Accessibility links

Екі жылдан кейін İİМ-нің жүйесінде журналист Омаршанованың жоғалуына қатысты істің өзі де жоғалып кетті


Журналист Оралғайша Омаршанова. 2007 жыл
Журналист Оралғайша Омаршанова. 2007 жыл

2007 жылдың наурыз айынан бері журналист Оралғайша Омаршанова хабар-ошарсыз кетті. Оның жоғалуы кәсібіне қатысты деген де болжам айтылады. Ал Оралғайша жұмыс істеген газеттің өзі жабылып, редакторы түрмеге отырғызылған.

2007-інің көктемі: Жезқазғандағы «Қазақмыс» компаниясы төңірегіндегі сегіз күн, Қарағандыдан сатып алынған тапанша, Астанада зарыға күткен отбасы, Қазаткомға сапар және Алматыдағы белгісіз қара мәшине...

Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық тақырыбын зерттеуші, «Закон и правосудие» газетінің тілшісі Оралғайша Омаршанованың [шығармашылық псевдонимі - Оралғайша Жабағтайқызы] 2007 жылдың наурыз айының соңында із-түзсіз жоғалды.

ОРАЛҒАЙША ОМАРШАНОВАНЫҢ СОҢҒЫ ЖҮРГЕН ЖОЛДАРЫНЫҢ İЗİМЕН

Туған-туыстары мен әріптестерінің айтуынша, журналист 2007 жылғы наурыз айында бірнеше өткір қылмыстық істердің ізімен Қарағанды, Жезқазған, Алматы және Астана қалаларында жұмыс істеген. Оралғайшаның жүрген жолдарын рет-ретімен қарайтын болсақ, алдымен ол наурыздың 9-ы күні Жезқазған қаласына барады. Бұл қалаға журналист Бақытгүл Шақпұтованың туған ағасы, І-ші топтағы мүгедек Сағит Шақпұтовтың тапсырыспен өлтірілуіне қатысты қылмыстық істі зерттеу үшін барған.


Оралғайшаны журналистік зерттеу жүргізу үшін 2007-нің көктемінде Жезқазғанға шақырған - Бақытгүл Шақпұтова. Дәлірек айтатын болсақ, алдымен Бақытгүл «Закон и правосудие» («ЗиП») газетінің бас редакторы Тоқберген Әбиевпен кездесіп, сыбайласқан жемқорлықпен күрес тақырыбын зерттеуші басылымның көмегі қажет екендігін өтінген.

Бұл қылмыс 2006 жылы қарашаның 28-і күні Жезқазған қаласында орын алған. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінде тіркелген мәлімет бойынша, түнгі сағат 12 шамасында Сағит Шақпұтовты өз үйінің алдына келіп тоқтаған көлікте отырған жерінде белгісіз біреу оған жақындап келіп, бірнеше оқ жұмсау арқылы атып өлтірген. Кісі өлімінен кейін шамамен 5 сағат өткенде жергілікті полиция Вита Махмахановты ұстайды.

Қазақстанның құқық қорғау органдары Сағит Шақпұтовты «Қазақмыс» компаниясының миллиондаған қаржысына ортақтасушы қылмыстық топтың басшысы ретінде таныстырады. Айта кетерлік жайт, әскер кезінде жарақаттанып мүгедек арбаға жегілген Сағидың республикадағы ең ірі өндіріс компанияларының бірінде қара бизнесті басқарып, соның нәтижесінде «Қазақмысқа» қанша қаржы зиян келтіргені туралы ақпаратты ішкі істер өкілдері Шақпұтов өлтірілгеннен кейін барып жариялай бастады.

Бақытгүл Шақпұтованың өзі мұның бәрін ағасына жағылған жала ретінде бағалап, Оралғайшаның өзі Сағиды (Сағит Шақпұтов) «ХХІ ғасырдың Робин Гуды» деп атағандығын алға тартады. Журналист Оралғайшаның соңғы жарық көрген екі мақаласының бірі - «В чем связь между убийством инвалида и хищениями в корпорации Казахмыс?» атты «Закон и правосудие» газетінде наурыздың 7-і күні жарық көрген зерттеу материалы сөз болып отырған кісі өлтіру қылмысы тақырыбына арналған.

ОРАЛҒАЙША МАЛОВОДНОЕ АУЛЫНДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС ТУРАЛЫ РЕПОРТАЖЫНАН КЕЙİН ЖОҒАЛДЫ

Жезқазғандағы сегіз күнге созылған сапарынан соң Оралғайша мен Бақытгүл Алматы облысындағы Маловодное қыстағына келген. Себеп - Қазаткомдағы оқиғаның жай-жапсарымен танысу ғана емес, сонымен қатар, Сағит Шақпұтовты өлтірген деген күдікпен іске тартылған Вита Махмахановтың қайда екендігін анықтау (ҚР Қылмыс кодексінің 96-бабы бойынша күдіктінің үй қамауына босатылуы ілуде бір болса да кездеседі).

2007 жылы наурыздың 18-і күнгі қанды қақтығыс кезінде Вита Махмаханов Қазаткомдағы ағасының үйінде үй қамауында отырған.

Сол кезде ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов күдіктінің үй қамауына босатылуын полицияның прокуратура алдындағы дәрменсіздігі деп түсіндірген болатын:

"Кісі өлтірген деген күдікпен полиция Вита Махмахановты ұстады. Ал оны босату туралы шешімді прокурор қабылдады. Полиция болса прокуратураның айтқанын істейді. Өйткені ол құқық қорғау органдарының ең жоғарғы инстанциясы,"-деп мәлімдеген-ді İİМ-нің баспасөз-хатшысы.

Журналист Оралғайша 2007 жылы наурыздың 26-ы күні жарық көрген «Кровавый беспредел, или Кто стоит за братьями-махновцами?» атты соңғы мақаласында: «Кісі өлтірген деген күдікпен істі болған адам неге үй қамауында отыруы керек, әлде Ішкі істер министрлігінің Махмаханов үшін қорғаушы тағайындайтын ақшасы көп пе?» деген сауал тастаған-ды.

2007 жылы қыркүйектің 24-і күні Вита Махмаханов бұл іс бойынша күдіктілер қатарынан шығарылды. Айта кетерлік жайт, тергеу материалдарында көлік жүргізушісі оқ атқан кісіні көріп, оның атын атағандығы келтірілген, бірақ куәгер тергеу процесі барысында өз айтқандарын бірнеше мәрте өзгерткен.

Жоғарыда аталған мақала жарық көрген күні Бақытгүл Шақпұтова журналист Омаршанованың өміріне қауіп төнгендігін ҚР İшкі істер министрлігіне қарасты жеке қауіпсіздік департаментіне хабарлаған. Содан төрт күн өткенде Оралғайша жоғалды.

"Менің қасымда жүргенде Оралғайшаға біреу телефон соғып, «Жезқазғанда не жоғалтқаның бар, өлгің келіп жүр ме?» деп қорқытты. Ал мен одан «мынаусы несі?» деп шошына сұрағанымда, ол: «Қорықпай-ақ қой, психологиялық қысым көрсеткен түрлері ғой» деп жауап берді. Бірақ, содан секем алса керек, кейін ол маған қару сатып алғанын айтты. Оралғайша Жезқазғанда, Қарағандыда бірқатар адамдармен кездескен болатын. «Қазақмыс» туралы мақала жазамын деп еді. Сол мақала жарыққа шықпады – ол жоғалып кетті," - деді Бақытгүл Шақпұтова.

Оралғайша қаруды Қарағанды қаласынан сатып алып, оны Астанада тіркеткен. Содан кейін барып, яғни наурыздың 28-і күні журналист Алматы қаласына жолға шығады. Ертесіне жеткен Оралғайша қаладан пәтер жалдайды. Оны соңғы рет Алматы қаласында наурыздың 30-ы күні түс кезінде белгісіз бір қара көлікке мініп бара жатқанын көргендер бар.

Соның негізінде Алматы қаласының ішкі істер департаменті Оралғайша Омаршанованың жоғалуына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабына сәйкес адам ұрлау қылмысы бойынша іс қозғаған болатын.

ЕНДİ ОРАЛҒАЙШАНЫҢ ЖОҒАЛУЫНА ҚАТЫСТЫ İСТİҢ İЗİ АЛМАТЫ МЕН ТАЛДЫҚОРҒАН АРАСЫНАН ТАБЫЛМАЙ ТҰР

Бір жарым жылға жуық уақыт Оралғайшаны іздестіру ісінен жаңалық болмады. Тек 2008 жылдың соңғы тоқсанында ғана кісі ұрлау қылмысына қатысы бар деген күдікті пайда болды. ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, тергеушілер сөз болып болып отырған іс бойынша жалғыз күдіктінің артына түскен. Ол – көпшілік арасында «Серік Голова» деген атпен таныс, бұрын сотталған «дөкей» көрінеді.

Тергеушілер енді Оралғайшаның жоғалуына оның кәсіби қызметі емес, «Серік Головамен» арадағы жеке қарым-қатынасы себепкер деген болжамды алға шығарды.

Мұнымен қоса, соңғы мәрте Оралғайшаны Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының аумағында бір криминалдық авторитетпен көргендер бар деген әңгіме айтыла бастады.

Қалалық ішкі істер департаментінің тіл саясаты және ақпарат басқармасының бастығы Салтанат Әзірбектің хабарлауынша, журналисті ұрлау қылмысы облыс аумағында тіркелген.

- Алдын ала тергеу көрсеткендей, Омаршанованы өзге біреулер Алматы облысы төңірегіне алып кеткен. Оралғайшаны соңғы рет көрген жер Алматы облысы болып шықты. Соған байланысты бұл іс осыдан үш-төрт ай бұрын Алматы облысы ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына өндіріске жіберілді, - деді Салтанат Әзірбек.

Істің мән-жайын білмек болып, енді біз облыстық ішкі істер департаментіне бірнеше рет хабарласқанымызда, бұл мекеменің баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахмет қалалық департаменттен жоғалған журналист Омаршановаға қатысты ешқандай қылмыстық іс келіп түспегендігін мәлімдеді:
Алматы облыстық İшкі істер департаментінің баспасөз-хатшысы Көбейхан Нұрахмет.


- Бізде мұндай іс жоқ. Ондай іс келіп түспеген. Мен сіз хабарласқаннан кейін Алматыдағы әріптестерімізден нақтыладым, олар неге бізге жібердік деп айтады. Оралғайшаның жоғалғаны туралы істің бізге келіп түспегенін мен сізге бірден айтамын,-деді ол.

Журналист Оралғайша Омаршанова 1966 жылы туылған. «Закон и правосудие» газетінде бір жылға жуық уақыт жұмыс істеді. Ал журналистика саласына келместен бұрын ол ұзақ уақыттар бойы сотталған адамдардың құқығын қорғау бюросында қызмет атқарған. Тоғызыншы сыныпта оқитын қызы бар.

«ЗиП» - Қазақстандандағы Президент Назарбаевтың қылмысқа қарсы күрес саясатын қолдайтын, бірақ билік тарапынан қысымға ұшыраған бірегей басылым. Оралғайша жоғалып кеткен жылы газеттің бас редакторына қарсы әртүрлі сипаттағы қылмыстық істер қозғалды.

Ал 2008 жылы мамырдың 17-і күні қаржы полициясы Тоқберген Әбиевті «қаржы полициясына пара беру арқылы сот органының қызметін әшкерелуге талпынған» деген айыппен ұстады. Қазіргі күні ол түзеу мекемесінде отыр. Соған қарамастан, оның «Антикоррупционный вестник» (бұрынғы «ЗиП») газетінде сот органдарын сынайтын мақалалары үздіксіз жарияланып тұрады.
XS
SM
MD
LG