал мәселе болып отыр. Ең бастысы – бұл жерде ешкім қылмыс әшкереленбесін немесе айыптылар қылмысы үшін жауапқа тартылмасын немесе т.б. демейді.

Бұл жерде кейбір адамның атқарып жүрген гуманитарлық міндеттері туралы сөз болып отыр. Адам құқын қорғайтын ондаған адам, оның ішінде мен де бармын, бәлкім дәл сондай ондаған хатқа қол қойған шығармыз. Бірақ тағы да қылмысты жасыру мақсатымен емес, керісінше қылмыстық істердің астарында не саясат жоқ па, не олардың әділ сотқа деген құқы бұзылған жоқ па деген ойдан қол қойылды. Оның өзінде де қылмысты әшкерелеу керектігін ешкім де теріске шығармайды.


Ал біз қатерлі ахуал қалыптастырып жатырмыз. Өйткені, әлемде босқындар туралы жүйе қалыптасып үлгерген, оның ішінде саяси босқындар туралы да бар. Саяси-құқықтық жүйе!

Ал біздің биліктің көзқарасымен қарағанда, онда ең алдымен бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдинді “жасырғаны” үшін Ұлыбритания, Италия, Еуропа Одағының басшыларына немесе бізге жақсы мәлім іс бойынша (Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың “Қазақгейт” ісін айтып отыр. Азаттық) Австрия басшылығына қарсы қылмыстық іс қозғау керек еді.

Бұл басшылыққа алатын және алуға қажетті жол емес. Бірақ нақ осы кісілерге қарсы қылмыстық істің қозғалуы, әсіресе олардың оппозиция жетекшілері екені ескерілсе, онда ол іс тек қана саяси қадам ретінде қабылданады, яғни саяси оппозицияны қудалау болып табылады, яғни ашықтақ-ашық саяси астары бар іс болып шығады. Менің түсінбейтінім – бұл кімге қажет болды екен?!

Егер қазір Украина жерінде жүрген адамдарға қарсы қозғалған істі тергегісі келсе, онда тергеңіздер, анықтаңыздар, оларды ұстап беруді талап етіңіздер, егер олардың босқын мәртебесі болса, сол мәртебесінен айыруды талап етіңіздер, яғни заңды деген барлық іс-шараны қолға алыңыздар!

Ал бір кезде біреулердің пана беруді сұраған өтінішіне өзгелердің қолдау білдіріп, қол қойған хатын қайта көтеріп, оны “жасырмақ болды” деп қарастыру, бұл, жай айтқанда, жоқ жерден қылмыс іздеу, ал қаттырақ айтқанда – оппозицияның енді қазіргі жетекшілерін саяси мүддемен қудалау болып табылады.

Сол себепті де мен бұл іске заңдық тұрғыдан да, саяси-құқықтық тұрғыдан да үзілді-кесілді қарсымын. Өйткені бұл іс дүние жүзінің пана беру жөніндегі қалыптасқан жүйесінде төтенше ахуал қалыптастырады. Ондаған қылмыстық іс қозғауға болар да еді, бірақ әлемнің бірде-бір елі мұндай қылмыстық істі қозғамайды.

Өйткені, бұл халықаралық ережелермен реттелетін ерекше процедура. Бұл жерде кімде-кімнің қылмысты істегені анықталса, онда әрине еліне қайтаруды талап ету керек, оларды ұстап беруді талап ету керек, қазір Украина жерінде жүргендердің істері сияқты кісі өлтіруге немесе кісі өлтіруге тапсырыс беруге қатысты іс болса, әлбетте істі тергеуді жалғастыра беру керек.

Алайда ол кісілерге босқындар мәртебесін беруді өтінген хатқа қол қойған адамдардың үстінен іс қозғау – жұмсартып айтқанда – саяси ақылсыздық болды және Ақорда үшін кезекті прооблема туғызатын іс болды. Олар елдегі сот жүйесінің қазіргі халі мен ол кісілердің кезінде әкім болған Ғалымжан Жақияновпен тығыз байланыста болуы себепті бұл істің саяси астары болуы мүмкін деген ойдан қол қойды. Бұл іс үлкен жанжал туғызуы да ықтимал.

- Жовтис мырза, оппозиция жетекшілеріне қарсы қозғалған осы істің негізгі нысанасы – Ақорданың есептеуі бойынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың бірден-бір қарсыласы бола алатын Жақиянов деген пікірлер айтылып жатыр. Сіздің көзқарасыңыз бойынша, солай деп есептеуге негіз бар ма?

- Сіз білесіз бе, біздің елде кез-келген құбылыс күдік туғызуы мүмкін. Бірақ дәл осы жағдайда бір нақты мақсат немесе көздеген нысана бар деп ойламаймын. Өйткені, Ғалымжан Бәділжанұлы шартты түрде босатылғанымен де, өзінің жазасын өтеу үстінде, ол жақсы мәлім.

Егер естеріңізде болса, ол белгілі қылмыстық іс бойынша 7 жыл мерзімге кесілген болатын, ол мерзім келесі жылы аяқталуы тиіс.

Оған қоса Қазақстан заңнамасында “сотталу жазасының мерзімі өтпеген” деген шектеу бар, яғни оның әлі біраз уақыт бойы сотталған деген “атағы” болады. Демек ол сайлауға әлі қатыса алмайды деген сөз.

Ал басқа жорамалдарға келсек, оны (Жақияновты. Азаттық) келешекте де тұсаулап ұстау мақсатымен оның үстінен тағы бір қылмыстық істі қозғауды көздеген шым-шытырық ойын немесе құйтырқы ой бар деп болжау қиын.

Шартты түрде босатылса да, қазірдің өзін де оның (Жақияновтың. Азаттық) өз мерзімін өтеп жатқаны аздай, “сотталу жазасының мерзімі өтпеген” деген атағының салдарынан ол не парламент депутаттығына, не президент сайлауына үміткер болып түсе алмайды.
XS
SM
MD
LG