Accessibility links

Тәуелсіз журналистер наразылық шарасын өткізді


Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бүгін Алматы қалалық сотының алдында қазақстандық тәуелсіз басылымдардың журналистері мен бас редакторлары және сөз бостандығын қорғайтын ұйымдардың өкілдері наразылық шарасын өткізді.

Шара барысында олар «Тасжарған» газеті мен журналист Алмас Көшербаевқа 30 миллион теңге айыппұл салу туралы Медеу аудандық соты шығарған шешімнің ақылға қонбайтындығын жеткізді.

«Соттар қарапайым тұрғындар құқын қорғау қажет. Алайда қазіргі соттар керісінше, биліктің мүддесін қорғап отыр», — деді шараға қатысушылардың бірі, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай.

Өздерін құқық органдарының қызметкерлері ұстап, әкімшілік жауапқа тартатынына алдын ала дайындалып келген наразы топты қалалық соттың өкілі Раушан Әділбаева қабылдады.

«Әділ сөз» халықаралық ұйымының президенті Тамара Қалеева: «Бұл, әрине, жағымды жағдай, дегенмен сот өкілінің біздің бұл наразылығымызды сот шешіміне ықпал ету болып табылады деген пікірімен еш келісе алмаймын. Сондықтан, біз бұл мәселені әлі де көтеретін боламыз», — деді.
XS
SM
MD
LG