Accessibility links

Жаңа ереже жол қауіпсіздігін қаматамасыз ете алды ма?

  • Нәйла СҰЛТАН

Биылғы жылдан бастап, жол ережесін бұзған көлік жүргізушілерге байланысты тәртіп қатайтылған болатын. Алайда мұндай шара жолдағы тәртіптің күшеюіне себебін тигізе алды ма?

Жол полициясының мәліметіне жүгінсек, осы жылдың ішінде жол ережесін бұзғандардың саны 44 пайызға артқан. 100 мыңнан астам темір тұлпар иесіне айыппұл салынып, 6 мыңнан астам адам көлік жүргізу куәлігінен айырылған. Құзырлы мекеме тәртіптің қатайтылуы жол қауіпсіздігін күшейтуге ықпалын тигізетіндігіне сенімді болғанымен, оған күмәнмен қарайтындар да бар. Соның бірі көлік жүргізгеніне бес жыл болған Ерлан есімді азамат:


- Қауіпсіздік белдігін байқаусызда тақпай қалсаңыз, оның ең төменгі айыппұлы 5800 теңге. Ал жол инспекторына 3000-4000 теңге берсеңіз ол сізді жібере салады. Бұл бюджетті толтыру емес, қатардағы жол полициясы қызметкерлерінің қалтасын томпайту. Айыппұлды ешқашан жоғарылатпау керек.


Ал, біз әңгімеге тартқан көлік жүргізушілердің бірі Вадим Иванов жол ережесіне байланысты заң тәртібінің күшейтілуін қолдайды екен:


- Мен тәртіп бұзғандарға айыппұлдың жоғары мөлшерде салынатындығын қолдаймын. Себебі, жол үстіндегі тәртіпті реттеу үшін айыппұлдың мөлшерін ұлғайтпаса, ол оңайлықпен қалпына келмейді. Оның үстіне біздің қала жүргізушілері екі топқа бөлінген. Бірі қалталылар, яғни олар емін-еркін жүріп, жол ережесін белінен басып жүреді. Екіншісі, қарапайым адамдар, соларға сәл ауырлау болады, - деді Вадим Иванов.


29 жасар Индира есімді жүргізуші ереже бұзған жүргізушілерге қарсы қатаң шаралар қолданбаса, олар жолда жүру ережесін сақтамайды деп есептейді.


- Жол полициясының қолға алған шарасын мен қолдаймын. Себебі, қоғамда, жол үстінде мықты тәртіп орнату үшін кей кездері осындай қаталдыққа бару керек. О бастан белгілі адамдар қаталдықты жақсы көреді, - дейді Индира.


Біз осы мәселеге қатысты Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің Жол полициясы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Александр Васильевке хабарласқанымызда, онымен сөйлесу мүмкін болмады. Сондай-ақ, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментіне хабарласқанымызбен де тиісті жауап ала алмадық.


Өткен аптада Қазақстанның жол полициясының 28 қызметкері пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің хатшысы Бағдат Қожахметов бұл туралы былай деді:


- Параны алған жол полициясының қызметкерімен бірге параны берген азамат та қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осыны ескере отырып, пара берердің алдында ойлану керек. Пара бермей, өз-өзін кінәлі деп есептесе, әкімшілік кодекс бойынша мемлекеттің қазынасына апарып айыппұл төлеуі керек.


2007 жылы Алматы қаласында тіркелген автомашиналардың саны жарты миллион болса, биылғы жылдың басынан бері олардың қатарына тағы 19650 автокөлік қосылған. Сондай-ақ, қалаға күн сайын көрші облыстардан 150-200 мың автомашина келіп отырады екен.

XS
SM
MD
LG