Accessibility links

Президенттер уақытша, геосаяси мүдде мен мақсат мәңгілік


АҚШ-тағы президенттік үміткерлер Барак Обама мен Джон Маккейннің Хэллоуйн маскалары,қазан, 2008 ж.

АҚШ-тағы президенттік үміткерлер Барак Обама мен Джон Маккейннің Хэллоуйн маскалары,қазан, 2008 ж.

Қарашаның 4-і күні АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Кейбір сарапшылар жаңа президенттің келуімен қатар АҚШ-тың сыртқы стратегиялық қарым-қатынасындағы бағыттар да өзгеруі мүмкін деп болжайды.

Билікке жаңа президенттің келуі АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа қалай әсер етеді? 2009 жылы АҚШ-тағы президенттік таққа кім отырмасын, АҚШ-тың жүргізетін сыртқы саясаты түбегейлі өзгермейді дейді қазақстандық сарапшылар. Оның арасында саясаттанушы Айдос Сарым да бар.

- Билікте қазір мынадай жаңсақ пікір бар: Обама жеңетін болса, қазақ үкіметіне жеңілдеу болады немесе Маккейн келетін болса, онда біздің билікке қатаңдау тиеді деген сияқты. Оның барлығы бос сөз. АҚШ-тың үкіметі демократтар келе ме, республикашылар келе ме, сыртқы саясатын бірқалыпты жүргізіп келе жатқан ел. Менің ойымша, демократия мәселесіне келгенде, адам құқығы мәселесіне келгенде біздің билік үшін Обама да, Маккейн де оңай болмайтын сияқты.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, президенттер уақытша болғанмен, геостратегиялық мақсаттар ұзақ уақытқа қала бермек.

- АҚШ-тың біздегі аймақта стратегиялық мүдделері бар екенін ескерсек, оның болашағы президентке тәуелсіз. Бұл қандай мақсаттар? Біріншіден, бұл Қазақстанмен энергетикалық әріптестікті дамыту болып табылады. Тіпті Барак Обама жеңген күннің өзінде бұл саясат өз жалғасын табады. Себебі, олар қайткен күнде бұл бағытта бәсекелес әріптес болуға ұмтылып отырған Ресей мен Қытайдың ниетінен қауіптенеді.

Досым Сәтпаевтың айтуынша, АҚШ Қазақстанмен жақсы қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысады, себебі, АҚШ-қа Ауғанстан мәселесін шешуде тұрақты әріптес қажет. Екінші, негізгі мақсат осы болып отыр.

- Бұл жерде әңгіме - аймақтық қауіпсіздік мәселесі жайында болып отыр. Себебі, Ауғанстанда НАТО-ның көлемді әскери шоғыры бар. Оның негізгі құрамы АҚШ әскерінен тұрады. Бұдан басқа АҚШ әлемдегі ірі мемлекеттерде өзінің ықпалын сақтауға тырысады. Сәйкесінше, ол негізгі аймақтарды өз уысынан шығарғысы келмейді, оның арасында Орталық Азия да бар.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа келген президент ең басты орынға экономиканы дағдарыстан құтқару мәселесін қоймақ. Содан да мемлекет сыртқы саясатқа аз мән беруі мүмкін. Бұдан бөлек, АҚШ өзіне керек деген негізгі аймақтардың барлығына бірдей көңіл бөлуге қауқарсыз. Мұны Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Болат Әуелбеков АҚШ-тың әлсіздігі деп біледі.

- Мысалы, егер Обама АҚШ әскерін Ирақтан шығаруды уәде етсе, ол сайланған уақытта өз уәдесін орындауға тырысады. Бірақ бұл өте күрделі жағдайда өтпек. Себебі, мұны басқа ел тұрмақ, АҚШ-тың өзі қалай бағаламақ? Жеңіліс деп пе? Екіншіден, бүгінгі таңда Ирақта жағдай тұрақталды деп те айту қиын. Ауғанстан мен Ирақ мәселесі Америкадан саяси жағынан да, қаржылық жағынан да көп көңіл бөлуді талап етеді. Жаңа президент әкімшілігіне бұл мәселелерді шешуге тура келеді. Ал оның салдарынан АҚШ өзге аймақтардағы ықпалын әлсіретіп алмақ. Мәселен, ол қазірдің өзінде Азия-тынық мұхит аймағындағы басымдық рөлінен айрылып қалды. Қазіргі таңда ол аймақта АҚШ-тан гөрі Оңтүстік Корея, Жапонияның ықпалы басымырақ.

Мамандардың айтуынша, десек те, АҚШ-тың алдында бұдан маңыздылығы кем емес міндет бар, ол - ел экономикасын дағдарыстан шығару. Ал ол міндеттің жаңа сайланған президентінің абыроймен өтеуіне кез келген ел мүдделі. Себебі, АҚШ-та басталған қаржы дағдарысының салдарын бүгінгі күні бәрі көріп отыр. Сондай ақ, жекелеген мемлекеттердің экономикасындағы бірқатар секторлар АҚШ экономикасына тәуелді екенін мойындау керек дейді мамандар.

- Әлемнің қайсыбір мемлекетін алмаңыз, АҚШ долларының құлдырауын қолдамайды. Біз де қолдамаймыз. Бізде мәселе алтын валюта қорының 70 пайыздай бөлігі доллармен есептеледі. Сондықтан бізге доллардың құлдырауы тиімсіз, - дейді саясаттанушы Сейфолла Сапанов.

АҚШ президенттігіне негізгі үміткер ретінде республикалық партия өкілі Джон Маккейн мен демократиялық партия өкілі Барак Обама. Болжамдар бойынша, дауыс жинауда айырмашылықтар аз болмақ. Соған қарағанда АҚШ-тағы бұл президенттік сайлау өте тартысты болайын деп тұр.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG