Accessibility links

Лифт шахтасына құлап қаза тапқан актриса Шолпанның отбасы құрылыс компаниясынан өтемақы алуы тиіс


Шолпанның күйеуі Ислам Зейнуллаев

Шолпанның күйеуі Ислам Зейнуллаев

Лифт шахтасына құлап, өмірмен қош айтысқан Шолпан Мұқышеваның жұбайы Ислам Зейнуллаев әйелінің өліміне кінәлілермен соттаспайтын болды. Шолпан қайтыс болған «Москва» тұрғын үйін салған «Астана лифт» және «Ер құрылыс» компаниясы моральдық өтемақы төлеуге уәде берді.

Азаттық радиосының тілішісіне берген сұхбатында Ислам Зейнуллаев әділет іздеп мекемелер мен соттардың есігін тоздырғысы келмейтінін, онымен әйелінің тірілмейтінін, ал, үйдегі үш балаға тапжылмай қарау керек екендігін айтты.

-Осы құрылыс компаниясының өкілдері келіп, менен кешірім сұрады, өтемақы ретінде біраз қаржы беретіндіктерін жеткізді. Мен ол соманы айтқым да келмейді. Мен олармен саудаласқан да жоқпын. Қанша берсе, сонша алармын. Ал енді соттасып, анда- мында баруға ниетім де, күшім де жоқ. Оның үстіне мен олардан миллион сұрасам, әйелімнің өлімі есебінен байығым келгендей боламын ғой...
Шолпан осы үйдегі лифт шахтасына құлап кеткен болатын. Астана, 21қазан 2008 жыл.


Алғашында осы құрылыс компаниясының бір қызметкері Исламға әйелінің өлімінің өтеуі ретінде қайғылы оқиға болған «Москва» тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі үй де бермек болыпты. Бірақ, кейіннен мәлім болғандай, құрылтайшылар оған қарсылық білдіріп, өздерімен келіспей, Шолпанның отбасының алдында уәде берген әлгі қызметкерді жұмыстан шығарып жібереді. Ол қызметкер жұмыстан қуылса да, отбасының орны толмас қайғысына ортақтасып, моральдық тұрғыдан демеу жасап келеді екен.
Компаниямен ымыраға келіп, олармен осы келісіме қол қояр алдында Ислам өзінің таныс заңгерлерімен, адвокаттарымен, прокуратура өкілдерімен кеңеседі. Бәрі бірауыздан оған қайғының кінәлілерінің берген ақшасын алуды, соттасқан күннің өзінде одан асыра алмайтынына кеңес береді.

-«Біз Батыс емеспіз», бізде қиылған адам өмірі үшін ешкім де миллион доллар өтемақы төлемейді деп бетіме айтып салды. Әлі күнге дейін сотта ешбір адам өтемақы алып көрген жоқ. Бізде адам өмірі түкке тұрғысыз. Оның үстіне бізде заң жетілмеген, ол заңда адам өмірі қиылса, қанша төлеу керектігі жазылмаған, ондай негіздеме мүлдем жоқ. Егер мен азаматтық сотқа берсем, онда ары кеткенде олар біреуді кінәлі етіп, мысалы, техника қауіпсіздігіне жауап беретін адамды алады да оны үш жылға соттай салады, онда да шартты түрде, сонымен іс бітеді деп турасын айтты...
Шолпанның бүлдіршіндері Ақерке, Нұрлыхан және кішкентай Әбдісәлім

Өткен жылдың қазан айында болған осы оқиғадан кейінгі екі ай бойы болған тергеуден соң Астана Ішкі істер департаменті құрылыс компаниясы мен лифт компаниясы қызметкерлерін адам өліміне әкеліп соққан жауапсыздықтары үшін кінәлі деп тапты.

Қалибек Қуанышбаев атындағы музыка-драма театрының 35 жасар актрисасы Шолпан Мұқышева өткен жылдың 18 қазанында «Москва» тұрғын үй кешенінің 15-ші қабатындағы лифтің ашық қалған шахтасына құлап қайтыс болған. Ол онда құрбыларымен бірге әріптесін жаңа қонысымен құттықтауға барған. Шолпанның артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды. Үлкен қызы Ақерке – тоғызда, Нұрлыханы – алтыда және ең кішкене сәбиі Әбдісәлімі 31 желтоқсанда бар-жоғы 2 жасқа толды.
Шолпанның сіңлісі Айман Әбдісәліммен бірге. Астана, 21қазан, 2008 жыл.


-Біз өмірімізде бірінші рет Жаңа жылды анамызсыз қарсы алдық. Мен және менің барлық туысқандарым бірігіп, Жаңа жылды жақсы қарсы алуға барынша тырыстық, балаларды қызықтыру үшін көптеген сыйлықтар мен ойындар ұйымдастырдық. Олар әрине, қуанды. Бірақ, маған олар бізді ренжітпеу үшін қуанғандай болып көрінді. Балаларым осы мереке кезінде өзімен бірге ең қымбат адамды мәңгілікке алып кеткен өткен жыл туралы айтпауға тырысты. Балалар бәрін де біледі, енді олардың аналары ешуақытта келмейтінін іштерінен сезеді.
  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG