Accessibility links

Таразда оппозициялық партияның кеңсесі тоналды


«АЗАТ» партиясының Жамбылдағы филиалының кеңсесіне ұрлыққа түскен белгісіз біреулер кеңсені тонап, заттарды шашып кеткен. Бұл туралы Азаттыққа Жамбыл филиалының жетекшісі Якобжан Жүнісбеков хабарлады.

Оның айтуынша, бүгін таңертең жұмысқа келген филиал қызметкерлері есігі бұзып ашылған кеңсенің ішінде қағаз-құжаттар мен техниканың шашылып жатқанын көрген.

"Олар кеңседегі біраз құрал-жабдықтарды алып кеткісі келген болуы керек - есіктің жанына жинап қойған екен, бірақ бір нәрсе бөгет жасағанға ұқсайды, әйтеуір тек менің компьютерімді ғана алып кетіпті. Болған жайтты хабарлап дереу полиция шақырдық, олар кеңсені тексерді. Полицияға қылмыстық іс қозғау туралы арыз түсірдік. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал Мерхан Жаманбаев келіп, бұл істі өз бақылуына алатынын айтып уәде беріп кетті. Менің компьютерімде сондайлық маңызды, құпия деректер жоқ. Партия басшыларына жазылған хаттар мен партияның құжаттары ғана болған. Ал бұл тонаудың партияның іс-әрекетіне қатысты бар ма, жоқ па деген мәселені айту әлі ертелеу, бәрін тексеру барысы анықтайды», - деді Я.Жүнісбеков.

"АЗАТ" партиясы 21-ақпан күні Қазақстанның облыс орталықтарында үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп, наразылық митингілерін өткізетіндерін мәлімдеп отыр.
XS
SM
MD
LG