Accessibility links

Мемлекет «Самұрық-Қазына» қоры арқылы «БТА Банктің» негізгі акционері атанды


«БТА Банктің» кеңсесі. Алматы. 2 ақпан, 2009 жыл.
«БТА Банктің» кеңсесі. Алматы. 2 ақпан, 2009 жыл.

Сонымен актив қоры бойынша ТМД аумағында алдыңғы орын алатын «БТА Банктің» акциялық бақылау пакеті мемлекет қарамағына өтті. Банктің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы М.Әблязов тарапынан «мемлекеттік рейдерлік» деп бағаланған бұл өзгерісті сарапшылар қалай бағалайды?

Банктің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы М.Әблязовтың мәлімдемесі жарық көрген күні яғни, ақпанның 2-сінде банктің жаңа басшылығы ақпарат құралдары арқылы жұртшылықты тыныштандыруға тырысқан еді.

- Барлық банк секторлары үшін қазір жағдай өзгеріп барады. Мемлекет уәде еткен көмек әр банкте әрқалай формада көрінуде. Жұртшылықты, салымшыларды, шетелдік инвесторларды тыныштандырайық,- деді банктің басқару төрағасының кеңесшісі болып тағайындалған Роман Солодченко. Банктің ақпарат құралдарына таратқан мәлімдемесіне сәйкес, үкімет мүддесін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры атқарады.
«БТА Банктің» жаңа басшылығы баспасөз-мәслихатында. Алматы, 2ақпан, 2009 жыл.


«29 915 425 жай акцияның қосымша эмиссиясы арқылы бір акция 8 401 теңгеге сатып алынады. Эмиссияның барлығын Үкімет “Самрұқ-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ арқылы сатып алады, осылайша банк 251 319 485 425 теңге көлемінде қосымша капиталға ие болады» делінген банктің ақпарат құралдарына берген мәлімдемесінде.

Ақпанның 2-сі күні премьер- министр Үкіметтің кеңейтілген отырысында «БТА Банкке» 1,7 млрд доллар бөлінгенін айтты. Банктің директорлар кеңесінің мүшесі Арман Дунаев «мемлекет Қазақстандағы жүйе құрушы қаржы институты болып табылатын және шикізаттық емес секторды несиелендіруде зор рөл атқаратын “БТА Банкі” АҚ-ына әрі қарай да көмек көрсетуді жоспарлап отыр» деді.

- Не өзгерді? Бір акционер келіп, бір акционер кетті. Ал банктің саясаты, стратегиясы бұрынғыша қала береді. Қайталап айтайын, мемлекеттің банктің капиталына қосылуға құлқы болған жоқ. Жағдай солай болып тұр. Бұл жаман ба деп сұрайсыздар? Ал мемлекет оларға қолдау көрсетпесе одан да жаман болмай ма?

Бір қарағанда шарасыздық болып көрінген үкіметтің бұл қадамын сарапшылар әрқалай бағалайды. Тіпті кейбір мамандар үшін бұл «Алма піс, аузыма түс» болып та көрініпті.

Экономист Қанат Берентаевқа бұл тұста үкіметтің позициясы түсініксіз.

- Бір қарағанда бұл АҚШ-та, Англияда, Германияда т.б елдерде мемлекеттің екінші деңгейдегі банктерді қолдауы сияқты шара болып көрінуі мүмкін. Бірақ Қазақстандағы жағдай мүлде өзгеше. Батыста банктердің дефолтқа ұшырауының салдарынан қаншама адамдардың зардап шегуі мүмкін екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана, мемлекет оларды «қолдау қажет пе, қажет емес пе» деген сауал қойысты. Бізде бәрі керісінше. Мемлекет банктерге өз көмектерін күштеп тықпалауда. Елдегі негізгі төрт банк мемлекеттен көмек сұраған жоқ. Бұған дейін аталмыш банктер «сыртқы қарыздарымызды өзіміз-ақ төлей аламыз» деп мәлімдеген еді. Мен бұл жерде мемлекеттің позициясын түсіне алмай отырмын.

Экономистің айтуынша, жаңа басшының келуімен бірге жаңа талаптар мен жаңа ережелер келмек.

- Дағдарысқа қарсы бағдарламада акцияны сатып алған мемлекет банктің операциялық жұмыстарына араласпайды деп жазылған. Шын мәнінде мемлекет өз саясатын жүргізуге тырысады, несиені кімге беру керек, пайыздық көрсеткіштері қандай болу керек т.б

Үкіметтің мұндай қадамынан экономист Ілияс Исаев саяси астар іздегенімен де, бұл істі оң бетбұрысқа бағалайды.

- Екінші деңгейдегі коммерциялық банктердің бақылау пакетін мемлекет алып жатса, одан біздің экономика ұтпаса, ұтылмайды. Дәл осындай қарбалас сәтте мемлекет банктердің капиталына қатысып жатса, одан біздің экономика ұтылмайды. Қазір банктер үшін қаржы ресурстарын табу қиындап кетті ғой. «БТА Банктің» активтерінің басым бөлігі сыртта. Сондықтан үкіметтің аталмыш банктің капиталына қатысуының астарында сыртқы экономикалық қатынас және экономикаға қатысты саяси мәселелерді асқындырмау мүдделері жатыр. Оның ТМД аумағында стратегиялық нысандары көп. Оларды жоғалтпау керек.

Маманның айтуынша, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мен «Мемлекеттік даму» сияқты мемлекет меншігіндегі банктер қатары толықса, артық етпейді.

«БТА Банк» АҚ-ның 2008 жылғы үшінші тоқсанының қорытындысына сәйкес, банктің шоғырланған актив қоры 30.6 млрд долларды құрады. Жалпы қарыз портфелі 23,5 млрд долларға жетті.

«БТА Банктің» стратегиялық серіктес банктер желісі Ресей, Украина, Беларусь, Грузия, Армения, Қырғызстан мен Түркия елдерінде бар. БТА өкілдіктері Ресейде, Украинада, Қытайда, Біріккен Араб Әмірліктерінде және Ұлыбританияда жұмыс істейді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG