Accessibility links

Асылбек Қожахметов Рахат Әлиевтің ақпараттарына сенбеуге шақырады


Шаңырақ қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асылбек Қожахметов. Алматы, 8 қазан, 2008 жыл

Шаңырақ қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асылбек Қожахметов. Алматы, 8 қазан, 2008 жыл

Асылбек Қожахметов Азаттық радиосына берген сұхбатында Рахат Әлиевтің оппозицияның кейбір жетекшілеріне қарсы жариялаған компромпаттарына сенуге мүлде сенуге болмайды деп атап көрсетті.



"Бізді әдейі шатастырмақ немесе İшкі істер министрлігінің өзі шатасты"

Қожахметов мырза,
Қазақстанның заң мекемелері тарапынан іздеу жарияланған Есентай Байсақовтың ісі бойынша не себепті сізді ең басты күдікті ретінде көргісі келеді?

- Иә, менен бұл туралы жауап алынды, тергеуге мен болған жайдың бәрін бүкпей айтып бердім.

Алайда менің тергеуде айтқан сөзім мен Ішкі істер министрлігі өкілінің менің сөздерім туралы айтқандары – шындыққа жанаспайды. Бұл жерде қоғамды адастырмақ болғаны айқын.

Тергеудің барысында мен Байсақовқа қатысты хатқа “Әділетті Қазақстан үшін” кеңсесінде қол қойғанымды айттым. Маған хатты берді, мен оқып таныстым да қол қойдым.

Тергеу кезінде мен бір кезде саяси себеппен қудаланып, Украинаға кетуге мәжбүр болып, сол жақта бір жылдан аса тұрған туған інім Талғат туралы да айтып бердім. Талғатқа келсек, оған қатысты шынында да мен өзім ұйымдастырдым. Ол істе заңсыз ештеңе де жоқ. Ал Ішкі істер министрлігінің баспасөз-хатшысы менің Талғатқа қатысты айтқандарымды, неге екені белгісіз, менің Байсақовқа қатысты айтқаныма таңып отыр.

24 қыркүйек күні бұл іске қатысты менімен бірге Әбілевтің, Қосановтың және Козловтың айыпталғанын баспасөзден оқып білдім. Ал 29 қыркүйек, дүйсенбі күні мені қылмыстық істі қозғау туралы қаулымен таныстырғанда, тізімде Козлов болған жоқ, оның орнына Тоқтасынов пайда болды. Соған қарағанда, Ішкі істер министрлігінде (ІІМ) оң қолының не істеп жатқанын сол қолы білмейтіндей көрінеді.

Яғни сіз бен біз бұл істің астарында саясаттың жатқанын, сондай-ақ жалпы Қазақстанның құқық қорғау мекемелерінің кәсіби деңгейінің төмендігін анық көреміз.

ІІМ-нің оппозиция өкілдеріне қатысты қазіргі іс-әрекетін саралап қарағанда, олар өздерінің басқа күштік мекемелерінен еш кем жұмыс істемейтіндігін көрсетіп, президенттің алдында тағы бір рет көрініп қалғысы келеді деп еріксіз ойлай бастайсыз. Мәселен, Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Серік Бүркітбаевты қамаса, қаржы полициясы Жақсылық Күлекеевті тұтқындады, ал ІІМ-нің ешқандай көрсеткіш жоқ. Рахат Әлиевті ұстау мүмкіндігі болып еді – жіберіп алды. Оның есесіне оппозицияға кірісті.

- Сіз Рахат Әлиевті айтып қалдыңыз, енді соған байланысты сауал: бұрын сіздің онымен достық немесе іскерлік байланысыңыз болды ма?

- Ешқашан араласқан емеспін. Кейбір іс-шараның барысында алыстан көрістік.

- «Қазақстан бүгін» сайтында Рахат Әлиевтің оппозиция жетекшілеріне қатысты оқтын-оқтын жариялап жатқан әшкере материалдарынан – таспаға жазылған телефон әңгімелерінен хабарыңыз бар ма? Мысалға таяуда ғана Нартай Дүтбаев пен Әділбек Жақсыбековтің аузымен Жармахан Тұяқбайды ресми билікпен, ҰҚК-мен астыртын ауызжаласты деп айыптады. Ж.Тұяқбай өзінің ресми мәлімдемесінде билікпен байланысы барын теріске шығарған жоқ, Қазақстанның игілігі үшін осындай Ақордамен кейбір байланыстарға баруға тура келетінін мәлімдеді.

- Рахат Әлиевтің таққан айыптарына сенуге болмайды. Оппозиция оны ешбір түрінде қабылдамайды. Рахат билікті де, оппозицияны да қолдамайды. Ол жеке басының мансапқұмар мүддесі мен жоспарын іске асыруды көздеген адам.

Әрине, оның кейбір нақты құжаттарын, ол жариялаған әшекере материалдар- "компроматтарды" ескерусіз қалдыруға, қағып тастауға болмайды. Нақты әрі айғақты айыптар пайда болғанда, оларға да тиянақты әрі дәлелді жауап қайтару керек. Сонда ғана жаланы жұқтырмай, абыройды сақтап қалуға болады.

Телефон әңгімелердің астыртын тыңдалып жазылуына келсек, ресми билік әрқашан да өзін оппозициядан, өзгелердің билік үшін таласынан қорғағысы келеді. Ал сөз тасу, домалақ хат жазу немесе билікпен астыртын ауызжаласуға келсек, бұл жерде көп нәрсе әр адамның өзіне байланысты ғой.

Өзіңіз де білесіз, адам деген әртүрлі болады ғой! Біреулер шамасына қарамай тым мансапқұмар, өзгелері орынсыз өкпешіл, ал үшіншілер өзін-өзі кем санайды. Ал кейде осы кемшіліктің бәрі бір адамның бойында кездеседі...

Міне соның салдарынан өзінің көңілін қалдырған адамдардан есесін қайтару үшін, белгілі бір құрылымдарға олардың үстінен домалақ хат жазу немесе сөз тасу сияқты түрлі хикая шығып жатады.

Біз әдетте билікті кімде-кімді қызмет бабымен жоғарылату үшін оның жеке басқа табыну қасиетін басшылыққа алу принципі үшін өткір сынаймыз. Ал келешекке деген өзіндік көзқарасы бар адамдар жиналған оппозицияда “жеке басын жақтырмау” сынды құбылыс бар.

Егер сондай бір адам кімде-кімді жақтырмай қалса, ол сол сезімін өзінің көптеген саяси іс-қимылында басшылыққа алады. Мейлі оның қарсыласы дұрыс сөйлеп, мейлі баршаға бірдей пайдалы іс атқарсын, әлгі адам үшін оның ешқандай маңызы болмайды. “Ең басты, -деп ойлайды ол адам, -мен оны жақтырмаймын, демек әрқашан да оған қарсы боламын”.

Міне бір-бірін осылай жақтырмау кейде бір-бірін билікпен астыртын түрде ауызжаласты деп айыптауға дейін жеткізеді. Ал менің ұстаған принципім: “Теріс қаржы талап етілген мақсат — игі мақсат емес”.

Партиядан емес, жетекшіліктен кеттім


- «Алға» партиясынан кетуіңізге оппозицияның ішіндегі осындай күрделі қарым-қатынас себеп болған жоқ па?

- Мен партия төрағасының міндетін өзіме үнемі бағыт-бағдар болып келген құндылықтарды қорғауға мүмкіндік болғанша атқарып келдім. Қорғай алмайтынымды сезгенімде, басшылық орнын босатуға бел будым. Менің бұл қадамым партияның жік-жікке бөлінуінен сақтап қалды-ау деген үміттемін.

Сондықтан да өзімнің басшылықтан кеткеніме дұрыс қараймын. Егер де адам өзі отырған орнын кез келген уақытта босатуға дайын болмаса, онда ол сол орынның құлына айналады. Ал мен құл емеспін және болғым да келмейді.

- Сіздің «Алғадан» кетуіңіздің басқа да себептері айтылып жүр. Сіз Жармахан Тұяқбайдың партиясымен бірігуді ұсынбақ болыпсыз да, ал ол сіздің инвесторларыңызға ұнамай қалыпты-мыс...

Менің бір ғана қайталап айтатыным – партия жетекшілігінен мен өзім кеттім. Менен оны ешкім талап еткен де жоқ, ешкім ығыстырған да емес.

- «Шаңырақ» ұйымына Асылбек Қожахметов келген соң, одан Айнұр Құрманов, Ризада Жақыпбек, Денис Әлімбеков сынды ең белсенділері кетті деген сөз бар. Оған сіз не дей аласыз?

- Мен «Шаңыраққа» «келіпті» деген жайт болған жоқ, Өйткені бұл ұйымды мен Шаңырақ ісі бойынша қоғамдық қорғаушы болған басқа адамдармен бірігіп құрдым. Ал жоғарыда сіз айтқан адамдар өздері келіп, еркін іс атқаруды қалады да, өздері кетті.

Әрине, бізде жұмысымыздың қиын сәттері де болды, бірақ ол адамдар туралы мен жақсы ойда қалдым.

Мен қойған нақты талаптар болды, атап айтқанда – егер біз биліктен заңды бұзбауын талап ететін болсақ, онда өзіміз де заңды бұлжытпай орындауға тиіспіз. Жұмысқа түрлі қарым-қатынас болады. Біреулер барлық ісін тиянақты, жан-жақты ойластырып, бұлжытпай істейді.

“Міне, қараңдар, мен халықтың қамын ойластырып жатырмын!” -дегендей, бүкіл айналасын шулатып, жұртқа көрсету, қоғамның назарын аудару үшін де жұмыс істеуге болады. Әркім өз жолын таңдауға құқылы. “Шаңырақ” секілді бір ғана емес, бірнеше қозғалыс болсын! Егер жұртқа қолқабыс көрсетіп, олардың проблемаларын шешіп жатса және халық олардың маңайына жиналса, мен оған тек қуанамын.

- Алып-қашпа әңгімеге қарағанда, сіз өз қозғалысыңызды тіркеу үшін премьер-министр Кәрім Мәсімовпен кездесіпсіз де, «Шаңырақты» тіркеуге сол көмектесіпті-міс. Яғни, сізді билікпен ауызжаласты деп айыптайды?!.

- Ия, өткен жылдың қазан айында мен Мәсімовпен шынымен де кездестім. Әңгіме «Шаңырақ» туралы ғана емес, жалпы республикадағы ішкі миграция проблемасы туралы болды. Өйткені, «Шаңырақ» жоқ жерден пайда болған жоқ қой және бүгін, не ертең ғайып болмайды. Ауыл халқы жаппай қалаға көшіп жатқанда, билік оларды орнықтырумен шұғылбандайынша, ауыл тұрғындарының сол ауыл-аймақтарындағы проблемаларын тиянақты қолға алмайынша, біз ішкі миграция проблемасын ешқашан шеше алмаймыз. Міне премьер-министрмен әңгіме осы туралы болды.

Ал маған Мәсімовке жолығуға Ертісбаев көмектесті. Мен Астанадағы азаматтық форумда болдым. Мен осы қасіретті мәселені Ертісбаевтың алдына жайып салдым, ал ол бұл проблеманы премьердің өзіне баяндауым керектігін айтты.

“Шаңырақты” тіркеуге оралсақ, тіркеуді біз жарты жыл өткен соң ғана, бесінші рет құжат тапсырған соң ғана алдық. Оған премьерге жолыққаным көмектесті ме? Егер көмектескен болса, мен оған тек қуанымын.

Мен қолымнан келгенін істедім, енді басқалар да көрсін...

- Әңгіменің арасында ініңіз Талғатты да айтып қалдыңыз. Оның Украинадан пана сұрауына не мәжбүр етті, соны түсіндіріп өтсеңіз? Ол да біреуді өлтіруге "тапсырыс" берді ме?

- Жоқ, ол ешкімге тапсырыс берген жоқ. Одан қалса, ол заңды аттап көрген емес. Қаржы полициясы оны салық төлеуден жалтарды деп айыптады. Бұл 2005 жылы болған оқиға.

Қаржы полициясы Талғат салық төлемейді, өйткені ол ақшаға өз ағасының, яғни менің, саяси қызметімді қаржыландыруы мүмкін деп бірден айыптады.

Осы істі жапқанша, ол 1.5 жыл Украинада тұрды. Қаржы полициясы талап еткен барлық салық пен айыппұлды төлеген соң, оны жайына қалдырды. Яғни бұл аяқастынан қалай пайда болып, дәл солай ғайып болған кезекті саяси іс болды.

- Саясатқа дейін сіз ісі өрге домалаған кәсіпкер болдыңыз. Шыныңызды айтыңызшы, саясатқа араласқаныңызға өкінбейсіз бе?

- Бұл оңай сұрақ емес. Бұл жөнінде өзім де көп ойландым.
Елде 2001-2002 жылдары болған шым-шытырық құбылыстарды ескеретін болсақ, мен қол қусырып отыра алмадым. Қиын да болды. Бүгінгі таңда жұрттың көз жанарындағы үміттің ұшқынын көріп, олармен өзімнің арман-мұраттарымды бөліскенімде, олардың қазіргі халді өзгерту қажеттігін түсінгенін және сондай тілегін байқаймын.

Мен жұрттың өзіме сенетінін көріп отырмын. Жұрттың сеніміне ие болу – зор құрмет. Бұрын мен қолымнан келгеннің бәрін аянбай істегенімді ашық айта аламын және ең бастысы – мен тоқмейілсіп отырмаймын. Біз көп нәрсеге қол жеткіздік. Бірақ, алда әлі ұзақ жол бар.

- Байқап отырсақ, сіз Қазақстанда ертелі-кеш демократия орнайды дегенге сенетін сияқтысыз ғой...

- Әрине! Мұндай өзгерістердің қас пен көздің арасында бола қоймайтынын, оған қарай үзіліссіз жылжып отыру керектігін сезіну қажет.
Өз жағымнан мен қазіргі құбылмалы жағдайда пайда болған проблемалардың лайықты шешімін табуға сөз беремін.

- Кеңес заманының диссиденттері де коммунистік үстемдіктің күйрейтініне кәміл сенді, бірақ олардың 70 жыл күтуіне тура келді...

- (Күледі). Бізде өзгерістер әлдеқайда ерте болады. Мен оған сенемін.

-Рахмет, әңгімеңізге.

Естеріңізге сала кетейік, İшкі істер министрлігінің өкілі Бағдат Қожахметов 6 қазан күні Астанада оппозициялық "Алға" партиясының бұрынғы төрағасы Асылбек Қожахметов қылмысты жасыруға бастамашы болғандықтан, күдіктіге айналды деп мәлімдеген болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG