Accessibility links

Лондонда 20 мемлекет басшыларының саммиті өтіп жатыр


Ұлыбританияда 20 мемлекеттің басшылары дөңгелек үстөлге жиналды. Лондон, 2 сәуір, 2009 жыл.

Ұлыбританияда 20 мемлекеттің басшылары дөңгелек үстөлге жиналды. Лондон, 2 сәуір, 2009 жыл.

Әлемдегі өнеркәсібі дамыған және дамушы 20 мемлекеттің лидерлері соңғы ондаған жылдағы ең ауыр дағдарысқа қарсы тұрудың жолдары бойынша келіссөз өткізу үшін Лондонға жиналды. “Лондон саммитінен” бұрын қаржы жүйесін қадағалауды қатаңдату және экономиканы ынталандыруға бағытталған үкімет шығындарын тағы да өсіру қажеттігі күн тәртібіне шықты.

АҚШ президенті Барак Обама қаржы нарығын реттеу маңызды ма әлде экономиканы ынтыландыру маңызды ма? -еген мәселеге келгенде саммитке қатысушылардың арасында қарама-қайшылық туды деген жорамалды теріске шығарды.

Лондонға жиналған мемлекет басшыларын Ұлыбритания премьер-министрі Гордон Браун құшақ жая қарсы алып, алғашқы жүздесулері кезінде барлығының жүзі күлкі мен қуанышқа толы болды. Браун фототілшілер үшін әр қонағының қолын қысып, Франция президенті Николя Саркозиді тіпті жақын досындай арқасынан қағып қойды.

Енді олардың алдында тұрған басты міндет – бүкіл әлемді экономикалық дағдарыстан шығарудың бірлескен іс-шараларын және келешекте осындай ауыр да терең дағдарысқа жол бермеудің амалдарын ақылдасу.

Британ премьері Гордон Браунның қонақтар жиналған конференция залында айтқан кіріспе сөзі үміт пен сенімге толы көрінді. “Үлестіріліп жатқан құжаттың жобасында дәл қазір барлығымыздың арамызда бар уағдаластық пен келісімнің мәртебесі жоғары екеніне мен сенемін”, -деп мәлімдеді ағылшын премьері.

Лондонда бейсенбі күні басталған келіссөздің барысында 20 мемлекеттің басшылары күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша әлі бар қарама-қайшылықтарды жойып, ортақ пікірге келуге тиіс. Ол қайшылықтардың ішіндегі ең бастысы – ұлттық экономикаға қайта жан бітіру үшін үкімет жағынан бөлінетін шығындарды ұлғайту туралы АҚШ пен Ұлыбританияның ұсынысына Франция мен Германия қарсы шығып отыр.

Сонымен бірге ресми құжаттың “Рейтер” агенттігі алған жобасында экономиканы ынталандыру үшін тағы қосымша қаржы бөлу туралы кімде-кімнің нақты міндеттеме алатыны туралы ештеңе айтылмаған. Оның орнына Германия мен Франция қаржы нарығын реттеуді қатаңдату қажетігін алға тартады.

“Рейтер” агенттігі алған ресми құжаттың жобасында келешек қаржы дағдарысын алдын-ала аңғарудың жаңа жүйесін қалыптастыру мәселесі көрініс тапқан. Атап айтқанда, Халықаралық валюта қоры мен кез-келген қатердің алдын-алу үшін құрылатын жаңа құрылым – тұрақтылық бойынша Қаржы кеңесі туралы айтылады.

Қаржы нарығын қадағалауды күрт қатаңдату қажеттігімен АҚШ үкіметі де келіседі. Президент Барак Обама өзінің қаржы министрі Тимоти Гайтнерге осы айдың ішінде ірі 20 мемлекеттің барлығы сияқты қаржы жүйесін қатаңдатудың бірқатар шарасын қарастыруды жүктеді.

Алайда қаржы жүйесін бақылауға деген АҚШ-тың және Франция мен Германияның көзқарастарында айтарылықтай айырмашылық бар. Оның ішінде Франция мен Германия қаржы нарығын қатаң реттеудің жалаң сөз түріндегі, оның ішінде салық жеңілдіктерін береміз деген бос уәделерін емес, нақты іс-шарарын көргісі келеді.

Салық жеңілдігі – салық төлеуден жалтарғысы келетін алып компаниялар мен қаржы алпауыттарының ең басты тілегі. Оны сәрсенбі күні француз президенті Николя Саркози атап көрсетті.

Н.САРКОЗИ: – “Бұл жаңа әлем тұрғызудың мүмкіндігі. Біз 21 ғасырда тұрмыз. Қаржы жүйесін бүкіл 21 ғасыр бойында реттейтін негізді қалыптастыратын уақыт келді”.

Алайда өзге мәселелер бойынша уәжге келу қиындау көрінеді. Ұлыбританияның іскерлік министрі Питер Мендельсон Би-Би-Сиге берген сұхбатында мәлімдегендей, 20 мемлекеттің басшылары әлсіз елдерге көмек беру үшін Халықаралық валюта қорының қаржылық қорын айтарлықтай ұлғайтуға келісті.

Оған сәйкес, Халықаралық валюта қорының қаржысы 500 миллиард долларға дейін 2 есе және одан да көп есеге ұлғайтылуы мүмкін. Бұл мәселе бойынша келіссөз әлі жалғасады, бірақ Халықаралық валюта қорына бөлінетін қосымша қаржы негізінен сауда-саттықты ынталандыруға жұмсалатын тәрізді.

Лондонда, сонымен бірге, 20 мемлекет басшыларының саммитінің сыртында бірқатар екі жақты келіссөздер өтеді. Оның ішінде АҚШ пен Оңтүстік Корея президенттері Солтүстік Кореяның соғыс зымыранын сынауын жалғастыруына қалай жауап беру мәселесін талдамақшы. Ресми Пхеньянның бұл жоспары Вашингтонмен арадағы қарым-қатынасын суытып жіберді.

АҚШ пен оның осы аймақтағы одақтастары Солтүстік Корея зымыран сынағын ұзақ қашықтыққа соққы бере алатын зымыран технологиясын тексеру үшін пайдаланып отыр деп күдіктенеді.

Б.Обама Үндістан мен Сауд Арабиясының басшыларымен де кездесуді жоспарлап отыр.
Сәрсенбі күні Лондонда ғаламдануға, ауа райының құбылуына және соғысқа қарсы жаппай наразылық шеруі өтіп, оның барысында болған қақтығыстарда бір кісі қаза тапты. Бейсенбі күні одан да кең наразылық шеруі өткізу жоспарланған.
XS
SM
MD
LG