Accessibility links

«Кришна санасы» тағы да сотқа тартылуы мүмкін


Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов Алматы облысы Қарасай ауданы Елтай округінде орналасқан «Кришна санасы» қоғамын тұрған орнынан әкімшілік бөлген жерге 1-наурызға дейін көшуді талап етіп отыр, олай болмаған жағдайда сот ісінің қайта басталатынын ескерткен.

Бұл туралы Азаттыққа түсініктеме берген Алматы қалалық «Кришна санасы» қоғамының төрайымы Галина Голоуздың айтуынша, қоғамдастық пен дін істері жөніндегі комитет және облыс әкімшілігі арасында 1-мамырға дейін өз мекен-жайларында тұру туралы келісім бар көрінеді. Әкім орынбасарының бұл талабы аяқ астынан туындап отырғанын айтқан Галина әкімшілік бөлген жердің қоқыс төгілген, лас екенін, сондай-ақ ол жерге шіркеу салуға мүлде болмайтындығын алға тартады.

«Біздің қазіргі тұрған жеріміз ешкімнің иелігінде жоқ, бос жатқан жер, оның үстіне біз 45 гектар жердің 5 гектарын ғана алып отырмыз. Әкімнің орынбасары «бұл жер Бағанашыл балалар үйіне бөлінді, сендердің кесірлеріңнен олар құрылыс бастай алмай отыр» дейді, қалған 40 гектар жерге тұрғыза бермей ме деген қарсы сауалымызға үн жоқ, біздің жайқалған бағымыз бен сиыр қорамыз да олардың көз құрты болып отыр. Бұл мәселеде жердің ешқандай құндылығы болып тұрған жоқ, олардың мақсаттары қоғамдастықтың көзін жою, оларға жоғарыдан осындай тапсырма берілген. Біз әлі де өзімізге лайықты жер іздестіріп жатырмыз, жерге бола соттасқымыз келмейді, өйткені сотта жеңіліп қалатынымыз айдан анық. Бұған дейінгі болған сот процестері кезінде сот қызметкерлерінің өздері заң жүзінде жұмыс істей алмайтындықтарын, тек қана жоғарғы жақтың бұйрығын орындап отырғандарын мойындаған. Бұл әдейі жасалып отырған іс деп білемін, әйтпесе әкімшілік талап еткен жердің діни орын жасауға келмейтіні, оның үстіне олар талап еткен уақытта 50 адам мен 30 шақты сиырымызды алып көшіп кете алмайтынымыз кім кімге де түсінікті жайт», — деді Галина Голоуз.
XS
SM
MD
LG