Accessibility links

Қазақстанда азаптауға қарсы жұмыс тобы іске кірісті


Адам құқын қорғаушы Евгений Жовтис (ортада). Алматы, қазан, 2008 жыл.

Адам құқын қорғаушы Евгений Жовтис (ортада). Алматы, қазан, 2008 жыл.

Қазақстанда азаптауға қарсы үкіметтік және үкіметтік емес ұйым өкілдерінен құралған жұмыс тобы іске кірісті. Бұған дейін Қазақстан осы жылдың жаз айында БҰҰ-ның азаптауға қарсы факультативтік қаулысына қол қойған болатын.

Алматы қаласы және Алматы облысындағы арнайы бақылау орнатылған мекемелерде болған жұмыс тобының құрамындағы құқық қорғаушы Евгений Жовтис өзінің көргендерімен былайша бөліседі:

- Жұмыс тобының баратыны туралы мекеме басшыларына алдын-ала ескертілді. Сондықтан біздің алғашқы баруымыз бақылаудан гөрі мекемелердің жағдайымен танысуға ұқсайды. Тіпті ондай жағдайда мекемедегі адамдардан «қандай шағымдарыңыз бар» деп сұраған күннің өзінде басшылықтың көзінше әкімшілік тарапынан қысым көрген адамның өзі де айта алмайды.


«БҰҰ-ның арнаулы қаулысына қол қойған Қазақстан 1-2 жыл ішінде қысыммен күресудің ұлттық превентативтік механизмін қалыптастыруы тиіс. Ол - бұрындары прокуратура немесе қоғамдық комиссия тарапынан жасалып келген бақылаудың жетілген түрі болып табылады»,- дейді мамандар.


Бұл тұрғыда Қазақстанның әзірше тәжірибесі жоқ екенін айтады Евгений Жовтис:

- Аталған жұмыс тобының еркіндігі шектеулі адамдар тұратын мекемелердегі жағдайды мекеме басшысына ескертусіз-ақ аралауға құқығы бар. Бұл жүйенің жақтаушылары да, қарсыластары да бар.


Қазақстандағы құқық қорғаушы мамандардың айтуынша, мемлекет азаптауға қарсы конвенцияға қол қойғанмен елдегі жағдай мүлде өзгеше. Азаптау, қысым көрсету шаралары әлі күнге дейін құқық қорғау орган өкілдерінің тергеу болмаса істі ашу кезінде қолданатын әдістерінің бірі болып отыр.


- Біздің уәкілдікке азаптау фактілері бойынша өтініштер түсіп жатады. Өкінішке қарай, 15 адамнан тұратын біздің уәкілдіктің ол іспен айналысуға құзыры жетпейді. Біз оларды өзге мемлекеттік органдарға Бас прокуратураға, Ішкі істер министрілігіне тапсырамыз. Ол жерде фактілердің барлығының беті ашылады деу қиын. Шағым-өтініштерге қарап қысымдардың көбіне мекемеге келген кезде немесе карантин кезінде жиі болатыны белгілі болды.


Мамандардың айтуынша, мұндағы басты мәселелердің бірі - азаптау шараларын қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі. Себебі, ол туралы арнайы заңда бұлыңғыр жазылған. Көбіне мұндай қылмысқа тартылған адамдар «өз қызмет бабын асыра пайдаланған» деген сияқты жеңіл жаза түрлеріне тартылып келеді дейді олар. Сондай ақ, азаптау шараларының болғанын дәлелдеу де ең қиын мәселе көрінеді. Саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, кеңес кезіндегі жазалау әдістері Қазақстанда әлі күнге дейін жойылмаған.

- Ол, өкінішке қарай, полицияның өзінде болсын, түрмелерде болсын адамды ұрып-сабау, неше түрлі психикалық-физикалық жағынан қысым көрсету арқылы мойындату, өзін-өзі айыптау сияқты азаптау әрекеттері кездеседі. Азаптау сияқты бұрынғы практикадан арылу үшін ең алдымен, қоғамның өзі кеңестік идеологиядан арылуы тиіс. Әрине, жаңағыдай жұмыс топтарының құрылуы дұрыс. Оларды тексеріп тұру керек. Бірақ ол баспасөздегі, рухани өмірдегі, театрдағы, кинодағы үлкен саясат арқылы насихаттап отырсақ, сонда ол беки түседі.Тоталитарлық сана деген қайдан шығады? Өзіміздегі полиция болсын, басқасы болсын онда көбіне бұрыннан келе жатқан адамдар бар. Олардан жастар үйренеді.

Мамандар аталған жүйені Қазақстанға енгізу үшін кемінде екі жыл керек деп отыр.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG