Accessibility links

Қазақстан полициясының іздеуіндегі Олег Евлоев Ингушетияда ұсталды. Құқық органдарының мәліметі бойынша, Евлоевқа 4 адамның өліміне қатысы бар деген күдікпен іздеу жарияланған. Қазіргі таңда күдікті Грозныйдағы абақтыда отыр.

Қазақстан азаматы Олег Евлоев қазанның 29-күні Шешенстан және Ингушетия құқық органдарының көмегімен Ингушетия Республикасы Сунжен ауданы, Нестеров ауылында ұсталды. Бұл туралы Азаттық радиосына ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов хабарлады.

«Олег Евлоев Шешенстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің уақытша қамау мекемесінде отыр. Қазір күдіктіні Ресей Федерациясынан Қазақстанға экстрадициялау жұмыстары басталып кетті», - деді Бағдат Қожахметов.

ҚР Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, айуандықпен өлтірілген үш бала (үш, жеті, он жастағы) және олардың анасының денесі 2008 жылғы қазанның 21-күні Астана қаласындағы Шұбар ықшам ауданындағы жеке үйде табылған. Кісі қолынан құрбан болғандардың барлығы да бауыздап өлтірілген.

Оқиға болған сәтте өлтірілген отбасының отағасы - бір жеке кәсіпорынның директоры - жұмыс бабымен шетелде жүрген. Қылмыс тіркелген үйдің ауласынан «Тойота-Камри» автомобилі, зергерлік бұйымдар және 500 мың теңге жоғалып кеткені анықталған.

Құқық органдары осы оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 92-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда жантүршігерлік қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі азамат ұсталғаны белгілі болды.

«Евлоевпен бірге тағы бір күдікті қолға түсті. Осы қылмысты жасауға себеп болған бірінші күдікті адам өлтірілген отбасының отағасына көп сомалы ақша қарыз екендігі анықталды. Күдікті қарыздар болған адамнан құтылайын деген есеппен осы қылмысты істеген. Тергеу жұмыстары екі күдіктінің осы қылмысты істегендігін дәлелдеді. Іс тез арада сотқа беріледі», - деді Бағдат Қожахметов.

Шұбардағы жантүршігерлік қылмыс Парламентке дейін жетіп, қазанның 29-күні төменгі палатаның депутаттары қасақана бала өлтіру қылмысы үшін өлім жазасын тағайындау мәселесін көтерген болатын.

"Бейкүнә сәбилерге, қорғансыз балаларға қатыгездік қылмыс жасаған адамға ешқандай кешірім болмауы тиіс, оларға өлім жазасын тағайындау қажет деп санаймыз. Сондай-ақ, біз бейкүнә балаларды аяусыз өлтіргені үшін өлім жазасын қолдануды қарастыратын түзетуді қолданыстағы заңға енгізу қажет деп санаймыз", делінген депутаттардың Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған үндеуінде.

XS
SM
MD
LG