Accessibility links

Мұхтар Әблязовқа халықаралық іздеу жарияланды деп хабарланды


«БТА банктің» директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов пен басқарма төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Жарымбетовке қарсы қылмыстық іс ашылды, деп хабарлады ҚазТАГ агенттігі бейсенбі күні кешке. Ресми орындар әзірге бұл ақпаратты растаған да, теріске шығарған да жоқ.

Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қос банкирге қарсы қозғалған қылмыстық іс прокуратураға тапсырылып, екеуіне интерпол арқылы халықаралық іздеу жарияланған.

«Бас прокуратураның баспасөз қызметі бұл мәселе бойынша ешқандай ақпарат бере алмайтынын айта отырып, бұл ақпаратты растамады да, не терісе шығармады да» делінген ҚазТАГ-тың ақпаратында.

Бұдан екі күн бұрын Қазақстандағы оппозициялық басылымдардың бірі – «Республика» газеті, Мұхтар Әблязовтың жалға алып тұрған үйіне қаржы полициясы, бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитет өкілдерінің тінту жүргізгені туралы жазған болатын.

Ақпанның 2-сі күні Астанада өткен үкімет отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімов «БТА Банк» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы М. Әблязов пен басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ж.Жарымбетовтың қызметтерінен кетірілгенін хабарлаған-ды.

Сол күні М.Әблязов интернет арқылы жариялаған мәлімдемесінде үкіметтің бұл қадамы - «мемлекеттік рейдерлік», ал шенеуніктерге «экономикалық біліксіздік пен саяси көрсоқырлық танытып отыр» деп баға берген.

XS
SM
MD
LG