Accessibility links

Діндер түсіністігі - бейбітшілік тірегі

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Поп Бенедикт 16-шы (оң жақта) Ватикандағы 1-ші Католик – Мұсылман форумында Босния мұсылмандарының муфтиі Мұстафа Керикпен кездесіп тұр. 6 қараша, 2008 жыл.

Поп Бенедикт 16-шы (оң жақта) Ватикандағы 1-ші Католик – Мұсылман форумында Босния мұсылмандарының муфтиі Мұстафа Керикпен кездесіп тұр. 6 қараша, 2008 жыл.

БҰҰ-ның Нью-Йорктағы бас пәтерінде “Бейбітшілік мәдениеті” атты форум болып өтті. Оған әлемнің 70-ке жуық елдерінің басшылары қатысты. Бұл басқосу Сауд Арабиясының ұсынысымен ұйымдастырылған болатын.

Діндер арасындағы түсіністікті тереңдетуді көздеген БҰҰ-ы екікүндік басқосуға бастамашы болу Сауд Арабиясының соңғы кездері жүргізіп келе жатқан сыртқы дипломатиясының бір қадамы ғана еді.

Сәрсенбіде форумның ашылуында БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ки Мун сөз сөйледі. Сондай-ақ бұл жиынға АҚШ президенті Джордж Буш, Британия үкімет басшысы Гордон Браун, Пәкістан президенті Асиф Әли Зардари, Ауғанстан президенті Хамид Қарзай және басқа да 60-тан астам елдердің басшылары қатысты.

БҰҰ-ның Бас ассамблеясында өткен 2 күндік форумның алғашқы күнінде Сауд Арабия патшасы Абдулла сөз сөйледі.

“Аса құдыретті Жаратушының адамзатқа бақыт үшін жіберген діндерінің қасіретті, жаман істерді жүзеге асыру құралы ретінде қолданылуына қарсы екенімізді бірауыздан мәлімдегіміз келеді”,- дей келіп, патша Абдулла лаңкестік пен басқа да қылмыстардың дін, өркениет атаулының жауы екендігіне тоқталды.

Сауд Арабиясымен Израилдің ресми байланысы жоқ. Бас Ассамблеяда сөйлеген сөзінде Израиль президенті Шимон Перес дінаралық диалог орнатудағы Абдулланың ұмтылыстары Таяу Шығыстағы дипломатия мен Ислам және Батыс арасындағы сөйлесулердің маңызды бөлігі болмақшы деді.

“Аса мәртебелі Сауд Арабиясының патшасы, мен сіздің мәлімдемеңізді тыңдадым. Сіздің үніңіз тұтас аймақта салтанат құрып, барлық халыққа жетсе екен деп тілеймін. Бұл- шынайы, қажет әрі үмітке жетелейтін үн”,-деді Перес мырза.

Сауд Арабиясы сонымен бірге Ауған үкіметі мен Талибан мүшелері арасындағы бейбіт келіссөздерге де мұрындық болған еді. Қыркүйек айында патша Абдулла қос жақ өкілдерін Меккеде басқостырған болатын.

БҰҰ-ғы форум барысында патша Абдулла президенттер Зардари және Қарзаймен жеке-жеке кездесті. Сондай-ақ Пәкістан президенті Асиф Әли Зардари АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райспен 20 минуттай сөйлескен болатын.

БҰҰ-дағы бұл басқосу - Мұсылман әлемінің адамзатқа Ислам дінінің бейбіт табиғатын түсіндіріп, күш қолдануларды айыптайтындарын дәлелдеуге күш салып жатқан қадамдарының бір көрінісі ғана.

Мысалы қазан айының ортасында Пәкістанның біртоп ғұламалары біріккен пәтуа қабылдасты. Онда олар лаңкестік атаулының барлық түрлерін айыптайтындарын мәлімдесті.

Ол мәлімдеме - пәтуаны Үндістанның Деобанд медресесі қызу қуаттаған болатын. Ол медресенің лаңкестік пен күш қолдануларды айыптаған ілімдері Пәкістанның көптеген медреселерінде оқытылуда.

Әлемде діндердің өзара терең түсіністікте болуы халықаралық дипломатияның негізгі тірегіне айналып отыр.
XS
SM
MD
LG