Accessibility links

Тахиржан Ахметов: Талабым уақытында орындалса, саусағымды кеспеймін


Бүгін Азаттық радиосына сот орындаушыларының әділетсіздігіне ұшырағанын мәлімдеп, оларға білдірген наразылығы ретінде сол қолының шынашағын кесіп тастаған кәсіпкер Тахиржан Ахметов хабарласып, соттар әкімшілігімен келісімге келгенін, енді олардың уәдесінің орындалуын екі ай күтетінін және осы уақытта талабы қанағаттандырылса, екінші саусағын кеспейтінін айтты.

«Менің ҚР президенті Н.Назарбаевқа жолдаған ашық хатыма жауап келді, осы бойынша менің талабымды қанағаттандыру мақсатында 17-ақпан күні мені Алматы қалалық соттар әкімшісі Бақтияр Өнербаев қабылдап, наразылық акциямды тоқтатуымды сұрап, талабымды орындайтынын айтты. Осының нәтижесінде 4 ай бұрын тәркіленген, 2 ай бұрын қайтарылуға шешім шығарылса да, қолым жетпей жүрген, көлігім қайтарылды. Қазір № 1 Бостандық аудандық соты талабымды қанағаттандыру туралы менің пайдама шешім шығарды, енді сот орындаушыларға осыдан 3 жыл бұрын орындауға тиісті жұмыстарын атқару ғана қалды. Екі ай шамасында сот шешімі жүзеге асады деп ойлаймын, олар бұған уәде берді, сондықтан екі айға менің наразылық акциям кейінге қала тұрады, яғни талабым орындалса, саусағымды кеспеймін. Үш жыл бойы жүзеге аспай, жүйкемді жұқартқан шешімнің шығарылуына қосқан үлесі үшін БАҚ алғыс білдіремін, осы уақыт аралығында менің талабыма қатысты ешқандай әрекетке бармай отырған соттар әкімшілігінің менің пайдама шешім шығаруына журналистердің қаламы зор ықпал етті», — деді кәсіпкер Тахиржан Ахметов.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Тахиржан Ахметов өзіне қатысты әділетсіздік жалғаса беретін болса оң қолының шынашағын кесетінін айтып, ҚР президенті Н.Назарбаевқа ашық хат жолдаған. «Конституцияның кепілі президентке менің хатым жетер болса, сол арқылы сот шешімі бойынша шара қолданылар деген үміттемін. Ал егер азаматтық құқығым бұдан әрі тапталатын болса, 23- ақпан күні жұртшылықтың алдында екінші саусағымды кесемін, егер ол да көмектеспесе, қарсылық ретінде өзімді-өзім өртеймін», — деген еді Т.Ахметов.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG