Accessibility links

Румыниялық псевдоқазақтар псевдоқазақ журналисі Бораттан өтемақы талап етуде

  • Есен СМАҒҰЛОВ

Бораттың атышулы дау-дамайлы фильмінде Қазақстан тұрғындарының бейнесін жасаған Румыниядағы кедей ауылдың адамдары бізді алдап соқты, бүкіләлемге әжуа болдық деп мәлімдейді.

Олардың кинодағы "актерлік еңбектеріне" 3 еуродан ғана төленген екен.
Кино түсіру тобы фильмге түскендері үшін ақы төлейміз дегенде румыниялық кедей ауылдың тұрғындары бірден келіскен еді. Бірақ олар британдық сайқымазақ Саша Барон Коэннің "Борат" деп аталған бұл атышулы фильмінде өздерінің әжуа мен мазаққа қалғандарын білгенде сот арқылы өтемақы талап етпкеші болып шешті деп хабарлайды,- британдық БиБиСи хабар тарату корпорациясының сайты.

Репортаждың басты кейіпкері Румыниядағы Глод деп аталатын ұсқынсыз ауылдан қалай қашып кетуді өмір бойы армандаған17 жасар қыз Кармен Чоребеа. Атан-анасы өсіп келе жатқан қыздың тұрмысқа шығып, бала тәрбиелеп, ана болғанын қаласа, бойжеткен кедей ауылдан қарасын үзіп, Испанияға кетуді, жақсы тұрмыс пен жаңа адамдары кездестіруді қиялдайтын.

Бұл ауылға өркениет әлі жете қоймаған. Ел астанасы Бухарестің солтүстік-батысынан шамамен 140 шақырымдай жерде жатқан Глод ауылында кабелді телевизия жоқ, су құбырлары да жүргізілмеген. Мұндағы халық кірлерін өзеннің ағынды суына қолмен жуады.
Ауылда жұмыс табу мүмкіндігі жоқтың қасы, әсіресе Кармен сияқты жекеменшік дүкенде жұмыс істеу үшін оқымай қалғандардың қолы бірнәрсеге жетеді деудің өзі қиын.

Румынияның осындай кедейлік пен жоқшылық жайлаған ауылын өзінің кейіпкері қазақстандық "журналист" Бораттың жалған отаны етіп таңдау арқылы британдық сайқымазақ актер Саша Коэн Барон Қазақстанды да көз алдына да дәл осындай деп елестетсе керек.
Борат фильмінің сценариі бойынша, актриса Памела Андерсонмен кездескісі келген журналист Борат Америкаға саяхатына осы Глод аулынан аттанады.

-Мұнда өте қиын. Мен бақытсызбын.Мұндағы нәрсенің ешқайсысы да маған ұнамайды. Бұл арадан басқа жаққа біржолата кетіп қалып, ұнамсыз жайттың бәрін де ұмытқым келеді,-деп мұңын шағады Кармен,- Мен теледидардың арқасында испан тілін үйреніп алдым, егер сіз көп оқысаңыз, бұл ауылдан кете аласыз"

Глод ауылына Американың кино түсіру тобы келіп, тұрғындарға фильмді түсіруге қатысқандары үшін 3 еуродан (2.5 фунт стерлинг) төлейміз дегенде, олардың бөріктерін аспанға атып, қуаныштан бірден келіскендеріне таң қалуға болмас.
2006 жылы экранға шыққан "Борат" фильмінен түскен жалпы пайданың көлемі 150 миллион фунт стерлинг болды, бұл 240 миллион долларға жақын.

Енді болса Глод ауылының тұрғындары кинокомпания өздерін "Борат" фильміне алдау арқылы түсірді деп есептейді. Олардың айтуынша, тұрғындарға деректі фильмге түсесіздер деп айтылған екен, ал шын мәнінде "Борат" картинасында ауыл тұрғындары артта қалған, қылмыс жайлаған қауым болып көрсетіледі.

Карменнің атасы, жергілікті механик Спиридом былай дейді:
-Олар мені аборт жасайтыn гинеколог етіп бейнелеп қойған. Мен дәрігер емеспін. Гинеколог та, қылмыскер де емеспін. Аборт та жасамаймын, мені қатты ашуландыратыны да осы, егер олардың өздері айтқандай ол деректі фильм болса, мен қарсы болмас едім.

Фильмдегі келесі бір көріністе Коэн сол ауылдағы жас қыздың қасында тұрып, әлгі қызды "бүкіл Қазақстандағы нөмері төртінші жезөкше" деп атайды.

Глод тұрғындары сонымен сотқа шағымданбақшы болып шешкен. Германиялық адвокат Михэль Витти мен американдық заңгер Эд Фаган румындарға "Борат" фильмін түсірушілерден 30 миллион доллар (18 миллион фунт стерлинг) өтемақы төлеуді талап етіңіздер деп ақыл-кеңес берген.
-Олар деректі фильм болады деп айтқан, ал шын мәнінде экранға шығарғандары мүлде басқа дүние. Бұл деген масқаралау, жәбірлеу болып табылады,- дейді адвокат Витти.

Борат фильмін түсірген кинокомпаниядан өтемақыға қол жеткізу Глод аулының тұрғындары үшін кедейлік пен жоқшылықтың зардабынан құтылудың бір жолы болып көрінетіндей.

Британдық сайқымазаққа қарсы сот процесін белсенді қаузаушылардың бірі Карменнің әкесі -Ион. Ол соттта жеңіске жетіп, өтемақыға қол жеткен жағадайда ол қаржының бәрін аулының инфрақұрылымына жұмсап, жұмыс орындарымен, зейнетақымен қамтамасыз ететін кәсіпорындар ашуды ойластырып қойған. Ион сондай-ақ құдықтан су тартатын ауылдастарын сумен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін табуды да армандайды.

Бірақ Американың округтік сотының судьясы Лоретта Преска сәуір айында берілген Глод ауылы тұрғындарының талабында уәждер жеткіліксіз деп, арыз қанағаттандырылу үшін нақты мәлімдемелер көп болуы керектігін алға тартып, сотқа түсірілген шағымды кері қайтарған.

20th Century Fox кинокомпаниясының өкілі Глод ауылының тұрғындары тағып отырған айыпты жоққа шығарады:
-Ауыл тұрғындарының көпшілігі деректі фильмге емес, көркем фильмге түсіп жатқандарын білген болатын,-десе де, өкіл олардың бәрі бірдей картинада әңгіме не туралы болып жатқанын мүмкін түсінбеген болар деп мойындайды.

20th Century Fox кинокомпаниясының өкілі ауыл тұрғындарының әрқайсысына 4 доллардан астам, демек 3 еуродан ақы төленетіндігі көрсетілген келісімшартқа қол қойғандығын растайды, өйткені жергілікті кинокомпания өкілдері осындай сома лайықты болады деп ұсыныс жасаған екен.

Сонымен Глод аулындағы Бораттың фильмінде қазақтардың рөлін атқарған румындар бұл оқиға өздеріне тиімді тұрғыда аяқталады деп күтеді. Олардың адвокаттары сотқа қайыра талап-арыз түсірмекші.
Басты кейіпкер Карменді Испанияның дәм-тұзы тартпаған көрінеді, есесіне ол туған аулында бақытын туып, тұрмысқа шыққан, сәбилі болған.

Ал Глод тұрғындары тағы да бір фильмнің басты кейіпкерлері болып отыр, бұл жолы ол шынымен де деректі фильм. Шарасыздықтан кино актерлерге айналған румындардың бастан кешкендері жайлы деректі фильмді 27 қазан, дүйсенбі күні БиБиСи корпорациясының 4-ші арнасы көрсетті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG