Accessibility links

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспаналы болып жатқан адамдар алған үйлерінің шаршы метріне төленетін ақының бастапқыда көрсетілген бағадан өсіп кеткенін айтуда.

Хушидам Махперова, мемлекеттік қызметкер:

— Мен бір бөлмелі үй алдым. Негізі, 2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй бағдарламасымен баспана алғандар әр шаршы метріне 470 доллар төлеуге тиіс. Бізге, осы күзде ғана «Көкжиек» деп аталатын ықшам ауданына салынған көпқабатты үйлерден пәтер берді. Енді, міне, төлеуге тиіс бағамыз банктің үстеме пайызын қоспағанда, 71774 теңге болып шықты. Сонда біз, әр шаршы метріне 600 доллар төлейік деп отырмыз. Жоғарыдағы 71774 теңгені 2008-2010 жылдарға арналған бағдарлама бойынша алатындар төлейтін сома. Олардың банктік үстемесі 4 пайыз, біздікі 10 пайыз. Ал, мұндай жағдайға тап болған адамдар көп.

Әзір ешқандай ресми мекеме біздің сауалымызға жауап қайтарған жоқ. Мәселенің мән-жайын анықтауға тырысып жатырмыз.

Сәуле Қарабалаева, дәрігер:

— Бағаның өскенін біліп, банкке барып «Неліктен баға өсті?» десек, «Біз білмейміз. Бағаны тұрғын үй басқармасы бекітіп жіберген» дейді. Тұрғын үй басқармасына барсақ, «Құрылыс компаниясы бізге сондай бағамен өткізген» дейді. Сөйтіп, үй бағасының неге қымбаттағанын ешкім білмейді. Әр шаршы метріне 600 доллардан келеді. Мұндай ақшаны біз төлей алмаймыз. Ресми мекемелер маңына жолатпайды. Әйтпесе, оларда барлық ақпарат бар ғой.

Дариға Сәтемирова, оқытушы:

— 2005-2007 жылға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша бір бөлмелі пәтер алып, кешеден бері көшіп келіп жатырмын. Тамыз айында құжаттар жинап өткізгенімде, шаршы метрін 460 доллар деп есептеген. Сонда бір бөлмелі үй 19 мың долларға бағаланып тұр. Арнайы бағдарламамен беріліп жатқан үйлердің құны өсіпті дегеннен хабарым жоқ.

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасымен баспаналы болған жұрт бағаның негізсіз өскені туралы ресми орындардан толыққанды жауап ала алмаған соң, ақпарат құралдарының көмегіне жүгініп, КТК телеарнасына аталған мәселесінің басын ашып біліп беруін өтінген екен. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Виктор Долженков КТК телеарнасына берген сұхбатында жуық арада бұл мәселенің шешімін табатынын айтқан. Сондай-ақ, аты-жөнін атамауды өтінген құрылыс басқармасының қатардағы қызметкері бүгін кешке қалалық әкімшілікте осы жайға орай арнайы жиналыс өтетінін, қандай шешім қабылданатыны сол мәжілістен кейін белгілі болатынын жеткізді.
XS
SM
MD
LG