Accessibility links

Виктор Цойдың депутаттық мандатын тапсыруының астарында не жатыр?


Енді бұрынғы деуптат атанған Виктор Цой, Астана парламент үйі, маусым, 2008 жыл
Енді бұрынғы деуптат атанған Виктор Цой, Астана парламент үйі, маусым, 2008 жыл

Орталық сайлау комиссиясы үстіміздегі жылдың 23 қазанында мәжіліс депутаттығына босаған бір орынға қосымша сайлау өтетіндігін ресми жариялады.

8 қазанда белгілі болғандай, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған Виктор Цой өз еркімен депутаттық мандаттан бас тартқан.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнің түсіндіруінше, Виктор Цой өтінішін қазанның 3-де жазған.
– Онда Цой мырза депутаттық мандаттан өз еркіммен бас тартамын деген. Сондықтан Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы оның өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады, – дейді Ләззат Сүлеймен.
Орталық сайлау комиссиясының өкілі Ләззат Сүлеймен, Астана, парламент үйі, 8қазан, 2008 жыл


Ал сәрсенбі күнгі мәжілістің жалпы отырысына Виктор Цойдың өзі келген жоқ. Вице-спикер Сергей Дьяченко оның ауруханада жатқанын айтты. Экс-депутаттың көмекшісі Айжан Құсайынова бұрынғы басшысының депутаттық қызметінен бас тартуын оның құрылыстағы бизнесінің тоқтап қалуымен байланыстырады.
– Былтыр үлескерлер проблемасы шыққанда-ақ Цой мырза депутаттықтан кетуді ойлады. Бірақ сол кездері мәжілісте үлескерлерге, құрылыс компанияларына қатысты маңызды заң жобалары талқыланып жатты. Ол соған өзінің ұсыныстарын енгізіп, белсенді жұмыс істеді. Бүгінде ол заң жобалары қабылданды. Сондықтан енді шешім қабылдаған шығар, – дейді экс-депутаттың көмекшісі.

Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан да Виктор Цойдың кетуінің бизнеспен қатысы болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды.
– Өткен жолы Бас прокуратура үлескерлердің акшаларын игермеген, жеп кеткен компания басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтты ғой. Тексеру жүріп жатыр деді. Сондықтан ол депутат болып отыруды моралдық жағынан дұрыс көрмеген шығар, – дейді «Нұр Отанның» мүшесі.

Тек «нұротандық» депутаттардың ішінен Виктор Цойдың өкілеттігінің тоқтатылуына Амангелді Момышұлы ғана қарсы болды.
– Асығудың қажеті қанша? Әріптесіміздің келуін күту керек еді. Өзі түсіндірсін не болғанын? Ол Ассамблеядан сайланды. Ең алдымен Ассамблея қарап, сосын шешім шығару керек. Ол «Нұр Отанның» депутаты емес қой, дауыс бере салатын. Біздің депутаттарға бәрібір, арамыздан біреуді атып кетсе де, үндемей қолдарын көтеріп отыра береді, – дейді мәжіліс депутаты Амангелді Момышұлы.

Ал енді экс-депутат Виктор Цойға келсек, ол мәжіліске келгенге дейін «Ақ ауыл» құрылыс компаниясын басқарған. Құрылыс саласы дағдарысқа ұшырғанда, ол компанияның үлескерлері көтеріліп «президентке Цойдың мандатын алу туралы хат жазамыз» деп шулаған болатын.
Бүгінде тек Астана қаласында «Ақ ауылдың» 7 құрылыс нысаны тоқтап тұр. Сонымен бірге Қазақстан Конституциясына сәйкес, депутаттың бизнеспен айналысуына қатаң тыйым салынады. Ал жоғарыдағы Цойдың көмекшісі, депутат У. Қалижанның сөздеріне қарағанда, Виктор Цой бизнеспен айналысып келген және ол бизнеспен айналысатын жалғыз депутат емес. Парламент дәлізіндегі әңгімелерге қарағанда, әзірге бұл үлкен даудың басы ғана.
XS
SM
MD
LG