Accessibility links

Судың да сұрауы бар

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Су-өмір тірегі

Су-өмір тірегі

Прага қаласындағы Халықаралық мектепте балалары оқитын ата-аналар дәстүрлі “кофе ішу” дастарқанында отырмыз.

Қызу әңгіме барысында бір ана қынжыла отырып өз ойымен бөлісті:
-Таяуда қызымның сыныптасының үйінде болған едік. Тамақ ішу үшін өзіне қасық іздеген әлгі қыз, суды барынша сарқыратып ағызып қойып, онсыз да таза қасықты әбден жуды-ау келіп. Текке кетіп жатқан суға бола ішім удай ашып отырды. Кемінде бір жарым литрдей су кетті-ау деймін. Әлгі тәлпіш қыздың қылығының ерсілігін жаймен ғана ескертіп өткен едім. Қыздың әке-шешесі сөзімді бірден жақтырмай қалысты.

-Ол судың құнын төлейтін біз ғой,- деді қыз анасы.
Жұмыс бабымен әлемді көп шарлап, суға шөліркеп отырған елдердегі жағдайға әбден қанық екенімді, су қорының мәңгі еместігін айта бастаған едім. Әкесі наразылық таныта, мүлдем орынынан тұрып кетті.

-Мәселе тіпті де сіздердің қаржыларыңызға тіреліп тұрған жоқ-, деген едім. Содан бері ол отбасымен қарым-қатынасымыз салқындап кетті,- деді орынсыз “таяқ жеген” әлгі ана.

Одан әрі ата-аналар сөзді іліп алып, балалары оқитын осы Халықаралық мектепте суды, ағашты, климатты қорғауға арналған көптеген шаралардың жүргізіліп жатқанын сүйсіне еске алып, үйлерінде балаларының ондай үнемшілдік мінездерін өздерінің де қолдайтындарын айтысты.

Аталған мектептің бір топ белсенді оқушыларының зерттеулеріне қарағанда, жай ғана жеңіл жуынып шығу үшін бір адамға 50 литрдей су керек екен. Ал, қомақты ванналарға кететін судың көлемін айтпай-ақ қояйық.

-Әрине, жуынып-шайынып, тазалықты ұстану керек. Бірақ табиғаттағы су қоры шексіз емес қой. Мысалы, тістерін шөткелеп-ысқылап тұрған адамның сол мезетте суды босқа ағызып қоюының қанша керегі бар?-десті отырғандар. Бұлардың бәрі де әлемнің әр түкпірінен жиналған, зиялы қауым өкілдері еді.

Ал, біздің ойымызға халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының келтірген деректері оралған болатын.

Зерттеулерге қарағанда, жер бетінде ауыз суға тапшы адамдар саны әр жылы 80 миллион адамға өсіп отырады екен.

Сондықтан келесі жарты ғасыр ішінде 3 миллиардтай азамат ауыз су тапшылығын шегуші өлкелерде дүниеге келетін көрінеді.

Әлем бойынша су тапшылығы, негізінен соңғы 50 жылда, әсіресе соңғы жылдары айрықша проблемаға айнала бастаған дейді ғалымдар.

Ал сіз ше, қадірменді оқырман, сұрауы қатты болар осы су жарықтықты үнемдеуге өз үлесіңізді қосып жүрмін деп ойлайсыз ба?
XS
SM
MD
LG