Accessibility links

Мәскеу декларациясы Армения үшін жеңіс пе?


Ресей президенті Д. Медведев (ортада),Армения президенті С.Саркисян (оң жақта), Әзірбайжан президенті Илхам Алиев(сол жақта). Мәскеу сыртында, 2 қараша, 2008 ж.

Ресей президенті Д. Медведев (ортада),Армения президенті С.Саркисян (оң жақта), Әзірбайжан президенті Илхам Алиев(сол жақта). Мәскеу сыртында, 2 қараша, 2008 ж.

Қарашаның 2-де Мәскеуде Армения, Әзірбайжан және Ресей президенттерінің келіссөздерінен кейін Таулы Қарабахтағы қақтығысты реттеу жөніндегі декларацияға қол қойылды.

Ресей президенті Дмитрий Медведевтің арағайындығымен өткен Таулы-Қарабах бойынша келіссөздер маңызды кезеңге өтті делініп отыр. Онда Армения мен Әзірбайжан президенттері даулы жағдайды саяси жолмен реттеп, ортақ шешімге келуге келісті. Бұл Армения үшін жеңіс болуы мүмкін.

Біріншіден, жоғарыда айтылған үш елдің президенттері өздерінің халықаралық талаптар мен принциптері негізінде құжаттар мен шешімдер қабылдағанын айтты. Олар Оңтүстік Кавказда бейбіт жағдай қалыптастыру мақсатында қақтығысты саяси реттеу жолдарын қарастыруда ортақ міндеттемелерге сүйенгенін қайталап айтты. Ал осыған дейін егер ЕҚЫҰ-ның арағайындық жасаушы Минск тобы қақтығысты реттей алмаса, Әзірбайжанда басқа еш таңдау қалмайды, Әзірбайжан күшпен Таулы Қарабахты орталық үкіметтің қоластына әкеледі деп ескерту жасап келген президент Илхам Алиев жаңа соғысты бастамауға ресми түрде сөз берді.

Екіншіден, бұл декларация ЕҚЫҰ Минск тобының жасап жатқан арағайындық істерінің, әсіресе қақтығысты шешу жөніндегі Мадрид принциптері деген жоспардың маңыздылығына баса назар аударады. Тағы бір жағынан алғанда бұл декларация іс жүзінде Түркияның алға тартып отырған баламалы бейбіт ұсынысына жол бермейді. Екі ай бұрын Ереванға барған Түркия президенті Абдулла Гүл Қарабахтағы қақтығысты реттеуге Түркияның қолдау танытуға дайын екенін қадап айтқан.


Үшіншіден, Мәскеуде кездескен үш елдің президенттері бейбіт шешімге келу жолдары заңдық тұрғыдағы халықаралық міндеттемелер негізінде қарастырылуы керек деп келісті. Мадрид принциптері деп аталатын жоспар Арменияның ең маңызды аймақты босатып, Таулы-Қарабахпен шекарадағы Әзірбайжанның жеті ауданынан кетуін талап етеді деген еревандықтар бұл мәселе референдум арқылы шешілуі керек деп біледі. Ал референдум өтуі үшін Арменияның ол жерден шығуына бірнеше жылдар керек. Сонымен қатар көптеген армениялықтар егер Әзірбайжан үкіметі жеті ауданына бақылауды қайта алатын болса, одан кейін ресми Баку жоспарлы референдумды өткізуге тосқауыл қоюы мүмкін деп алаңдайды.

Қазанның 31-де Арменияның Революциялық Федерациясы егер президент Серж Саркисян ұлттық мүдделерді сатып, басып алынған аймақтарды босатамыз десе, одақтас үкіметті таратамыз деп айтқан. Одан бір күн бұрын да Арменияның зиялы қауымы ел жетекшісін келіссөздерде Әзірбайжанға жерді қайтаруға келіспеуге шақырған. Енді жаңа декларация тараптарға қысымды азайтуға, өзара сенімді шаралар жасауға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндеттейді.

Ресей президенті Дмитрий Медведев үшін бұл қарашаның 2-де қол қойылған құжат тамыз айында орын алған Грузиямен қақтығысынан кейін Ресейдің Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті қолдаған игі ісіне айналып отыр.
XS
SM
MD
LG