Accessibility links

Адвокат Жақсыбек Күлекеевті толық ақтауды сұрады, үкім шығарылатын күн де жақын


Жақсыбек Күлекеев сот залында. Астана, қазан, 2008 жыл

Жақсыбек Күлекеев сот залында. Астана, қазан, 2008 жыл

Атышулы Күлекеев ісіне қатысты сот отырысында тараптардың жарыссөзі аяқталды. Енді бір-біріне айтылған сындар мен айыптарға қатысты екі жақ жауап беруге мүмкіндік алады. Осыдан кейін сот үкім шығаратын болады.

Адвокат Сәлімжан Мусин соттан Күлекеевке тағылған айыптардың барлығын жоққа шығаруды, Күлекеевті және оның жүргізушісін ақтап, босатуды талап етті. Күлекеевтің өзі де тағылған айыптарды мойындамайтындығын жеткізді.

Күлекеевке тағылған айыптардың барлығы да дәлелсіз, дәйексіз деген адвокат прокурор тек қана «көлігіндегі портфелді көрмеуі мүмкін емес, жүргізушісі осыған дейін де танымайтын адамнан портфель алуы мүмкін» деген сөздердің негізінде ғана өзінің қорғалушысы Күлекеевті ауыр қылмыскер ретінде айыптап отыр дейді.

Күлекеевтің қорғаушысы Мусин ең бастысы, бұл іске жұмылдырылған елуге тарта қаржы полициясы өкілдерінің елдегі заңды дұрыс білмейтіндігін баяндады. Оның айтуынша, Күлекеев ісін тергеу күші жойылған, ескі Қылмыстық кодекс бойынша қаралған. Ескі заң жаңа Қылмыстық кодекс қолданысқа енгеннен кейін, яғни 2007 жылдың 21 шілдесінде жойылған.

Жаңа Қылмыстық кодекске сәйкес, пара беруші де ең ауыр қылмыскер ретінде қаралып, оқиға өткеннен кейін де, оның жазған өтініші қанағаттандырылмай, ол кемінде он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айрылуы керек дейді адвокат.

- «100 мың доллар пара бердім» деген Кенжеболат Такеев те, «ақшаны үш күн бойында үйде ұстадым» деген Руслан Местоев та, Дамир Муминов те қылмыстық жауаптан босатылып отыр. Мұны қаржы полициясының өкілдері заңға сәйкес деп түсіндіреді, заң бұзушылықпен күресетін мекеменің өзі сауатсыз, заңды дұрыс білмейді, - деп мәлімдеді адвокат Мусин.

Ең қызығы тергеу барысында адвокаттар пара беру эпизоды бойынша 100 мың доллармен танысқанда оның 500 доллары жоқ болып шыққан. «Ал екі жарым айға созылған сот отырысында мемлекеттік айыптаушы бұл ақшаны сот залына таныстыру үшін бірде- бір рет әкелген жоқ» деген ол қаржы полициясының адамдарында ұят жоқ деп атап өтті.


«Қазақстан темір жолының» экс-президенті Жақсыбек Күлекеев 100 мың доллар пара алды деген күдікпен 1-сәуір күні тұтқындалған болатын. Ал сотта мемлекеттік айыптаушы оған сыбайласқан жемқорлықтан басқа қызметін асыра пайдаланды деген айыптар тақты.


Жарыссөз барысында «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясының экс-президенті Жақсыбек Күлекеевтің адвокаты Сәлімжан Мусин ең алдымен екі жарым айға созылған істі бастан аяқ ашық көрсетіп келе жатқан тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) үшін де алаңдаушылық білдіретіндігін айтты.

Осы істерге қатысты адвокат Мусин «Құқық қорғау мекемелері 1937 жылғы қуғын-сүргін тәсілдерін әлі күнге дейін қолданып келеді. 70 жыл өтсе де, 37-ші жылда өмір сүріп жатқандаймыз. Сонда сотта шындықты айтқаны үшін, шындықты жазғаны үшін жауапқа тартылу керек пе?!» деп, өзіне қатысты да «айғақтарды бұрмалады» деген айыппен қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

- Мен тек заң шеңберінде жұмыс істеп келе жатырмын. Заңның аясында Күлекеев ісіне қатысты тиісті орындардан сұрау салу арқылы өте көп құжат жинадым. Мен осы үшін айыпталуым керек пе? Мені де бұл іске жолатпау үшін қаржы полициясы тарапынан түрлі әрекеттер жасалды. Сондықтан мен амалсыздан өзімнің және отбасымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті орындардан көмек сұрадым. Сондағы парадокс -мені қаржы полициясы қорғайтын болып шықты. Қазір мен солардың бақылауындамын. Ертеңгі күні маған да арандатушылық жасауы мүмкін деп қауіптенемін. Конституцияға сәйкес, адвокаттарды мемлекеттің өзі қорғауына алуы керек, -деді Сәлімжан Мусин.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG