Accessibility links

Атырау түрмесіндегі оқиғаны құқық қорғаушылар Женевада айтуда


Атырау облысында орналасқан УГ 157/9 абақтысы.

Атырау облысында орналасқан УГ 157/9 абақтысы.

Азаптауға қарсы халықаралық комитет Қазақстандағы жағдайды талқылап жатыр. Азаттық радиосы баяндаған Атырау абақтысындағы оқиға да сөз болды.

Қазақстандағы заңның сақталуы мен адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның басшысы Евгений Жовтис елдегі түрмелерден түсетін азаптау жайындағы ақпараттарды анықтап, тергеп-тексеру мүмкін емес екендігін айтады. Оның сөзіне қарағанда, қамау мекемелеріндегі азаптау жағдайларын нәтижелі тергеп, айыптыларды жазалайтын, тәуелсіз тексеретін жалпы жүйе жолға қойылмаған.

Осыған дейін Азаттықтан Атырау облысының қамау мекемесіндегі Көпберген Жапин деген азамат түрмедегі азаптауларға қарсылық ретінде өзінің дене мүшесін зақымдағаны туралы айтылған еді. “Бұл жағдайды да құқық қорғаушылар Қазақстанда адам құқықтарының бұзылу мысалы ретінде қарастырып отыр”, дейді Азаттық радиосына Женевадан берген сұхбатында “Еуразияның демократиялық бастамасы” атты американдық үкіметтік емес ұйым жетекшісі Питер Залмаев.

Түрмедегі азаптауға қарсылық танытқан 30 жасар Көпболсын Жапинның туыстарының айтуынша, ол қазір Атырау қаласындағы тергеу изоляторының медициналық бөлімінде ауыр жағдайда жатыр. Сотталған Жапин туыстарына өлім алдындағы хаты мен өзінің денесіндегі ауыр жарақаттарды түсірген видеожазбаны тапсырып, оны Атырау облысының прокуратурасына, құқық қорғаушылар мен журналистерге беруді сұраған.

Ол видеода Көпболсын Жапиннің аузы тігіліп, кеудесінде пышақпен “ Менің өліміме Хабибуллинді айыптауларыңызды өтінем” деп жазылған. Және де бүкіл денесіндегі ауыр жарақаттарды көрсеткен. Онда Жапин өзін УГ 157/9 абақтысының басшысы Самат Хабибуллиннің тапсырмасымен түзеу мекемесінің қызметкерлері ұрып-соққанын айтып, азаптан құтқаруды сұраған.

Женевадағы жиынға қатысып жатқан құқық қорғаушы Евгений Жовтис өздерінде ол телефонға жазылған видео жазба бар екенін, ол бойынша тергеу жүріп жатқанын айтты.

Женевада өтіп жатқан БҰҰ-ның азаптауға қарсы халықаралық комитетінің отырысында Қазақстан конвенция шарттарының орындалуы бойынша есеп беріп жатыр. Оған бақылаушы ретінде қатысып отырған Евгений Жовтис бейсенбі күні отырыстың барысы туралы:

“Әзірге бұл шаралардың жартысы ғана өтті. Қазақстан бүгін тек конвенцияның орындалуы бойынша қосымша баяндамасын ұсынды. Комитет мүшелерінің сұрағы берілді. Бұдан бөлек комитет мүшелері үкіметтік емес ұйымдардың баламалы есебімен танысқан болатын. Осыған орай сондағы айтылған мәліметтерге байланысты комитет мүшелері Қазақстаннның ресми өкілдеріне ондаған сауалдар қойды”.

Қазақстандағы заңның сақталуы мен адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро басшысы Евгений Жовтистің атап көрсетуінше:


“Қазақстан бірінші рет 2001 жылы есеп берген кезде, комитет оларға 16 бірдей ұсыныс берген. Үкіметтік емес ұйымдардың бағалауынша, соңғы жылдары оның 3-еуі, осы жылы тек 2-еуі орындалған. Сөйтіп соңғы жеті жылда конвенцияны орындау жөніндегі комитеттің тек бес ұсынысы ғана орындалған” -деді Е. Жовтис.

Қазақстан БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясын 1998 жылы бекіткен.
XS
SM
MD
LG