Accessibility links

Күлекеевтің соңғы сөзі: Маған ор қазған адам түбінде өзі орға түседі


Жақсыбек Күлекеев пен адвокат Сәлімжан Мусин сот залында. Астана, 7 қараша, 2008 ж.

Жақсыбек Күлекеев пен адвокат Сәлімжан Мусин сот залында. Астана, 7 қараша, 2008 ж.

7 қараша күнгі сот отырысында пара алды деп айыпталып отырған Жақсыбек Күлекеев Нұрсұлтан Назарбаев ҚТЖ компаниясындағы жемқорлықтың кең етек алып кеткенін білген, сондықтан да өзін осы кеселмен аяусыз күресуге басшылыққа жіберген еді деп мәлімдеді.

Айыпталушы тағылған айыптардың мүлде негізі жоқ және ол Қражы полициясының өзіне қарсы арандатаушылығы деп атап көрсетті.

Соттың соңғы отырысында тараптар жарыссөзде айтылған уәждер бойынша жауап беруге мүмкіндік алды. Мемлекеттік айыптаушы Еркін Шәріпов пара берушілер Руслан Местоев пен Кенжеболат Такеевті барынша ақтауға тырысты. Адвокат Сәлімжан Мусин өткен жолы «олар да ауыр қылмыскер ретінде кемінде он бес жылға сотталу керек, тергеу ісіндегі хаттамалардағы олардың жауабы да қылмыстық іс қозғауға сұранып тұр» деген болатын.

Осыған қатысты прокурор «олар Күлекеевтен қорықты, осыған дейін түрлі басшылық қызметте отырған адамға құқық қорғаушы мекемелері түк те істей алмайды деп ойлады. Өздерінің қауіпсіздігін қорғады, сол үшін кешіріммен қарадық» деді.

Алайда сот барысында Күлекеев Местоевтың жеке оққағарлары өзінікінен екі есе көп екенін айтқан еді. Онын үстіне Қазақстандағы тәуелсіз басылым беттерінде Местоевтың президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың адамы екенін, ал Местоевтың әкесі мен президент Назарбаевтың дос екені жөнінде материалдар жарық көрген-ді.

Прокурор 100 мың доллар салынған портфелдің ішіндегі тыңдау құралында Күлекевтің пара алғандығы дәлелденетін сөздер жоқ деген адвокаттардың сөздеріне «тыңдау құралының қуаты таусылып қалған, күні бойы тұрған аппараттың заряды бітеді ғой» деп күмілжіді. Бірақ Күлекеев сотта таныстырған аудиожазбадағы сөздердің басы мен аяғы толық екендігіне мән берді. Бастапқыда жүргізушіге портфель ұсынып жатқан сөздер, сосын Күлекеевті тұтқындау процесіндегі сөздер анық жазылған екен. Ал ортасындағы жазбалар қиылып қалған.

Прокурор соңғы кездегі Қазақстандағы темір жол саласында жиі орын алатын апатты жағдайларды да Күлекеевке таңуға тырысты. «Мемлекеттік сатып алу тендерлерін дұрыс өткізбегендіктен, темір жолға сапасыз шпалдар төселіп, апаттар жиі орын алуда» деді.

Адвокат Сәлімжан Мусин. Астана, 7 қараша, 2008 жыл.
Ал адвокаттардың «100 мың доллар қайда? Заңға сәйкес, депозитте сақталу керек» деген сөздеріне мемлекеттік айыптаушы Әділет министрлігінің тұтқындалған ақшаны қоймада сақтауға болады деген бұйрығына сәйкес, қаржы полициясының қоймасында сақтаулы тұр деген жауап айтты. Бірақ адвокаттар мемлекеттік айыптаушының бұл сөздеріне де қанағаттанбады. Адвокат Ақылбек Дүйсенов «бұйрық Қазақстан заңынан үстем емес, Қылмыстық кодексте бұл жайында тайға таңба басқандай анық жазылған, әрі осы ақша бір адамның тағдырына әсер етіп отыр» десе, Сәлімжан Мусин «құқық қорғау мекемелерінің өздері заңды белден басып, бұйрықты жоғары қойса, біз қалайша құқықтық мемлекет боламыз? Қандай мемлекетте өмір сүрудеміз?» деген наразылығын білдірді.

Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының экс-президенті Жақсыбек Күлекеев үкім шығарар алдындағы соңғы сөзінде өзі басқарған Ұлттық компанияға Қазақстан президентінің тікелей тапсырмасымен барған едім деді. «Мемлекет басшысы бұл саладағы жемқорлықтың белшесінен батқанын жақсы білетін. Ол мені коррупциямен күрес, реформа жүргіз деп жіберді. Мен осы тапсырманы орындау үшін ешкімге бет бұрмастан ірі өзгерістерді бастап кетіп едім» деген Күлекеев осыған дейін түрлі лауазымды қызметтер атқарып келгенін, ол тақ пен байлыққа қызықпайтындығын жеткізді.

Айыпталушы Жақсыбек Күлекеев соңғы сөзін сөйлеп тұр. Астана, 7қараша, 2008ж.
- Бақыт деген байлықта емес. Дүниеқұмар адам қанша байлық жинағанымен оған аз болып тұрады. Бүкіл әлемді сатып алса, да тоймайды. Адам ең алдымен рухани бай болу керек. Мен осы приципте жүрген адаммын. Мен бақыттымын. Мен екі баламның жетістіктері маған үлкен бақыт сыйлайды. Екеуі де өз білімдерімен, ұлым «Болашақ» бағдарламасының грантын ұтып шетелде оқыса, қызым Кореяның грантын өз білігімен жеңіп алды. Қасиетті Құран кітапта да «ешқашан да біреуге жамандық істеме, өтірік айтпа, сол орға өзің түсесің» деп жазылған. Маған ор қазған адамның өзіне ертеңгі күні жақсы болмайтынын білемін. Өзі болмаса да, ұрпақтарына қиын болады. Құқық қорғау орындары да өздері құрған торға өздері түсті. Бұл оларға жағылған қара дақ болды. Маған кімнің өшпенділігі бар екенін білмеймін, бірақ кім болса да менің оларға өшпенділігім жоқ. Төбеде бір Алла бар, ол барлығын көріп тұр. Жазасын тек Алла береді. Мен ең алдымен сот ісі жайында бастан аяқ ақпарат берген залда отырған журналистерге алғыс айтамын. Солардың арқасында қоғам соттан ашық ақпарат алуға мүмкіндік алды.Оларға құқық қорғау орындарынан қысым болса да, өз сенімдері үшін оқиғаны барынша шынайы көрсетті, - деді соңғы сөзінде Күлекеев.

Сот ісі 25 тамызда басталған. Күлекеев ісіне қатысты екі жарым айға созылған сот отырысы толығымен аяқталды. Судья Нұржан Жолдасбеков үкімді қарашаның 13-де жариялайтындығын мәлімдеп, кеңесу бөлмесіне кетті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG