Accessibility links

Әлихан Бәйменов өзінің ҚДТ- да Назарбаевтың «көзі» болмағанын айтады


"Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов

"Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов

Әлихан Бәйменов Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы -ҚДТ- ның екіге бөлінуіне өзінің қатысы жоқ екенін айтады. Әлихан Бәйменов сонымен бірге өзі туралы «Назарбаевтың одақтасы болды» деп айтылып жүрген жорамалды да жоққа шығарып отыр.


-Әлихан мырза, бұдан 7 жыл бұрын республикалық ҚДТ қоғамдық ұйымы құрыла салысымен бірден ҚДТ және « Ақ жол» болып екіге бөлініп кеткені бәрімізге белгілі. Одан кейін үш жылдан астам уақыт өткенде сол «Ақжолдың» өзі екіге жарылды. Мұхтар Әблязов жазды делінетін мемуарларда бірінші бөлінуге, Әлихан Бәйменов сіз, бастамашы болған екенсіз. ҚДТ ның басқа да құрылтайшылары, атап айтқанда, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша, сіз осы ұйымның ішіндегі Назарбаевтың « көзі» болыпсыз.

-Біріншіден, дәл осыны Мұхтар Әблязов айтты дегенге мен өз басым сенбеймін. Мен Мұхтармен түрмеден босағаннан кейін екі-үш рет кездестім және одан сол кезде бірде- бір рет менің өзімді қандай кейіпте көрсетіп жүргенім жайында айтқан сөздерін естігенім жоқ. Себебі Мұхтар ҚДТ құрылтайшыларының ішіндегі стратегиялық жағынан да, жүйелі ойлау жағынан да бірегей адал адам ретінде, мүмкін ҚДТ- ның тиімді жұмыс істеуіне обьективті жағдайлардың жасалғанына қарамастан, әлі де ішкі мәселелердің бар екеніне көзі жеткен болса керек.

Екіншіден, ескере кететін бір жайт, ҚДТ ның құрылтайшылары арасында елдің даму перспективасын, әлеуметтік-саяси дамуын, экономикалық мәселелерін шешу жолдарын өз биігінен ғана бағалайтын, көкіректерін керген адамдар да болды. Бұл адамдар ҚДТ ұйымы құрылғанға дейін ешқашанда бір ұйым аясында бірге жұмыс істеп көрмеген адамдар.Қазіргі Қазақстан қоғамының күрделі мәселелеріне арналған қандай да бір шараларды ешуақытта бірлесіп ұйымдастырып көрмеген.

Келесісі және түбірімен алғанда ең маңыздысы, қазақ қоғамының консенсусқа келудегі тәжірибесінің жоқтығы, біз бәріміз де бөтен ойға шыдамсыздық танытатын қоғамның шапанынан шықтық емес пе?

Бұл, әрине, саяси бағдарламалар мен басқа да концептуалды мәселелерді шешуде бір мәмілеге келу тәжірибесінің аздығын көрсетеді, дегенмен, ақыр соңында ортақ тіл табыстық. Бірақ осындай пікірталастар белгілі бір кезеңдерде тұлғалық қақтығыстарға әкеліп соғып жүрді. Сондықтан көбінесе туындаған қарама-қайшылықтарды өршітпес үшін үлкен үзілістер де болып тұратын...

Үшіншіден, мынаны да естен шығармаған абзал: ҚДТ партиясының құрылтайшыларын шартты түрде топтауға болатын еді. Біріншісі, кәсіпкерлер тобы, олардың өз бизнестері бар, әрі ірі бизнестің өкілдері, олардың бизнеске қысым жасау жағынан, басқалар біле бермейтін қосымша ақпараттарға қол жеткізе алатын мүмкіндіктері бар. Кез- келген ірі бизнестің елдің басшысынан бастап, басқару элитасының белгілі бір топтарымен қарым- қатынасы бар. Ол туралы басқалар, атап айтқанда, бизнесі жоқтар біле бермейтін.

Екінші топ - мемлекеттік шенеуніктер, олардың да белгілі бір бизнестері бар, ҚДТ құрылған кезде әл-ауқатты болғандар.

Және үшінші топты тағы да шартты түрде атасақ,- бұлар мемлекеттік қызметкерлер.Олардың болса ірі бизнестері жоқ, сондықтан да жекелеген мемлекеттік құрылымдар өкілдерімен келіспейтіндей жағдайда емес.Осы құрылымдардың, атап айтқанда, Рахат Әлиевтің бизнес элитаның бірлескен бизнес құрылымы бар жекелеген өкілдері мен шенеуніктеріне тізесін батырғаны, мүмкін, саяси режим оппоненттерінің институттану жүйесін тездетуіне әсер еткен болар. ҚДТ құрылтайшыларының бәрінде бірдей қоғамдық-саяси қызмет жөнінен тәжірибесі болған жоқ, ал мен болсам, мұндай тәжірибені Кеңес кезінде жинап алған адамдардың қатарына жатамын ғой.

- Әлихан Мұхамедиұлы, бұл туралы бәрі біледі

-Мен ҚДТ ға қалай кіргенімді айттым ғой деймін. Ондай шешімді мен ұмытпасам, Алтынбек Сәрсенбаевпен оның үйінде отырып, біржарым сағат әңгімелескеннен кейін қабылдадым. Бұндай шешімді мен тағы бір жоғары лауазымды жолдасымыздың көзінше қабылдадым, кейіннен ол министр болып кетті, қазір өте жоғары қызметте. Керек десеңіз, мен оның аты-жөнін де айта аламын, ал қазір оны атап айтудың қажеті шамалы.

- Менің ойымша, әңгіме Қайрат Келімбетов туралы болатын тәрізді.

-Жоқ,жоқ! Мен бірден айтайын, ол емес. Ол кезде мен онымен жақын араласқан жоқпын. Ал мына адам ол біздің өмір бойы бірге келе жатқан жақын жолдасымыз, досымыз. Сонымен, Алтынбек өз өмірінен қауіптенетіні туралы айтқаннан кейін біз үшеуіміз отырдық. Сол кезде Алтынбек қорғанудың басқа жолы жоқ дегенде, мен қоғамдық ұйым құру керек деп айттым. Мен бұндай шешім қабылдағанымда, тіпті, ҚДТ құрылатыны туралы білген де емеспін.

Айта кету керек, артынан саяси топтар оның өміріне қауіп бар екенін жоққа шығарды. Бірақ сотта сөз сөйлеген Алтынбек Сәрсенбаевтың туған бауыры мен немере інісі 2001 жылы күзде Алтынбектің өз өміріне алаңдайтынын айтқанын дәлелдеді.

Егер Алтынбек Сәрсенбаев менің ролім туралы шын мәнінде бірдеңе деген болса, әлдекімдерге сүйеніп, Төлен Тоқтасынов айтып жүргендей болса, онда бір жарым жыл бойы бір партияда бірге болып, мені тең төраға етіп сайлағанын және мен онда маңызды роль атқарғанымды қалай түсінеміз?

Оның үстіне, мен партияның саяси комитетінің төрағасы бола жүріп, бір мезгілде олардың тең төрағасы болып тұрдым емес пе?

Менің ойымша, бұндай жат қылықтар оппоненттер пікіріне құлақ аспаудан туындайды. Өкінішке қарай, бұл тек билікке ғана емес, балама лагердің кейбір өкілдеріне де тән болып шықты.

- Әлихан мырза, бір кездері тәуелсіз басылымдарда ҚДТ- ның бірінші бөлінуі биліктің Ғалымжан Жақиянов және Мұхтар Әблязов сияқты мейлінше көрнекті өкілдерімен есеп айырысуына жол берді, ал егерде 2004 жылы «Ақ жол» партиясы екіге бөлінбегенде, оппозицияның талассыз саяси насихатшысы Алтынбек тірі болар ма еді?"деген мақалалар жарық көрген болатын. Сіз осы пікірлермен келісесіз бе?

-Меніңше, бұл мәселені екіге бөліп қарастыру керек. Бірінші жағдайда, шынында да, ҚДТ ның жарылғаны туралы айтуға болады. Мұнда, бірінші кезекте ірі бизнестері бар құрылтайшылар арасындағы мүдде қақтығыстары туралы, оның ішінде, билікпен арадағы қарым -қатынастарымен байланысты болуы керек деп ойлаймын.

Қандай ұйым болса да, белгілі бір ірі бизнестің немесе қаржы құрылымының қолдауынсыз нақты өмір сүре алмайтыны белгілі. Сондықтан мұнда осы мәселеге айрықша назар аударған жөн.

ҚДТ да екі-үш қаржыландыру көзі болса, «Ақжолда» кейінірек тек бір қаржы көзі қалды, ол да өзіндік ықпалын тигізді.

2004 жылы парламент сайлауынан кейін « Ақжолға» қатысты жағдайдың тарихы да осы іспеттес болды деп ойлаймын..

Парламент сайлауынан кейін Әкежан Қажыгелдин барлық оппозициялық күштердің бірігіп, «Ақжолға» кіруі туралы дұрыс үндеу көтергені есіңізде болар? Сол кезде әлдекімнің Үйлестіру Кеңесін құру туралы мәселе көтергені осы идеяны жүзеге асырмау мақсатында болды деп ойлаймын.

Бұл әрине, Әкежан Қажыгелдиннің жаппай « Ақжолға» кіргізу идеясын құрту үшін жасалды. Мен Үйлестіру Кеңесін жедел құрудың қандай қажеттілігі бар деп сұрағанымда, маған « Әкежан Қажыгелдиннің алдын орау керек» деп жауап берді. Мен екінші рет қайталап сұрағанымда, «біз өз идеямызды басқа бір ірі саясатшының идеясынан бұрын жүзеге асыруымыз керек» деді.

Бұл идеяларды «Ақжол» жүзеге асыра алмайтыны белгілі болған соң, оны сырттан басқарудың мүмкіндігі болмағаннан кейін кейбір адамдарда басқа ұйым ашу туралы ой туды. Ол бүгінгі күні дәлелденіп отыр.

Сондықтан екінші мәселені (Алтынбек Сәрсенбаевтың өлімін) «Ақжол» партиясының ішкі пікірталастарына қатыстыру менің ойымша жақсы емес. Кім де кім марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың атын қазіргі болып жатқан талас-тартысқа пайдаланатын болса, онда ол барлық адамгершілік нормадан аттап кеткен адам деп ойлаймын. Бұл тегінде шектен шыққандық!

-Рахмет сұхбатыңызға, Әлихан мырза.


Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG