Accessibility links

Қырғызстан мәскеулік адам құқын қорғаушыны елге кіргізбей қойды


Ресейдің адам құқын қорғаушы Мемориал тобының басшысы Виталий Пономарев Мәскеуден Бішкек әуежайына қонғанда, Қырғызстанның қауіпсіздік ресмилері оны кері қайтарып жіберген. Мемориал тобының Орталық Азия елдері бойынша бағдарламасының жетекшісі Пономарев Бішкекке адам құқын қорғаушы топтардың даулы сот ісіне қатысты баспасөз мәслихатына қатысуға барған. Пономаревтің айтуынша:

“Менің ойымша, мені Қырғызстанға кіргізбеуінің бір себебі - біздің ұйым қаңтар айының соңында Ноокаттағы оқиға туралы жариялаған баяндамаға қатысты болып отыр. Онда адам құқы бұзылып, азаптау мен қудалаулар, қылмыстық істерді қолдан жасаған жағдайлар туралы айтылған. Менің пікірімше, олардың ішінде Ноокаттағы қауіпсіздік қызметінің заңсыздықтарын тергеуге қарсы қауіпсіздік қызметінің жоғарғы ресмилері бар”.

Енді Пономарев өзін депортациялағанға байланысты Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевке шағымданатынын айтып отыр. Мемориал тобының бүгін таратқан хабарламасында, қырғызстандық журналистердің Виталий Пономаревке Қырғыз жеріне келуге 5 жылға тыйым салынған, ол туралы ақпанның 24-де ұлттық қауіпсіздік комитеті нұсқау берген деп жазып жатқаны келтірілген.
Қырғызстандық құқық қорғаушы белсенділер Пономаревтің елге кіргізілмей қайтарылуын айыптады.

XS
SM
MD
LG