Accessibility links

Желтоқсан жадымызда...


Орталық мұражай алдындағы көрме. Прага, тамыз, 2008 жыл

Орталық мұражай алдындағы көрме. Прага, тамыз, 2008 жыл

Биыл күз басында Прага советтік әскери күштердің бастауымен Варшава келісімі елдерінің сол кездегі Чехословакияға жасаған басқыншылығының 40 жылдығына айрқыша мән беріп, танымдық-тағлымдық тұрғыда кеңінен атап өтті.

Ол күндері Чехия астанасының ең басты - Вацлав алаңы ашық аспан астындағы мұражайға айналды. Жылдың қай мезгілінде де қарасы бір үзілмейтін туристермен бірге балаларын жетектеген жергілікті ата-аналар осыдан 40 жыл бұрын бізге мынандай қиянат жасалған еді деп, деректі суреттер көрмесі алдында ол тарихтан бейхабар ұрпақтарына әңгімелеп, өткен күннің сабақтарын құлақтарына күнде құйып жатты. Орталық мұражай алдына кәдімгі совет танкін де әкеп қойды...

Ресми деректер бойынша, 24 күнге созылған 40 жыл бұрынғы қиянатта қаза тапқан чех азаматтарының саны бір жүз адамнан асатын көрінеді. Олардың арасында Вацлав алаңында басқыншылыққа қарсы наразылықпен өзін-өзі өртеген екі жас жігіттің есімдері де әрдайым құрметпен аталады.

1968 жылғы басқыншылықты совет танктері, орыстар жасады деп білетін Чехияда орыс болу да оңай емес. Чехтар орысша сөйлегенді ұнатпайды, өздері білсе де сөйлемейді, ал ана тілдеріне деген құрметтері тіпті ерекше. Десек те бұл елге ағылып келіп жатқан орыс ұлтының өкілдері оған бола іркіліп қалып жатқан жоқ.

1968 жыл және Прагадағы басқыншылық туралы айтқанда, Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі де еріксіз ойға оралады. Ойға оралады да, Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштарының желтоқсаннның аязынан гөрі қабағынан қаһар төнген советтік жүйе мен оның қолшоқпарларының құрбаны болғанын, өндір жастардың жазықсыз жаншылғанын, намыстың аяққа тапталғанын да ұмыта бастадық па деген сауалдар мазалайды.

Бүгінгі тәуелсіз елдің өсіп келе жатқан ұрпағына Желтоқсан тағлымы туралы құлағыңа құйып ал деп ешкім де әңгіме айтпайды.
Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығы да Қазақстанда мемлекеттік деңгейде аталып өтілмеді, әлі күнге дейін репрессияға ұшыраған желтоқсаншылардың толық ақталмағандары да бар...

Желтоқсан құрбандарының нақты санын да ешкім де дөп басып, дәлдеп айтқан емес. Желтоқсан көтерілісі турасындағы ресми деректер мен желтоқсан тақырыбын зерттеп, жазып жүрген қалмагерлер келтіретін ақпараттардың айырмашылығы жер мен көктей.

Желтоқсанда қыршынынан қиылған қазақ жастары, сотталып, түрмеде қаза тапқан Қайрат Рысқұлбековтей ер ұлдардың есімдері бүгінгі жастар санасында көмескіленіп бара жатқан жоқ па екен?!

Жазықсыз түрмеге қамалған, әділетсіз жүйе өмірін өксіткен, ендігі күнде жастары 40-тан асып, 50-ге жақындаған, көпшілігі тіпті осы күнге дейін үйсіз-күйсіз, тұрмыс тауқыметін тартып жүрген, бірақ дер кезінде темір құрсаулы тоталитарлық жүйеге қарсы алғашқы болып азаматтық дауысын батыл шығарған желтоқсаншыларға егеменді елі қаншалықты тіреу, сүйеу болып отыр?!

1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен 5 жылдан кейін кейбіреулер үшін аспаннан өздігінен түсе салғандай болып көрінетін Тәуелсіздіктің іргетасын, алғы шарттарын қалаған сол Желтоқсан боздақтары болатын. Жыл сайын желтоқсан айының қарсаңында халық басына қара бұлт үйірілген сол бір қиын-қыстау күндерді кезекті рет жай ғана еске алумен, бірлі-жарым газеттер мен телерадио арналарда айтылатын кезекші әңгімелерді місе тұтумен шектелеміз.

Мектептерде жүйелі түрде Желтоқсан сабақтары жүргізіліп, Қазақстанның болашақ азаматтарына бүлдіршін күнінен тарихты зерделеу мен Тәуелсіздіктің тұғырын түсіндіріп, санасына сіңірер шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылса...

Прагадағы 40 жыл бұрынғы басқыншылықты чех жұртының ұлықтап, ұлағаттап, ұрпағының зердесіне сіңіріп жатқанынан да ол оқиға жайында үлкен де, кіші де хабардар.

Желтоқсан да жақындап қалды, 1986 жылы туған қыз-жігіттер амандық болса, биыл 22 ге келеді, олар 86-ның ызғарлы Желтоқсанында не болғанын біле ме екен?

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG