Accessibility links

Оппозицияға қарсы қозғалған іске павлодарлық кәсіпкердің жесірі қосылды


Манана Костанованың адвокаты Асылболат Какимов. Алматы, 21 қазан, 2008 жыл.

Манана Костанованың адвокаты Асылболат Какимов. Алматы, 21 қазан, 2008 жыл.

Оппозицияның бірнеше жетекшісіне қарсы қозғалған қылмыстық іс төңірегіндегі дау-жанжалға енді 2001 жылы өлтірілген павлодарлық кәсіпкер Борис Костановтың жесірі Манана Костанова да кірісті. Бүгін Алматыда оның адвокаты мәлімдеме жасады.

Адвокат Асылболат Какимов Борис Костановтың жесірінің атынан оппозиция жетекшілеріне қайрылып, Есентай Байсақовқа саяси баспана беруді сұрап, Украинаға жіберген өтініштерін қайтарып алуға шақырды.

Асылболат Какимовтың айтуына қарағанда, "Қазақстандағы бірқатар саяси партиялардың басшылары адам өлімін популистік мақсатта пайдаланып, өзгенің басына түскен қайғы арқылы өз аттарын шығарғысы келеді".
Мұнымен қатар Асылболат Какимов оппозициялық саясаткерлер айыпталушы Есентай Байсақовқа қолдау білдіру арқылы әділеттіліктің салтанат құруына кедергі жасап отыр деп біледі.
Адвокат Асылболат Какимов егер қазақстандық оппозиция жетекшілері Есентай Байсақовқа саяси баспана беру жөнінде Украинаға жолдаған өтініштерін қайтарып алса, Украина билігінің Байсақовты Қазақстанға қайтаратынына сенімді.

"Мен Есентай Байсақов Борис Костановты өлтіруге тапсырыс беруші деп ойлаймын, өйткені тергеу материалдары соны аңғартады" деп мәлімдеді адвокат Асылболат Какимов.
Сондай-ақ адвокат Борис Костановтың өлімі бойынша алдын-ала жүргізілген тергеу амалдары мен сот ісіне Есентай Байсақов қатысқан жоқ, сондықтан оған қатысты сот шешімі қабылданбаған деп атап көрсетті.
Адвокат өз қорғалушысы Манана Костановаға белгісіз біреулер тарапынан қорқытып-үркіту әрекеттері де жасалып жатыр деп мәлімдеді Алматыдағы баспасөз-мәслихатында.

Осы жылдың қыркүйек айында Қазақстан İшкі істер министрлігі Қазақстан оппозициясының бірқатар жетекшілеріне қарсы аса ауыр қылмысты жасырды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалғаны жайында хабарлаған-ды.
Оппозиция жетекшілері Украина билігінен Есентай Байсақовқа саяси баспана беруді сұрап хат жазған болатын.
Ал Есентай Байсақовты Қазақстан полициясы 2001 жылы кәсіпкер Борис Костановты өлтіруге тапсырыс берген күдікті ретінде қарастырады.
XS
SM
MD
LG