Accessibility links

Адам құқтары декларациясына 60 жыл, ал Қазақстанда адам құқтары талаптары 16 жылдан бері бұзылып келеді


10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының адам құқтары бойынша жалпы декларациясының қабылданғанына 60 жыл толып отыр

БҰҰ-ның бұл құжаты Екінші дүниежүзлік соғыстан кейін қабылданған болатын. Аталған халықаралық қарар пікір, сөз және дін бостандығын қорғауға бағытталған.

БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ки Мунның айтуынша, БҰҰ Бас Ассамблеясының адам құқтары бойынша жалпы декларациясына қазір де сол 1948 жылғы дәрежедегі деңгейде мұқтаждық пен қажеттілік бар.

БҰҰ-ның адам құқтары бойынша Бас комиссары Наванесем Пиллей қазіргі ғаламдық қаржылық дағдарыс кезеңінде әлемдегі кедей халықтың құқы шектеле түсуі мүмкін екендігін ескертіп, оған басты назар аудару қажеттігіне көңіл бөлді.

Бұл құжаттың қаншалықты маңыздылығы турасында Мәскеудегі Адам құқтары институтының директоры Валентин Гефтер былай дейді:
-Жалпы декларация бүкіл әлемдегі адам баласының саяси режим мен экономикалық және әлеуметтік жағдайларға тәуелді болмайтын, адамдық ажырамас құқы бар екенін білдіреді. Бұл дегеніңіз барлық адамның құқы бірдей деген ұғымға негіз болатын құжат. Адам құқтары бойынша жалпы декларация барлық адам баласын тегі мен ұлтына емес, адамзаттық табиғатына қарап біріктіретін санаулы құжаттардың бірі ғана. Бұл құжаттың маңыздылығы соншалықты ол ғаламдық дәрежеде адамзатқа қиянат жасалуына жол бермейтін бірден-бір декларация.

Қазақстан әрдайым адам құқтарының сақталмайтындығына қатысты халықаралық қауымдастық тарапынан сынға алынып келеді. Халықаралық ұйымдар мен адам құқын қорғаушы топтардың түрлі баяндамаларында бұл жайында жиі көтеріледі. Бірақ ресми Астана мұндай сынды үнемі қабылдай бермейді. Жоғары лауазымды билік өкілдері Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етер қарсаңда көптеген реформаларды жүзеге асырып жатқанын алға тартады.

Адам құқтары бойынша жалпы декларацияның қабылданғанына 60 жыл толардың алдында ғана, 9 желтоқсанда қазақстандық құқық қорғаушылар, Адам құқтары бойынша бюроның директоры Евгений Жовтис: "БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті Қазақстан азаптауды болдырмау жолындағы өзіне алған міндеттемелерін орындамай отыр деп есептейді" деп атап көрсетті.



Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG