Accessibility links

Үлескерлер депутат Олег Намға қарсы талап-хатты Алматы мәслихатына табыс етті


Бүгін бір топ үлескер Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «KUAT» корпорациясының президенті Олег Намның депутаттық мандаттан бас тартуын талап етіп 21 мың адамның қолы қойылған хатты Алматы қалалық мәслихатына тапсыруға келді. Олардан талап хатты қабылдап алуға мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы Виктор Бөлекбаев шықты.

«Сіздер қолданыстағы сайлау туралы заңнан бейхабар секілдісіздер, себебі, ол заңда депутатты кері шақырып алудың мұндай тәртібі белгіленбеген», - деп өз пікірін білдірген В.Бөлекбаев, дегенмен, келгендерден талап-хатты қабылдап алды.

Талап-хатқа қол жинауға үлескерлермен бірге оппозициялық «Азат» партиясының, «Талмас» қоғамдық қозғалысының белсенділері атсалысты. Бұның алдында, наурыздың 4-і күні, осы хатты мәслихатқа алып келген үлескерлер оны тапсыра алмай кеткен еді.

Үлескерлер өздеріне үй салып бермек болып ақша жинап алған «KUAT» корпорациясын алаяқтық жасады деп айыптап, жауапқа тартуды талап етіп келеді. Ақпан айының басында Қаржы полициясы «KUAT» корпорациясының басшылығына қарсы қылмыстық іс қозғағаны туралы хабарлаған болатын.

Олег Нам ол істің жабылатынына сенімді екендігін білдірген-ді.
XS
SM
MD
LG