Accessibility links

Ауруханада түрме тәртібі орнауы мүмкін

  • Баян СӘРСЕМБИНА

Ақтөбедегі кейбір ауруханаларда орын жетпегендіктен науқастар дәлізде де жатады. 2008 жыл

Ақтөбедегі кейбір ауруханаларда орын жетпегендіктен науқастар дәлізде де жатады. 2008 жыл

Ақтөбе қаласының қақ ортасында орналасқан облыстық туберкулезге қарсы емдеу мекемесінде қиын жағдай қалыптасты. Емдеу мекемесінің қызметкерлері жұмыс тәртібінің бұзылуы мен жеке бас қауіпсіздіктері үшін алаңдайды.

Мамандар жұмыс орындарынан айрылып қалудан қорқыңқырап, жағдайды ашық айтпағанымен, жағдай алаңдатарлықтай. Басты себеп – абақтыдан шығып осы жерде емделіп жатқандардың іс-әрекеттері. Бір жағынан туберкулездің ашық түрімен ауыратындардың осы жерде шоғырлануы, екінші жағынан олардың түрме тәртібін орнатқысы келетіндіктері дәрігерлердің өз міндеттерін атқаруына кеселін тигізуде.

Түрмеде туберкулездің ашық түрімен ауырғандар Ақтөбедегі осы жалғыз емдеу мекемесіне жіберіледі. Бүгінде осы жерде абақтыдан шыққан 32 науқас, 20 маскүнемдікке шалдыққан адам, 9 нашақор мен 15 көше кезбесі тегін емделіп жатыр. 4 қараша күні кісі өлімімен аяқталған оқиға да болды.

Туберкулезден емделіп жатқан 23 жастағы жігіт қасындағы 39 жастағы науқастың тамағына пышақ сұғып алып, ол көп кешікпей қайтыс болды. Қалалық соттың көшпелі мәжілісі осы емдеу мекемесіне келіп, әлгі бұзақының ісін қарады.

Арақ ішіп, бірін бірі пышақтап жататындар бұл жерде сирек емес. Дәрігерлер де шарасыз. Себебі, емдеу мекемесі түрме емес, аурухана палаталары да түрмедегі тентектер үшін лайықталмаған. Кәдімгі палаталар. Ал, бұл жерде ақысыз емделіп, тегін тамақ ішіп жатқан көпшілік бұзақы науқастардың тым еркінсіп кеткендігін айтады дәрігерлер.

Бас дәрігердің орынбасары Жарылқасын Мүлкаманов абақтыдан шыққандардың түрме тәртібін орнатпақ ниеттерінен қауіптенеді.

«Олар арақ ішеді, көшеге шығарыңдар деп дәрігерлердің мазасын алады, бір-бірімен төбелеседі, сырттан есірткі алдыртады», - дейді ол.

Дәрігерлердің араласа алмайтын себебі, әлгілер өзара төбелес-қақтығыстарды көп жағдайда жасырып қалады екен. Таяқ жегендер полицияға арызданбай, өз араларында шешеді. Сондықтан да былайғы жұрт іште не болып жатқанынан бейхабар.

Бұл жерде дәрігерлер тек емдеумен және тамақтандырумен айналысады. Полиция күштерінің арнайы күзеті болмағандықтан тәртіп те мәз емес. Жұмысқа қабылданған қатардағы күзетшілер мұнда көп тұрақтамайды. Себебі – қауіпсіз емес. Көшеге жібермегесін, онда жиі жанжал болып тұрады.

- Көшеге жібермейтін себебіміз, бұлардың барлығы да туберкулездің ашық түрімен ауыратындықтан, жұртқа ауру таратады. Сондықтан сыртқа шығармаймыз, - дейді Жарылқасын Мүлкаманов.


Мамандар Ақтөбеде түрмеден шыққан науқастарды сауықтыратын өзге орын қажет екенін айтады. Ал, әзірше облыстық туберкулезге қарсы күрес мекемесінің қызметкерлері қиын жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. Алдыңғы жылы осы жерде жұмыс істейтін медбике туберкулездің ашық түрімен ауыратын бір науқастан ауру жұқтырып, көп кешікпей қайтыс болды.

Тәртіпке бағынғысы келмейтін науқастармен тікелей араласатын мамандар олармен жұмыс істеудің қиын екенін тілге тиек етеді. Сырқаттардың медбикелерді балағаттап жататыны да үйреншікті құбылысқа айналыпты. Медбикелердің көпшілігі амалсыздан жүр.

Себебі денсаулыққа зиян келетіні үшін мұнда үстеме ақы төленеді, басқа ауруханаларға қарағанда еңбекақы сәл жоғары. Егерде, кәдімгі ауруханадағы қарапайым медбике 17-23 мың теңге аралығында жалақы алса, бұл жерде 5-6 мың теңгеге көбірек.

Туберкулездің ашық түрін жұқтырған азаматтарды көпшілікпен бір ауруханада қабылдау қисынсыз екені күні бүгінге шейін де талай айтылған. Оның үстіне, осы емдеу мекемесіне мектеп жасындағы балалар да келіп тексерістен өтеді.

Облыстық денсаулық сақтау департаментінің шенеуніктері туберкулезбен емдеу мекемесіндегі жағдайды ретке келтіре алмай отыр. Ал мұндағы ахуал күннен күнге шиеленісіп барады.


XS
SM
MD
LG