Accessibility links

Арада екі жыл өтсе де «Нұрбанктің» екі менеджері «табылмады», тараптар да өз дегендерінен қайтар емес


"Нұрбанктің" Тәуелсіздік алаңы жанындағы биік үйлердің үстіне көрнекі жерге ілінген жарнамасы. Алматы, желтоқсан, 2008 жыл
"Нұрбанктің" Тәуелсіздік алаңы жанындағы биік үйлердің үстіне көрнекі жерге ілінген жарнамасы. Алматы, желтоқсан, 2008 жыл

Банкирлер – Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың із-түзсіз жоғалғанына да екі жыл толды. Олардың тағдыры туралы әлі күнге еш дерек жоқ. Армангүл Қапашева мен Рахат Әлиев оқиғаның басты кейіпкерлері ретінде Азаттық радиосының сұрақтарына жауап берген еді.

Жолдас Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашева жоғалған екі банкирді 2007 жылдың қаңтарында сол бір драмалық оқиға болған күннен бері іздестіріп келеді. Рахат Әлиевті банкирлердің тағдырымен қоса,ҰҚК генералының құпия өлімі мен жоғалған әйел журналистің тағдыры да алаңдатып отыр.

Азаттық радиосы күйеуі мен оның әріптестерін іздестіру мақсатында ұйым құрған Армангүл Қапашевамен сұхбат жүргізген еді.
Ұйым іздестіру жұмыстарымен қатар, Қазақстаннан сыртта жүрген, Австрияда Қазақстанның елшісі бола жүріп, сонда қалып қойғанына байланысты «веналық отырықшы» аталып кеткен Рахат Әлиевті отанына қайтаруға ықпал етуді мақсат еткен. Рахат Әлиев бірнеше ауыр қылмыстары, оның ішінде, банкирлерді ұрлағаны үшін сырттай 40 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Осы іске қатысты ондаған адам жазаға тартылды.

Азаттық радиосы Рахат Әлиевке де бірнеше сауалдар қойды, сонымен бірге, Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров пен Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметовтен түсініктеме алды.

АРМАНГҮЛ ҚАПАШЕВАНЫҢ ЕРЕКШЕ ПІКІРІ

-Армангүл ханым, 31 қаңтарда сіздің жұбайыңыз Жолдас Темірәлиев пен оның әріптесі Айбар Хасеновтың жоғалғанына екі жыл болады екен. Осы жылдар ішінде, ұзақ айлар бойына үміттеніп, күткеніңізде сіздің өміріңізде не өзгерістер болды, іздеуден нәтиже бар ма?

-
Әрине, көп нәрсе өзгерді. Бастысы, менің балаларымның әкесі, менің күйеуім жоғалып кетті. Ата – анасы ұлдарын жоғалтты. Олардың да мазасы кетті. Бірақ, олар әлі күнге үміттерін үзбей, баласын күтуде. Ол олардың жалғыз ұлы ғой.
"Тағдыр" қорының президенті Армангүл Қапашева. Алматы,5қаңтар, 2009жыл


Бәрі де өзгеруде. Өміріміз астан-кестең болды. Алғашқы айлар өте қорқынышты болды, әрине. Соған қарамастан біз өз дегенімізден қайтқан жоқпыз, шын мәнінде осымыз дұрыс деп ойлаймыз.
Біз сенеміз, үміттенеміз, күтеміз. «Жас Алаш» газетінде 20 қаңтар күні бір көріпкел баламен сұхбат жарияланды. Ол олардың тірі екенін айтыпты. Біз де осы ойдан тайған емеспіз.

Бұрын үй шаруасындағы әйел едім. Шығыс әйелдері салтымен, негізінен үй шаруасымен, балаларымның тәрбиесімен айналыстым. Енді, міне балаларым үшін әке де, шеше де өзім болдым. Қоғамдық жұмыстармен де айналысуға тура келді.

- Армангүл ханым, өзіңіз айтқандай, Рахат Әлиев пен оның адамдарынан қорғану мақсатында құрылған қорыңыз туралы айтып берсеңіз.

- Қор құрылғаны туралы желтоқсан айында мәлімдегенбіз. Басты мақсатымыз – Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты табу. Ол үшін оны ұрлаған адамдарды қайтарып алуымыз керек. Олар қазір Венада тығылып жүрген Рахат Әлиев, Әлнұр Мұсаев, Вадим Кошляк. Осы «үштік» оларды ұрлады, Жолдас пен Айбардың қайда екендігін солар ғана біледі.

Осы мақсаттарға қор құру арқылы қол жеткізбекпіз. Рахат Әлиевтен жапа шеккен адамдар хабарласа бастады. Тек Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың отбастары ғана емес, Рахат Әлиев қаржы полициясы арқылы соттаған, мүліктерін тартып алған т.б. жапа шеккен отбасылары жеткілікті.

Осының бәрі табандылық пен қайтпас қайсарлықтың арқасында ақырындап жылжып, бірте-бірте анықталып келе жатыр.Әрбір істі жүргізу үшін жан даусыңды шығарасың. Мысалы, Айбар Хасеновтың жұбайының банктегі ұяшығынан жоғалған ақшасын қайтармақ түгілі, «Нұрбанк» оған, тіпті оның жоғалған ақшасының орнына өтемақы да берген жоқ.

Қысқасы, бәріне күрес керек. Алмалы аудандық соты өзінің шешімімен банк ұяшығында жоғалған ақша мәселесіне нүкте қойғандай болып еді. Сонда да әрбір істі сотпен, шайқаспен ғана шешеміз.

- Армангүл ханым, сіздің ұйым құрылғалы бері Рахат Әлиевтен жапа шектім деп көмек сұрап келген адамдар көп болды ма?

- Болғанымен оларды қарайтын заңгеріміз ауырып қалуына байланысты бұл істерді біз зерттеп, қарай алмадық. Ол жақында жұмысқа кірісті, енді қарайтын боламыз. Өздерінің құқықтары аяқ асты болған немесе біздің ісімізге қатысты айтарлары бар адамдар келіп жатыр. Сонымен бірге сот үкімдері әділетсіз болғандар келуде. Оның ішінде, егер есіңізде болса, кінәсіз сотталған Атретхан Нияз да бар.

Ол да Рахат Әлиевтің әділетсіз істерінің құрбаны. Сотта Рахаттың жақтастары оны банктен мөрді алып кетіп бара жатқанда ұстадық деп кінәлады. Шын мәнінде Рахат Әлиев пен Владимир Кошляк оны ұрып-соғып, сейфті ашып, оның қолына мөр, чек кітапшалары салынған екі буманы ұстатып, артынан бір тепкен.

Ал Атретхан Нияз қорыққанынан баспалдақпен төмен түскенінде
ана екеуі банк күзетіне, қазір төменге түсіп бара жатқан адамды ұстап алып, қаржы полициясына тапсыруды бұйырған. Қазір олардың қызметкерлері келеді деген. 5 минут өтпей «Кең далаға» қаржы полициясының қызметкерлері кіріп келген.


Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, осының бәрі демалыс күні болған. 4 ақпан болатын. 5 минут ішінде олар банкке жетіп үлгере ала ма? Генерал Курбатовтың басшылығымен. Олар осының бәрін Атретхан Ниязовты банк мөрін ұрлап бара жатқанда ұстады деп көрсетті.

Ол осының бәрін тәптіштеп жазғанымен, Атретханды ешкім тыңдамады, ол жәбірленуші еді. Рахат Әлиевтің және қаржы полициясының жаласынан Атретхан Нияз бір жылдан астам түрмеде отырды. Енді оған біріншіден, 20 миллион теңге (167 мың доллар шамасында) айыппұл төлетіп, екіншіден, есеп-қисап жұмысымен айналысуға тиым салды.

Атретхан Нияз оралман болғанына қарамастан, Мәскеу қаржы институтын тамамдаған. Қазіргі кезде жоғары білімді, білікті оралман мамандарды өз атамекеніне қайтару жөнінде жаңа бағдарлама жария етілуде.

Ал жоғары білімді, өз ісінің майталманы Атретхан Нияз енді қайда бармақ? Ол өте жоғары дәрежелі білікті бухгалтер.Оның білімділігін тіпті, оны тергеген қаржы полициясы қызметкерлері де мойындаған.

Атретхан Нияз бір жылдан аса түрмеде отырды. Оның адвокаты мен қоғам қанша тырысса да,тіпті денсаулығына байланысты да оны түрмеден босатпады.

Сөйтіп, ол түрмеде өкпе ауруына шалдықты. Сол уақытта өмірге келген кішкене сәбиінен де өкпе ауруы табылды.

- Қалай? Жаңа туған сәбиден бе?


- Иә, нәресте түрмеден туберкулез болып шыққан әкесінен жұқтырған.Міне, біздің жағдайымыз осындай.Осындай істер толып жатыр.Осы кезде оның барлық апелляциялық шағымдары мен арыздары аяқсыз қалып отыр. Енді оның соңғы үміті тек Жоғарғы сотта.Қазір осы іспен айналысып жатырмыз.

Себебі, 20 миллион айыппұлды ол қайдан табады. Оның үстіне ол кәсібімен де айналысып отырған жоқ. Ешқандай дүние мүлкі де жоқ. Тек басында ипотекаға алған баспанасы ғана бар.


Атретхан Нияз бірнеше рет Рахат Әлиев пен генерал Курбатовтың оны бесінші қабаттан лақтырамыз деп қорқытқанын, Рахат Әлиев мөр салынған буманы қолына зорлықпен, үркітіп ұстатқанын, полицияға, барлық инстанцияларға жазғанымен, оны ешкім де тыңдамады.

- Армангүл ханым, өткен күзде Азаттық радиосына берген сұхбатында Рахат Әлиевтің әріптесі Әлнұр Мұсаев Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтер қайда болуы мүмкін деген сұрағымызға оларды соңғы рет тірідей көргендер Әділбек Жақсыбеков (сол кезде президент әкімшілігінің жетекшісі) пен ҰҚҚ төрағасы Амангелді Шабдарбаев деген еді.


- Иә, иә. Ол телефон сөйлесуі туралы айтып отыр. Ол телефонмен болған әңгімеде Әділбек Жақсыбеков және Амангелді Шабдарбаев оларды жай сөз арасында қыстыра кетеді.(Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты) Егер есіңізде болса, ол бір өзі түсініксіздеу уақыт еді ғой, ешкім де бұл былыққа басын тыққысы келмей, соңын күтіп отырған еді.

Кім біледі, бұл телефон әңгімелері қиылып тасталды ма, немесе басқаша жасалды ма, белгісіз ғой. Әлде қалай? Оның үстіне, адамдар түсініксіз бірдеме міңгірлесе, ол оларды (Жолдас пен Айбарды) көрді немесе солармен әңгімелесті деген сөз емес қой. Олар тек күйеуім туралы айтқанда «қорқынышты оқиға» ретінде еске алады. Бар болғаны сол ғана.

Олар [Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев] бар кінәні басқаларға артқысы келеді. Алайда барлығы бірауыздан Жолдас пен Айбарды Рахат Әлиев өзі қорқытып, өзі ғана бір жаққа алып кеткенін мәлімдеп отыр.

Рахат Әлиев фактілерді бұрмалап отыр. Байқасаңыз, ол өзі атасымен өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалған соң араздасқанын айтады. Ал іс 9 мамырда қозғалған. Ал Рахат Әлиев болса, «араздасқанын», «қайсы бір орынға таласқанын» меніңше, 26 мамырда айта бастады.

Бұл оның фактілерді шынымен бұрмалап отырғанын көрсетеді.
Ол осы қуғындау мен өзіне қарсы қылмыстық істің президент-атасымен арада болған «ашық әңгімесінен» кейін болғандай етіп көрсеткісі келеді. Алайда, ол одан бұрынырақ басталған еді.
Сәуір айында ғана біздің пайдамызға шешілетін бір істің тергеліп жатқанынан хабардар болдық.

- Демек, сіздің Рахат Әлиевтің ісіне қатысты сот шешіміне ешқандай күмәніңіз жоқ қой?

- Ешқандай күмәнім жоқ. Сіз білсеңіз, біз Жолдастың апасы екеуіміз күн сайын таңертең шетел елшілігін, ЕҚЫҰ, біздің мекемелерді аралағанбыз. Әр күніміз осылай басталып, күн сайын «Иә, түсінеміз, кім ол өзі» деген сөздерді естумен болдық.

Сол Еуропалық комиссияның өзінде бізге «Иә, біз білеміз, Рахат Әлиевтің кім екенін» деді. Сол уақытта Қазақстанда жүрген Еуропалық комиссия елшісінің өзі Астанада осы мәселені көтеріп, қатты қобалжып, «Сіздер әлі күнге дейін неге кетпей жүрсіздер, әлі күнге дейін неге отырсыздар, ол дегеніңіз нағыз қорқынышты адам ғой» деп алаңдаушылығын білдірді.

Біз оған кете алмайтынымызды, кез-келген уақытта Жолдас пен Айбар оралуы мүмкін екенін айттық. Бәрі де Рахат Әлиевке қарсы болды. Меніңше, сол кезде ол бәрін де ығыр қылып біткен еді.

- Армангүл ханым, Әлнұр Мұсаев почта арқылы президент әкімшілігі басшысына және ҰҚК төрағасына Әділбек Жақсыбеков пен Амангелді Шабдарбаевтың Жолдас Темірәлиевтің жоғалуына қатыстылығын дәлелдейтін әлдеқандай бір құжаттарды жібердім деді емес пе? Осыған байланысты Сіз немесе туыстарыңыз Әділбек Жақсыбеков пен Амангелді Шабдарбаевпен хабарласқан жоқсыздар ма?


- Неге сол Әлнұр Мұсаев ол құжаттарды бізге көрсетпейді?
Біз осыған қол жеткізе алмай жүрген жоқпыз ба? Қаншама рет Жолдастың әкесі Венаға барып келді. Қаншама рет Рахат Әлиевтің туыстарына барды. Оларға бір ықпалы бола ма деп.

Бізге өзге ештеңе керек емес. Біздің күйеулерімізді босатса, біз олардан аулақ жүрер едік. Тіпті ізіне түсу де ойымызда жоқ.

- Сонда да, Армангүл ханым, айтыңызшы, сіздер Әділбек Жақсыбеков пен Амангелді Шабдарбаевқа түсінік беру үшін хабарласқан жоқсыздар ма?

- Хабарластық. Амангелді Шабдарбаевпен Жолдас Темірәлиевтің әкесі жолықты. Шабдарбаев маңайына жолатпағаны өз алдына, «құлағынан тартып алған дәлелдеріңіз» тек телефон әңгімелерінен ғана шыққан деді.
Олар [президент әкімшілігі, ҰҚК] Жолдас пен Айбарды жарыққа шығарып, Рахат Әлиевке қарсы уәждерін тыңдар ма еді дегендей ойларын білдірді.

Қорыта келе айтарым, Рахат Әлиев қашып кеткенмен «рахатовшылдық» деген қорқынышты түсінік жойылып кетпейді.
Себебі, шындығында, Рахат Әлиев сияқтылар ойына не келсе соны істеуге дағдыланғандар. «Оның қолынан келген менің қолымнан келмей ме?!» деген ойдағы сұрқиялар жазадан қорықпайды.

Жаман әдет жұққыш қой. Ол елдегі өзінің мәртебесінің арқасында қолына тиген барлық «игіліктерді» асыра пайдаланғаны даусыз.

Біз мұндай істердің жаңғырығын әлі талай еститін боламыз. Рахат әлиевшілер тарихы мұнымен бітпейді.

- Рахмет, сұхбатыңызға, Армангүл ханым.

РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ ЕРЕКШЕ ПІКІРІ

Армангүл Капашевадан сұхбат алысымен біздің тілшілерімізге Рахат Әлиевпен хабарласу сәті түсті.
Рахат Әлиев Азаттық радиосының бірқатар сұрақтарына жауап беруге келісім берді.

- Қарама-қайшылыққа толы драмалық оқиғаның өріс алғанына да екі жыл болды. Көпшілікті екі адам қайда кетті деген сұрақ толғандырады. Екі жыл өтсе де, неге осы сұраққа жауап жоқ. Осы туралы Сіз не айтасыз?

- Мені «Нұрбанктің» жоғалған екі қызметкерінің тағдырымен катар басқа да сұрақтар мазалайтынын айтқым келеді.
Рахат Әлиев ЕҚЫҰ-да елщі боп тұрған кезі, 30сәуір 2007 жыл.


Екі жылдан бері ізім-қайым жоғалған журналист Омарғайша Омаршанова туралы да білгім келеді. Осы сұрақтарды мен президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, оның қол астындағы адамдарға, атап айтқанда, ҰҚК төрағасы Аман Шабдарбаевқа және президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Әділбек Жақсыбековке арнағым келеді. Олар телефон әңгімелерінде «Нұрбанктің» осы адамдарының бірі және оның тағдыры жөнінде айтты.

Әлгі әңгімеде Әділбек Жақсыбеков өзінің бастығымен ақылдасып алғаннан кейін осы мәселеге қайтып оралатынына уәде етеді. Телефон арқылы болған осы сөздердің жазбасын маған ҰҚК нің арнаулы ақпараттық қызметінің бұрынғы директоры Жомарт Мажренов берді. Өкінішке қарай, ол 2008 жылы 8 шілдеде ҰҚК тергеу изоляторында белгісіз жағдайда көз жұмды.
Айтпақшы, генерал Жомарт Мажреновтың қандай жағдайда, қалай өлгені туралы әлі күнге дейін мәлімет жоқ. Мен оған да алаңдаулымын. Мен БАҚ арқылы «Нұрбанктің» екі қызметкерінің тағдырын анықтауды сұрағаным естеріңізде болар?

Мені алаңдататыны, президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің саяси мақсаты үшін маған және менің әріптестеріме қарсы фальсификация ма, фабрикация ма сол сияқты бар мүмкіндікті пайдаланады. «Нұрбанк» ісі және де әскери трибунал осының дәлелі.
Мені қазір Қазақстанда Серік Бүркітбаевқа, Хорватияда бұрын консул болған Мырзахан Салықбаевқа және тағы сол сияқты менің достарым мен менімен қызметтес болған әріптестеріме қарсы, сонымен бірге кейбір жерлерде президентке қатысты «басқаша сөйлеп қойған» қарапайым тәртіпті азаматтарға қарсы жүріп жатқан жабық соттар да алаңдатады.

- Сонымен, сіз өзіңіздің екі банкирді тірідей соңғы рет көргендер Амангелді Шабдарбаев пен Әділбек Жақсыбеков деген ойыңыздан танбайсыз ғой? Сізді солай түсінеміз бе?

- Президент Назарбаев пен ҰҚК «Нұрбанкке» қатысты істермен әуел бастан таныс болды. Маған қатысты қылмыстық істі төрт ай өткеннен кейін ғана, онда да мен БАҚ беттерінде президент Назарбаевтың өмір бойына президенттікте қалу мақсатымен жасаған конституциялық түзетулеріне қарсылығымды ашық білдіргеннен кейін қозғағанына да сену қиын.

Президент Конституцияға өмір бойына президент болуға, президент ретінде қайта сайлана беруге мүмкіндік беретіндей етіп өзгертулер енгізді.

- Демек, сіз негізінен, өзіңіздің қоластыңыздағы веб-сайтта жарияланған сол аудиофайлға сүйенесіз ғой. Басқа да файлдар болды. Мұндағы әңгіме президенттің өзінің сөзі мен маңайындағылардың әңгімесі делінетін, сіздің қолыңызға, өзіңіз айтқандай, марқұм генерал Жомарт Мажренов арқылы түскен жазбалар ғой?

- Әрине. «Сыртай өткізілген, Назарбаевтан тәуелсіз» делінетін сот екі жыл өткеннен кейін жарияланған шешімінде ҰҚК мен ІІМ маған қарсы жапқан жалаларының заттық айғақтарын жеті күннің ішінде жоқ қылып, жойып жіберу керектігін арнайы атап көрсеткен деп есептеймін. Ең бастысы, судьялардың бұл шешімін интернетке жариялаған сот емес, Бас прокуратура. Бұл маған қарсы қолдан ұйымдастырылған таза жала.

Мұндай соттардың шешімдерін қалай түсіндіруге болады? Ешқандай да түсіндіре алмайсың. Осы да әділеттілік пе? Менің туыстарым маған туысқан болғаны үшін қылмыскерлер атанды.
Менің әкем атақты ғалым және қоғам қайраткері Мұхтар Әлиев елден қуылды. Менің немере бауырымды шартты түрде бас бостандығынан айырды. ҰҚК қызметкерлері құжатты қайта тіркету деген желеумен шешемнің қолындағы төлқұжатын алдап алып, қолына бермей, Қазақстаннан шығармай отыр. Қазір ол Алматының аэропортынан әрі аса алмайды.

Қазақстандықша болған соттардың шешімдерін түсіндірудің мағынасы жоқ. Судья жоғарыдан түскеннен бөлек үкім шығарып көрсінші, сол мезетте Кұсмұрын түрмесінен бір-ақ шықсын.

ҰҚК МЕН ІІМ-нің ТҮСІНІКТЕМЕЛЕРІ

Рахат Әлиевтің сұхбатынан соң Азаттық радиосының тілшілері Қазақстанның ҰҚК нен түсініктеме алды. Астанадан телефон арқылы ҰҚК нің баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров Жолдас Темірәлиев пен Айбар Жолдасовты іздеу жұмыстарымен ІІМ айналысқан, әлі де айналысуда деді. Кенжеболат Бекназаров былай дейді:

- Біріншіден, «Нұрбанк» ісімен Ішкі істер министрлігі айналысқан. Ондағы дәйектер қайшылықтарға толы. Ал, Әлнұр Мұсаевтың айтқандары болған оқиғаға жанаспайды.

Тергеу материалдары бойынша, соңында, екі банкирдің тағдыры қолына қараған Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев болып шықты.

Мынандай тұжырымдамаларының бәрі де кінәні біреуге арту үшін жасалып отыр. Бұл мағынасы жоқ және өрге баспайтын іс. Мұсаевтың айтқандарының барлығы да бос сандырақ! Егер олардың айғақтары болса, келулері керек еді, сотта дәлелдер келтірулері керек еді.

Рахат Әлиевтің генерал Жомарт Мажреновтың белгісіз қазасы туралы айтқанына орай, ҰҚК баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров: «Тексеру жүргізіліп, өзін - өзі өлтіргені туралы факт дәлелденген» деген жауап берді.

Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың жоғалған екі банкирді соңғы рет Жақсыбеков пен Шабдарбаев көрді дегендеріне байланысты Азаттық радиосы Қазақстанның Ішкі істер министрлігіне сауал қойды. «ІІМ тергеу орындары бұрынғы президент әкімшілігі жетекшісі мен ҰҚК төрағасына жоғалған екі банкирге қатысты Рахат Әлиевтің версиясына байланысты мәселе қарады ма?»- деген сұрағымызға ІІМ баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов былай деді:

- Жоқ, әрине. Себебі, тергеу жұмыстары екі банкирді ең соңғы рет Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев және Вадим Кошляк көргендерін дәлелдеді. Оған куәгерлер де, фактілер де бар.Тергеушілер әртүрлі жолдарды қарап көргенімен, түбінде осыған тоқтағаны сіздерге мәлім болар.

-Бағдат мырза, қазіргі кезде ІІМ тергеу орындары жоғалған банкирлерді іздестіру жайында қандай жаңа мәліметтер бере алады?

- Тергеушілердің белгілі бір нәтижелері бар болғанымен, ол осыдан бір жыл бұрынғыдан өзгере қойған жоқ. Сол соңғы рет көргендер Рахат Әлиев, Әлнұр Мұсаев және Вадим Кошляк. Көргендердің айтуынша, солар машинаға отырғызып, екі банкирді белгісіз жаққа алып кеткен. Дегенмен, біз де адамбыз ғой, үмітіміз мол, тірі шығар, бір жерден шығатын шығар деп ойлаймыз. Бірақ, күннен –күнге осы үміттің өзі де көмескіленіп бара жатқандай.
XS
SM
MD
LG