Accessibility links

Қарағандыда қазыналық кәсіпорнының бұрынғы директоры сотталды


Қарағанды облыстық прокуратурасының қарсылығы бойынша «Санитарлық-эпидемиологиялық орталық» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бұрынғы директоры Серафим Мартыновқа қатысты сот үкімі өзгертілді.

Директор С. Мартыновқа қатысты қылмыстық істі қызмет бабын асыра пайдаланып, аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен облыстық ҰҚК департаменті қозғаған еді. Тергеу материалдары бойынша, С. Мартынов қызмет бабын пайдаланып, мемлекеттік сатып алу тендерлерінің қорытындысына ықпал жасаған. Сөйтіп, егеуқұйрыққа қарсы себілетін удың 16 млн теңгесін әйелі құрылтайшысы болып табылатын жеке фирманың пайдасына алып берген.

Тендер қорытындысына қарсы талап білдірген тағы бір қатысушы фирманың өкілдерінен С. Мартынов мәселені шешу үшін 1 млн 200 мың теңге сұраған. Аталған ақшаның жартысын алу барысында С. Мартынов пен делдалды ҰҚК департаменті қолға түсірді.

Қамауға алынған директор тергеу мен алғашқы инстанциядағы сот нәтижесінде 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл төлейтін болып, сот залынан босатылған.

Сот үкімімен келіспеген облыстық прокуратура үкімге қарсы апелляциялық шағым түсірді. Апелляциялық алқаның қаулысымен үкім өзгертіліп, С. Мартынов 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
XS
SM
MD
LG