Accessibility links

Журналистік ұйымдар интернетті реттеуге арналған заң жобасының Конституцияға қайшы келетінін айтады


Бүгін Астанада Қазақстан парламенті мәжілісінің жұмыс тобында алғаш рет талқыға түскен интернеттегі веб-сайттарды реттеуге арналған заң жобасын елдегі бірқатар журналистік ұйымдар Алматыда тағы да сынға алды. Олар Үкімет дайындаған бұл жоба интернетке толықтай цензура орнатуды көздейді және оның баптары ел Конституциясына, сондай-ақ Қазақстан 2005 жылы бекіткен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қайшы деп мәлімдеді.

- Көршілес Қытай елінің «алдымен экономика, тек содан кейін ғана саясат» деген ұранын дамудың үлгісі ретінде ылғи алға тартып жүрген біздің билік, енді интернетке қатысты да Қытайдың әдіс-тәсілдерін басшылыққа алып отыр. Ал интернеттің Қазақстандық бөлігін дамыту туралы айтатын Үкімет бұндай заңмен ешқашан оны дамыта алмайды, - деді Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев.

Қазақстанның Ақпараттандыру және байланыс агенттігі әзірлеген «Қазақстан Республикасының ақпараттық-коммуникациялық желілерінің мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында интернеттегі сайттардың (блогтар, чаттар, форумдар, интернет-дүкендер, электрондық кітапханалар және т.б.) барлығына бұқаралық ақпарат құралдарымен тең дәрежеде азаматтық, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жүктеу көзделген.
XS
SM
MD
LG