Accessibility links

Алматы әкімі ЖОО басшыларымен кездесті


Алматы қаласы әкімінің төрағалық етуімен жоғары оқу орындары басшыларымен бірлесе өткен кеңесте әкім оларды бірлесе жұмыс істеуге, түрлі мәселелерді ойласып шешуге, студенттердің әлеуметтік- тұрмыстық және қаржылық проблемаларын болдырмау жолдарын бірлесіп қарастыруға шақырды, — деп хабарлайды Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Кеңес барысында материалдық жағдайы төмен отбасылардан және ауылдан шыққан студенттердің материалдық жағдайы, оларға көмек көрсету, оқу орындарының техникалық жарақтануы, жастар арасындағы қылмыстың алдын алу, студенттік ортада оқу-тәрбие жұмыстарын жандандыруда құқық қорғау органдары мен университет әкімшіліктері арасындағы байланыс және басқа да мәселелер жан-жақты талданды.

Қала әкімінің назарынан бұрын жекешелендірілген студенттік жатақханаларда қазіргі кезде тұрып жатқан әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасылар да тыс қалған жоқ. Әкім жоғары оқу орындарының басшыларынан мұндай жанұяларға тұратын баспана табылғанша жатақханаларда қалдыруды сұрады.

«Жұртты далада қалдыруға әкімшілік жол бермейді. Ең алдымен, оларды қайда орналастыруды анықтап алғаннан соң ғана жатақханадан шығару туралы мәселе көтеру қажет», — деді Ахметжан Есімов.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG